Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық бірлікке шақырады

Тазалық бірлікке шақырады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің экология және биологиялық әркелкілігін қорғау турасында сөз қозғаған болатын. Онда «Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн» делінген.
24 қазан күні аудан әкімі Қ.Мүбараковтың ұйымдастырумен «Таза өлке» экологиялық акциясы өтті. Оның негізгі мақсаты – қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны ластамау және қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру. 22 ауылдық округ пен кент ішіндегі тазалыққа атсалысқан түрлі мекеме қызметкерлері туған жердің түрленуіне білек сыбана кірісті. Бұл көштің басын аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері бастады. Сенбілік жұмысына белсене кіріскен олар көше маңындағы қалдықтарды түгелімен жинап шығуға тырысты. Одан әрі Қ.Жайлыбаев көшесіндегі тазалықты аудандық туберкулезге қарсы диспансердің дәрігерлері мойнына алды.

Кент әкімі назарына

Қ.Жайлыбаев көшесін қалдықтан тазартқан қызметкерлер өз жұмысын аяқтады. Дегенмен көзімізге оттай басылып, тазалық акциясының шырайын кетірген қоқыс толы контейнерді көрмегендей болып өтіп кете алмадық. Тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшік аузы-мұрнынан толып, сыртқа шашылып жатыр. Сол-ақ екен жақын маңайдағы сиырлар да қоқыс ішінен тіскебасар іздеді ме, әйтеуір лық толы жәшіктегіні сыртқа ақтарып салды. Сондай-ақ Қ.Жайлыбаев көшесінің тұрғындары көше бойындағы ағаштарды кескен мекеме қызметкерлері жұмысын аяқсыз тастап, ағаштарды жинап алмады деп уәж айтуда. Аудан басшысы барша шиелілікті тазалық жұмыстарына шақырып, ауызбіршілікке үндеген сәтте тазалыққа жауапты мекеме сенбілікке неге атсалыспады?

Г.ДҮЙСЕБАЙ
27 қазан 2020 ж. 695 0