Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам саудасы – ауыр қылмыс

Адам саудасы – ауыр қылмыс

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі Қылмыстық заңнамаға енгізілген түзетулер заңды күшіне енді. Солардың ішінде адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға қатысты баптар да кездеседі. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдау­ында «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық, зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деп бұл мәселені шешуді Парламент пен Үкіметке тапсырған болатын.
Ел Президентінің аталған бағыттағы қылмыстар бойынша жазаны күшейтуі бекер емес. Қазір жан түршігерлік қылмыстардың арасында ғаламдық проблемаға айналып отырғандардың бірі – адам саудасы. Қазақстанда да 75 мың тұрғын құлдықтың қамытын киіп жүр. Бұл ақпаратты өткен жылы БҰҰ-ның есірткі және қылмыс бойынша басқармасымен бірлесіп екі күндік семинар өткізген ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясы жария етті. Walk Free құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша ғаламшардағы елдердің ішінен адам сатудан Солтүстік Корея тұрғындары жапа шегеді. Бұл елде 1000 адамға шаққанда 105 құлдан келеді екен. Алғашқы үштікті бұдан әрмен қарай Шығыс Африкадағы Эритрея мен Бурунди жалғастырып тұр. Ал Қазақстан бұл рейтингте 83-орынға тұрақтаған. Бірақ бұл қазақ елінде адам саудасы жоқ дегенді білдірмейді. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші қай күні қасымызда жүрген жанның еңбегі қаналып, құлдықтың қамытын киерін ешкім білмейді. Сондықтан әркез сақтық шарасы мен қауіптің алдын алу жолын қарастыру қажет. Бұл орайда мектеп оқушыларына басымдық беріп, әуелі жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жөн.
Есірткі тарату, адам саудасы, кәмелетке толмаған балаларға жасалатын әлімжеттік, көрсетілетін тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да қылмыстардың алдын алу мақсатында өткен бейсенбіде №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларымен және білім беру саласының қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ш.Нығметов, аудандық прокуратураның прокуроры С.Ерікұлы, аудан прокурорының орынбасары А.Қадырәліұлы жасөспірімдер мен ашық сұхбат жүргізіп, бүгінгі таңда белең алып жатқан жөнсіз істер аясында әңгіме өрбітті. Аудан прокурорының орынбасары білім алушыларға қашықтан оқу барысында қалтафон ұстаудың да өзіндік қағидасы бар екенін ескертіп, қандай да бір ақпарат құралына кіретін кезде сақ болуға шақырды. Мұнымен қоса білім беру саласының қызметкерлеріне оқушымен тығыз байланыста болып, рейд жұмыстарын жүргізу керегін айтты. Жиын барысында оқушылар аудан прокуроры мен орынбасарына сауалдар қойып, тұщымды жауап алды.

М.БОЛАТҚЫЗЫ
12 қазан 2020 ж. 417 0