КӨШЕГЕ ҚАШАН СҮЙКІМ КІРЕДІ?
Әншейінде көзге түсе бермейтін елеусіз нәрседей көрінеді. Айтпағымыз – кент, елді мекендердегі көше атаулары жайлы. Бұл салада жүрген мамандардың жұмысы да көзге көріне бермейді. Алайда, қайнап жатқан жұмыс ономастикада екенін саланы жіті зерделегенде көңілімізге түйдік. Бұл орайда қадағалайтын басты нәрсе – атаудың дұрыс жазылуы мен белгілердің талапқа сай орналасуы. Көшеге аты берілген тұлғалардың есімі жазылған аншлагтар мен мекеме маңдайшаларындағы заңға қайшы келетін қателер талай рет ескертілсе де түбегейлі жойылмай келеді.
Елімізде ономастикалық заң қабылданғалы бері ауданның өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен қаншама тұлғалар ескеріліп, есімдері көше атауларына берілді.Одан бөлек, ұрпақтарының өтініші мен жергілікті қауымдастықтың ұсынысы облыстық ономастикалық комиссияның оң қорытындысына ие болғандары да жетерлік.
Елімізде ономастикалық заң қабылданғалы бері ауданның өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен қаншама тұлғалар ескеріліп, есімдері көше атауларына берілді.Одан бөлек, ұрпақтарының өтініші мен жергілікті қауымдастықтың ұсынысы облыстық ономастикалық комиссияның оң қорытындысына ие болғандары да жетерлік.
Тек соңғы жылдары ғана әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне кісі аттарын беруге шектеу қойылып, идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелердің атауларын тарихи, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен ауыстыру жұмыстары қолға алынды. Соған сәйкес Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Тарихи тұлғалар» мен «Жер-су атаулары» тізімі бекітілген. Тізімде 380 жер-су атауы мен 345 тарихи тұлғалардың есімі бар. Ендігі кезекте жергілікті атқарушы органдар аталған тізімге сай жұмыс жасауы қажет. Бұл туралы қанша рет айтылып, басылым беттерінде ақпараттандырылып жүрсе де, мамандар ауданда көше атауына кісі есімін ұсыну көбеймесе азаймай тұр дегенді айтады.Тіпті соңғы уақытта «Көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға қоямын» дейтіндердің көбейгені сонша, комиссия келісім бермесе де атауы жоқ көшеге өз бетінше атасының атын беріп, белгі орнататындарды да көз көріп жүр.
Мәселенің бәрі көшеге атау алып қоюмен шектелмейтінін де ұғынатын кез жетті. Біздікі көшенің аты аталған кісінің ұрпақтары сол көше белгісінің талапқа сай дұрыс орналасуына, уақытылы әрленіп, сырлануына көңіл бөлсе екен деген ой. Бұл бір ғана мекеменің қолынан келетін шаруа емес. Әйтпесе қазіргідей кенттің көркін қашыратын әрпі түскен атаулар мен құлауға шақ қалған белгілер қаптамас еді. Сондықтан «әкемізге қөше атын алдық, болды» демей, сол көшенің одан арғы келбетіне ұрпақтары да жауапкершілікпен қараса игі. Кейбір жердегі әріптері түгелдей өшіп қалған көшенің атауын көргенде қарның ашады. Көрсек те көрмегендей, білсек те білмегендей өтіп кете беруді қашан қояр екенбіз осы?!
Бірді айтып екіге кетті демеңіз, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектептің тұсында орналасқан «Қош келдіңіздер!», «Сәт сапар!» жазулары бар арканың да сұрқы қашқан. Ең болмағанда жауаптылар жылына бір рет кенттің ішіндегі осындай белгі, аркаларды әрлеп, қайта қалпына келтіріп отырса ауданның ажарын айшықтай түседі емес пе? Әрі-бері өткен халық пен сырттан келген қонақтар да сүйсіне қарары сөзсіз. Шет жақты айтпағанның өзінде кенттің орталық көшелеріндегі дүкен, қызмет көрсету орталықтарының атауларындағы олқылықтардан да көз сүрінеді. Біразын қалтадағы телефонымызға шырт еткізіп алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта осы айтылған мәселелер оң шешімін табады деп үміттенеміз. Біреуге сын айтып, мін тағу мақсатымыз емес, көздегеніміз кенттің келбеті кемімесе екен деген ниет.
Гүлхан ЯХИЯ