Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұтымды ұсыныс жүйелі жұмысты талап етеді

Ұтымды ұсыныс жүйелі жұмысты талап етеді

Дала төсінде дүбір басталғанына да біршама уақыт болды. Осындай науқан кезінде уақытқа есе жібермей, таңның атысы, күннің батысы бел жазбай, еңбекке мойын ұсынатын диқандардың күзгі жиын-терімнен кейін бір-ақ дамыл табатыны белгілі. Әйтсе де диқан еңбегі егістің шығымы мен түсіміне байланысты бағаланады. Ол үшін топырақ дұрыс өңделіп, жер уақытында жыртылса, тұқымның сапалылығына мән берілсе, құрғақшылық болмаса, зиянкестермен дер кезінде күрес жүргізілсе, мол түсім алуға болады. Осы тектес толып жатқан егін егудің талаптарын сақтаған күннің өзінде, беті аулақ, егер ауа райының қолайсыздығынан, мәселен, бұршақ ұрып, үсік шалса, егістік алқаптарға зиян келіп, еткен еңбек желге ұшуы мүмкін. Мұндайда диқанның ғана емес, қара халықтың да көңіліне кірбің ұялайтыны белгілі. Себебі ауыл шаруашылығы – қай елдің болсын негізгі саласы. Бұл сала бүтіндей бір елді ұстап тұруға, азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқарлы десек қате емес. 1933-1945 жылдары АҚШ Президенті болған Франклин Рузвельттің «Егер бүгін фермер өлетін болса, ертең бәріміз өлеміз» деген сөзі бар. Демек ең алдымен мемлекет ауылға, ауыл шаруашылығына көңіл бөлу керек. Қазақтың тамыры саналатын ауылға қаражат бөліп, ондағы шаруалардың мұң-мұқтажына құлақ асып, әлеуметтік жағдайын шешуді шетте қалдырмау қажет.
Осыған орай Елбасы Н.Назарбаев осыдан төрт жыл бұрын «Агробизнес – 2020» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынған еді. «Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Ол жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңадан салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек» деген болатын. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауларды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажет екендігін атап көрсеткен болатын. Тұңғыш Президенттің осы тапсырмаларына сәйкес, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жасады. Аталған жоба қазіргі таңда жер-жерде жүзеге асып, аяқталуға да жақын. Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 2022-2027 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жасауды қолға алды. Осы тұста «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жигули Дайрабаев еліміздің түкпір-түкпіріне барып, ауыл-аймақта жұмыс істеп жатқан еңбеккерлермен кездесіп, шаруалардың өтініші мен ұсынысын жинақтауда. Айта кету керек, Жигули Молдахалықұлы бертінге дейін сан салалы қызмет сатысынан өткен. Ол – ­Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек етіп, ҚР Парламентінде ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып көпке белгілі болған жан. Енді міне, таяуда тағайындалған жұмысына да білек сыбана кірісіп, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін шағын шаруашылық иелерімен кездесуі де көптің көңілінен шығатыны сөзсіз.
Келелі кездесудің бір парасы жұма күні Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде өтті. «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Ж.Дайрабаев Шиелі шаруаларымен кездесіп, олардың ұсынысын тыңдады. Басқосуға облыстық фермерлер одағының төрағасы Омархан Тәшкенов, аудандық фермерлер одағының төрағасы Бауыржан Көпеев, аудан әкімінің орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков және шаруа қожалық төрағалары қатысты. Бірлестік басшысының дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда республикада 230 мыңға жуық шаруа қожалық бар. Жиында осы шаруашылықтардың жеңілдетілген несие, субсидия алуы, техникамен қамтамасыз етілуі сөз болды. Сондай-ақ Ж.Дайрабаев Тәуелсіз Қазақстанда бүгінге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі 18 рет ауысқанын, мұндай ауыс-түйістің салдары шаруашылықтың дамуына кері әсерін тигізетінін тілге тиек етті.
Ауыл шаруашылығы саласы туралы мәселе жан-жақты қамтылған шарада Шиелі шаруалары бірлестік басшысына тұщымды ой, ұтымды ұсыныс айтты. Соның бірі – «Бала би – 2004» өндірістік кооперативінің жетекшісі П.Күзембай. Ол шаруашылықтағы негізгі еңбек күші саналатын механизатордың, ал мал шаруашылығында мал бағатын адамның тапшы екенін алға тартты. «Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен өткен алқалы жиында Қазақстанның егіс алқабын 2,5 млн гектар жерге дейін ұлғайту басты жоспарына енгізілген болатын. Бірақ бүгінгі таңда механизатор жоқтығынан үлкен егіс алқабын еңсеру қиын. Себебі біз қазір механизаторларды Қарақалпақстаннан, Алматыдан алып келеміз. Өзімізде заманауи техниканың тілін білетін, соларды жетік меңгеріп кететін маман тапшы. Мұның бір себебі ұрпақ сабақтастығының үзілгендігі шығар. Кеңес үкіметі кезінде мектепте еңбек сабағы болып, ұлдар ұсталықты және техниканы игеріп, тракторды меңгеруді үйрететін. Қазір бұл сабақтың жоқ екені баршаға мәлім. Сондықтан баланың ауыл шаруашылығына, одан қалды техникаға қызығушылығы жоқ. Осы орайда сізден орта білім ошақтарына трактор игеруді меңгертетін сабақты қайта жүйеге енгізуге мұрындық болуыңызды сұраймын» деп сөзін жалғады П.Күзембай.
Ал жеке кәсіпкер Ербол Жеңсікбаев мал шаруашылығын асылдандыру туралы өз ойын ортаға салды. Асылдандырылған өнімнің тұқымы да асыл болатыны мәлім. Мұндай тұқымды мал өсіруге Қазақстан ғана емес, дүниежүзі ден қойып отыр. Бұл – әлемдік тәжірибеде өте қымбат тұратын жоғары технологиялық жоба. Тарқатып айтар болсақ, жоғары тұқымды малдың эмбрионы кемі 1000 доллар тұрады. Бұл баға нарықта жыл жылжыған сайын қымбаттауда. Сондай-ақ асыл тұқымды малдың өзін ұшақпен алуға болады. Алайда оның жол пұлы да кез келгеннің қалтасын көтере бермейді. Алпауыт елден «ұшып келетін» сиырдың жол пұлы 600 мың теңгеге шығады. Бірақ теңіз кешіп, тау асып келген қымбат сиырлардың өзге елді жерсініп кетуіне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан асыл тұқымды қазақстандық сиырларды көбейту – кезек күттірмейтін тірлік. Тек құлық және өзіміздікін өсіруге ынта болса болғаны. Міне, осы мәселені көтерген Е.Жеңсікбаев асминаторлық оқу орындарын көбейту, мал шаруашылығында малшы тапшы болуына байланысты ратациялық жайылымды енгізу жолын қарастыруды ауыл шаруашылығын дамыту үшін әзірленіп жатқан 2022-2027 жылдарға арналған жоспарға енгізуді ұсынды. Сондай-ақ тағы басқа шаруалар толғандырып жүрген ұсыныстарын айтып, хаттамаға енгізді.
Ұсыныстар легін әрмен қарай аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет жалғастырды.
– Жигули Дайрабаев, жаңа ғана АҚШ-та фермерлерге құрметтің ерекше екенін айттыңыз. Мәселен, олар қандай мекемеге барса да, кезексіз қызмет көрсетеді. Көлік кедергісі орын алған жағдайда да фермерлердің машинасын өткізіп жібереді. Сондай-ақ Канада елінде ауыл шаруашылығы техникаларын шекарадан өткізетін болса, ешқандай баж, кедендік салықсыз рәсімдеп береді. Бұл 40-50 мың долларлық техниканың 4-6 мың долларға арзандауына сеп. Біздің елдің фермерлеріне де осындай жеңілдік қарастырылса екен, – деді.
«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы жиында айтылған әр ұсынысқа жіті мән беріп, шаруалардың ойына құлақ асты. Алдағы уақытта аудандағы ағайынның тілегі ескерусіз қалмайды деген сенімдеміз.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
08 қыркүйек 2020 ж. 285 0