Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүниежүзі тазарған күн

Дүниежүзі тазарған күн

Шиелі ауданында 19 қыркүйек Дүниежүзілік тазалық күні экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. 180-ге тарта адам кент ішіндегі көшелерді тазалап, арнайы техникалар да іске жұмылдырылды. Сонымен қатар барлық ауылдық округтер де экологиялық акцияға қатысып, елді мекендерді тазалау жұмыстарын жүргізді.
Тазалық мәселесіне келгенде кереғар пікір қалыптасатыны мағлұм. Тұрғындар тиісті мекеменің жұмысына сын айтса, тазалықшылар халықтың салғырттығына ренжулі. Оған себеп әлі де қоқыс тастау мәдениетінің қалыптаспағаны деп топшыладық. Кенттің көркі мен тазалығы – мәдениеттің өлшемі десек, ауданға мейман болып келетін қонақтардың қандай ой түйетіні де белгілі. Ауыз толтырып абыройымызды аспандатқанымызбен, кенттің тазалығына келгенде әлі де ұяттан жерге қарайтынымыз бар. Шалғайда жатқан елді мекендерді айтпағанда кенттегі кейбір көшелердің кемшін тұстары көңілді күпті етеді. Қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып, кейбір қалтарыстар қоқыстан көз ашпайтыны аян. Бұл ащы да болса шындық. Ал оған кім кінәлі?
Қалаларды тұрмыстық қалдықтармен ластау мәселесі бұрыннан бүкіл әлемде өзекті проблема болып отыр және бұл мәселе Шиелі ауданын айналып өтпейді. Мәселен, қазіргі таңда қалдықтар көлемінің жылдан жылға өсіп келуіне байланысты қалдықтарды өңдеу жұмысын жандандыру қажет. Еуропа елдерінде бұл проблема 40%-тен 70%-ке дейінгі тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу арқылы шешілуде, қалғандары кәдеге жаратылады немесе өртеледі. Салыстыратын болсақ, Қазақстанда 3%-ке жуық қалдықтар өңдеуге жіберіледі. Шіріген қалдықтар топырақты, улы булар ауа мен суды уландыруы мүмкін, бұл өз кезегінде біздің және жақындарымыздың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұл тұрғыдан Шиелі ауданаралық аурухана басшысы Нұрлан Әмір де ойымызды қуаттай түсті.
– Дәл қазіргідей елдегі ахуал тазалықтың қаншалықты маңызды екенін халыққа ұғындырды деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытумен қатар экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтау керектігін баса айтты. Яғни «Бірге – таза Қазақстан» акциясын ұйымдастыруды ұсынды. Аудан халқы әлі күнге дейін қоқыс тастау мәдениетіне бейімделе алмай келеді. Тіпті үйдегі қалдықтарын бейберекет тастай салатын тұрғындарды көзіміз шалды. Ал ол қалдықтар шіріп, жерге сіңіп немесе ауаға тарап түрлі вирустар тарататынын ешкім ойлап жатқан жоқ. Сол қалдықтың маңында жүрген ит, мысық та вирус таратушыға айналады. Қоршаған ортаны, ауаны ластау арқылы аудан халқы өз денсаулығына да қастандық жасап жатқандығын аңғарса деймін, – деді.
Расында, тазалық тек мемлекеттік қызметкерлердің немесе бір мекеменің құзырына қарайтын мәселе емес. Ол сіз бен біздің, жалпы қоғамның өзекті мәселесіне айналып тұр. Мәселен, Дүниежүзілік тазалық күніне аудандық ішкі саясат, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, экономика және бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік активтер және сатып алу, ауыл шаруашылығы бөлімдері, жастар ресурстық және халықты жұмыспен қамту орталығы белсене қатысып, егілген ағаштардың айналасындағы арам шөптерді шауып, өртеді және көше бойындағы шашылып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинады. Экологиялық акцияға атсалысқан аудандық сәулет және қала құрылысы, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері «Байсары» арығы айналасында санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізді. Кенттегі басқа мемлекеттік мекемелерде қара көрсетіп, атап айтқанда аудандық емхана, жүйке аурулары ауруханасы, білім бөліміне қарасты мектептер мен мемлекеттік балабақшалар, №47 мектеп-лицейі жанындағы интернат ұжымы және «Көкшоқы» мөлтек ауданындағы емхана бөлімшесі, «Арман» клубы, «Уранэнерго», орман шаруашылығы мекемесі өздеріне бекітілген қораларда ағаштардың түптерін ақтау, арам шөптерді отау жұмыстарын ұйымдастырды. Шара соңында кенттің санитарлық тазалығына жауапты «Сазқұм» мекемесі жиылған қалдықтарды тиісті орынға алып кетті.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
21 қыркүйек 2020 ж. 732 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930