Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Еңбек» бағдарламасының игілігін көргендер көп

«Еңбек» бағдарламасының игілігін көргендер көп

Адамзатты шырғалаң күйге түсірген шақта алдымен ағайынның амандығы назарға алынып, кәсіптің көбі тұралап қалды. Дей тұрғанмен жұрттың нәпақасыз қалмауы үшін жұмыс істеуіне мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр. Осы бағытта ауданда біршама жұмыс жүйелі ұйымдастырылып, кәсіпке қызығушылық танытқандардың қатары да көбейген. Мұндай ауқымды істерді ілгерілетуде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы айтарлықтай өз үлесін қосуда.
Білікті маман қашанда қоғам арасында сұранысқа ие екендігі белгілі. Сондықтан жаһандану мен индустрияландыру жағдайында кадр даярлауды жақсарту мемлекет саясатындағы негізгі міндеттің бірі екендігі сөзсіз. Еліміздегі жұмыссыз азаматтарды кәсіби машықтау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту тікелей осы мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.
– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының кәсіпкерлікті дамытудың екінші бағыты шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл көлемінде 268 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Бүгінгі күні 323 азаматқа жоба аясында оқу курстарынан өтуге жолдама беріліп, онлайн режимде оқытылу үстінде. 268 азаматқа сертификат беріліп, 165 азамат жаңа бизнес идеяларды дамытуға мемлекеттік грант, 4 азамат шағын несие алды, – дейді халықты жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Зәуре Бегайдарқызы.
Иә, «Жас келсе – іске» демекші, жастарды мейлінше молынан жұмыспен қамту мәселесі де «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған. Жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында мемлекет есебінен берілетін гранттың мөлшері 200 АЕК-ті құрайды. Қазір ол 555 мың теңгеге тең. Бұл қаржыны жеке кәсіпкерлер конкурсқа қатысу арқылы ала алады, ол бір рет беріледі. Айта кеткен жөн, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға мамандығы жоқ немесе еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандық иелері, біліктілігін жоғалтып алған және мамандығын ауыстырғысы келетін азаматтар қатыса алады. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы кәсіптің ерекшелігіне қарай бір айдан үш айға дейінгі мерзімді құрайды. Сонымен қатар биыл жыл басынан бері 674 азаматқа 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз негізде грант берілген.
Қазіргі таңда көбісі ет, сүт бағытында, құс өсіруге, тігін және кондитер цехын ашуға ниеттеген. Жөн-ақ. Алайда мұнан өзге ауданға қажетті болмаса тұралап қалған кәсіп көздерін ашуға, қолдау танытуға ден қойылса екен.

С.МАДИЯРОВА
12 қазан 2020 ж. 359 0