Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дұрыс па, бұрыс па?

Дұрыс па, бұрыс па?


БЕТІН СИПАҒАН МҰСЫЛМАНҒА ҰҚСАТЫП, «АЛЛАҺУ АКБАР», ЯҒНИ БІЗДІҢ ТІЛДЕ АЙТҚАНДА «АЛЛАҺ ҰЛЫҚ» ДЕП АТАНҒАН ЖҮК ТИЕГІШ КӨЛІКТІ ОСЫЛАЙ АТАҒАНЫМЫЗ ДҰРЫС ПА, ӘЛДЕ БҰРЫС ПА? ОНЫ БІЛУ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАР ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ САЙТЫН ПАРАҚтАП, АУДАН ИМАМДАРЫМЕН ТІЛДЕСКЕН ЕДІК.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ислам ғылымдарымен айналысып, қасиетті Құран құпияларын зерттеп жүрген, мұсылман емес ғалымдардың бірі Ван дер Ховеннің тұжырымы туралы оқыған едік. Ол мақалада психолог қасиетті Құранды оқуға және «Аллаһ» сөзіне қатысты жаңалық ашқандығын жария етті. Зерттеушінің айтуынша, арабша әріп танитын және үнемі Құран оқитын адамдар психологиялық ауруларға шалдықпайды екен.
Үш жыл бойы өзінің пациенттеріне зерттеу жүргізген ғалым мұсылман емес, арабша бір ауыз сөз білмейтін емделушілерге де арабша мәтінді оқытып отырған. Нәтижесінде, әсіресе сарыуайымға салынған адамдарға Құран мәтіндері қатты әсер еткендігін байқаған. Психологтың
пайым­­дау­ын­­ша, «Аллаһ» деген сөздің өзі психологиялық аурулардан айығуда үлкен рөл ойнайтын көрінеді. Бірінші «А» әрпі респираторлық (тыныс алу) жүйесінің жұмысына оң ықпал тигізеді. Одан кейінгі екі «л» әрпі тыныс алуға сәл іркіліс жасайды, бұның да денсаулыққа пайдасы зор дейді. Соңғы «һ» әрпі өкпе мен жүректі бір-біріне жанастырып, өз кезегінде, жүректің соғысын реттейді екен.
Бұдан өзге қасиетті Құран кәрімді зерттеп, ислам дінін қабылдаған ғалымдар туралы аз естіген жоқ едік. Тіпті, «Құраннан қате табамын» деп маңдайын сәждеге тигізіп, құлшылыққа бет бұрғандар туралы оқып, жаға ұстаған болатынбыз. Бұл туралы muslim.kz сайтында Мирас Кесебаевтың мақаласында былай
баяндалады.
Батыстың белгілі ғалымдарының бір тобы жиналып, қасиетті Құраннан қателік табуды ұйғарыпты. Нәтижесінде олар «Нәміл» сүресінің 18-аятына келіп тоқтайды. Онда былай деп жазылған: «Сүлейменнің әскері құмырсқалар алқабына келгенде, құмырсқаның басшысы: «О, құмырсқалар! Илеулеріңе кіріңдер, себебі Сүлеймен мен оның әскері сендерді сезінбестен жаншып, сындырып өтіп кетіп жүрмесін» дейді.
Ғалымдар осы аяттағы «яхтимәннәкум» сөзінің қолданылуы қателік деп шешіпті. Яғни, тура мағынасы «сындыру» дегенді білдіреді. Олардың дәлелі бойынша, құмырсқа – еттен тұратын жәндік. Яғни, ол сынбайды, керісінше мыжылады. Бұл аяттағы сындыру сөзінің орнына мыжылу сөзі қолданылу қажет дейді.
Арада екі жыл өтпей австралиялық биолог ғалымдар құмырсқаның денесін эксоскелетон деген жұқа шыны секілді қорғаныш қабаты қоршап тұратынын дәлелдеп шығады. Яғни, құмырсқаны байқаусызда басып кетсе, ол мыжылмайды, сынады. Міне, осылайша он
төрт ғасыр бұрын түскен құдайы кітаптың ғылымнан жоғары тұратыны, ғылымнан хабар бергені тағы да айқындалды.
Ендігі жерде кемшілік атаулыдан пәк болған Алла тағаланың есімімен жүк тиегіш тракторды атағанымыз қаншалықты дұрыс? Осы тұста кейбір кісілер «Амал ниетке байланысты» деген хадисті алға тартып, тракторды Аллаға теңеп жатқан жоқ. Жүк артқыш көлікке жалбарынып, құлшылық жасап жатқан жоқпыз дейді. Ал, бұны ауданның бас имамы Рахат Ахметов дұрыс емес деп есептейді. ««Аллаһу акбарды», қазақша мағынада «Алла ұлықты» үйге алып келіп, жер тегісте, болмаса, қоқысты тие дегеніміз жарамайды» дейді бас имам. Ол, зікір, жаратушы иеміз. Біз оған серік қосу­дан, яғни, ауыр күнә­дан сақтануы­мыз керек дейді. Жаратушы Иеміз шексіз рахым-мейірімімен пенделерінің түрлі күнәларын кешірсе де, өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді екен. Хақ Тағала мұны күллі адамзатқа Құран Кәрім аяттарында және Пайғамбары (с.ғ.с.) арқылы қатаң түрде ескертіп өткен. Сол себепті, біз бұдан аулақ болуымыз үшін әр нәрсені өз атымен атағанымыз жөн болар. Ал, Сіз бұл туралы не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
12 мамыр 2018 ж. 2 375 0