Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжілісмендер аудан ахуалымен танысты

Мәжілісмендер аудан ахуалымен танысты


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен шілде айының бесінен бастап елімізде қайта карантин шектеуі қолға алынғандығы белгілі. Міне, мемлекет басшысының шұғыл әрекет, оң шешімінің нәтижесінде республика бойынша індет жұқтырушылардың саны азайып, өлім-жетімнің де саны сирей бастағандай. Иә, ауруханалардағы ахуалдың тұрақталып, емхана мен дәріханалардағы кезектің бәсеңдегені тәжтажалдың беті әрі қарап, вирусы түгел өлді деуге келмейді. Аты жаман аурудың жұғу қаупі әлі де болса басылмағанын естен шығармаған абзал. Ал әлемді әбігерге салып, қазақ даласына қайғы мен қазаны қатар әкелген ауыр індетке қарсы мемлекетіміз мүмкіндігінше ковидпен күресті қарқынды жүргізіп жатыр.
Басынан небір нәубет пен қайғы-қасіретті өткерген дана халқымыз қиыншылықтың ауыр түрімен бетпе-бет келсе де өзіндік тектілігі мен адами болмысын еш жоғалтқан емес. Жаны қиналып, өзгеден медет тілеген жақындарына қолынан келген қамқорлығын аямау да біздің халықтың қанына сіңген асыл қасиеттің бірі. Әйтеуір өзіміз сүрініп-құлап жатсақ та, жығылып қалған жақынымызды ойлап, уайымдап отырамыз. Бұл да болса жанашырлық пен бауырмашылықтың қала берді иман тазалығының белгілерінен болса керек. Иә, қазақтың осы бауырмалдығы жұртымыздыталай адам төзгісіз тағдырдың тығырығынан алып шықты. Бұдан былай да бір-бірімізге деген жанашырлығымыздың арқасында бұл індетті де жеңіп шығарымыз ақиқат.
Кеше ауданға парламент мәжілісінің депутаттары аймаққа аты мәшһүр кәсіпкер ­Абзал ­Ералиев пен облыстың экономика саласына өзіндік үлесін қосқан Балайым Кесебаева жұмыс сапармен келді. Меймандарды күтіп алған аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраков аудандағы бірқатар нысандардағы іргелі жұмыстармен таныстырып, өңірдегі ковид індетімен күресіп жатқан дәрігерлермен кездестірді. Шиелі ауданаралық ауруханасының ескі ғимаратындағы науқастарға күндіз-түні адал қызмет көрсетіп жатқан дәрігер қауымының жұмыс барысымен танысуды көздеген мәжілісмендер мұндағы қызмет түрлерімен танысып, науқастар мен дәрігерлердің жағдайын білді. Сонымен қатар ем алушыларға қажетті дәрі-дәрмек пен техникалық аппараттардың жеткілікті екендігіне көз жеткізді. Атап айтар болсақ, мұнда науқастарға ем алу үшін барлық жағдай жасалған. Олардың күнделікті ас-ауқат тамақтарына осы күнге дейін 10 млн 179 мың 453 теңге бөлінген. Сондай-ақ 576 мың 600 шаруашылық заттарына, ал жұмсақ заттарға – 2 млн 679 мың, негізгі құралдарға – 4 млн 784 мың теңге қамтылған. Дәрі-дәрмек және бір реттік медициналық бұйымдарға мемлекеттен 34 млн 626 мың теңге қаржы қаралып, бүгінгі таңда оның 33 млн 767 мың тенгесі игерілген. Науқастарға медициналық көмек көрсету үшін КВИ және провизорлық стационарда 108 медициналық қызметкер жұмыс атқаруда. Жалпы ауруханада 159 оттегі баллоны, 12 ИВЛ және 7 рентген аппараты мен 16 оттегі концентраторы бар. Күнделікті ауруханада алғашқы уақытта 1 күнде 90-95 оттегі баллоны пайдаланылса, бүгінде науқастардың азаюына байланысты 40-45-ке төмендеді. Сонымен қатар демеушілер көмегімен қосымша 50 оттегі баллондарын алу жоспарланып отыр. Иә, жоғарыдағы бөлінген қаржы мен емделушілерге қажетті құрылғылардың санынан мемлекет тарапынан науқас азаматтарымыздың аяғынан тұрып кету үшін қол қусырып тұрмағандығын байқадық. Бұдан бөлек елдегі еріктілердің де еңбегін ескеруге тиіспіз. Мәселен, аудандағы демеушілер мен еріктілер тарапынан аудандық аурухана мен елді мекендерге 5 млн 884 мың теңге қаржы жиналып, ол ақшаға медициналық құралдар, дәрі-дәрмектер, азық-түліктер алынған.
Осы орайда айта кетуіміз керек, мәжіліс депутаты Абзал Ералиев осындай қысылтаяң уақытта Отанынан жырақтап, басын қатерге тігіп, індет жұқтырған науқастарға ем-дом көрсетіп жүрген аурухана қызметкерлеріне алғысын жаудырып, өз атынан бір миллион теңге қаржысын тарту етті. Қарақан басының емес, қара халықтың қамын ойлаған халық қалаулысының бұл әрекеті дәрігер қауымына қуаныш сыйлады.
Осыдан кейін мәжіліс депутаттары ахуал күрделенген жағдайда дайындалған «Шиелі аудандық аграрлық колледжі» мен «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жатақханаларындағы 200 төсек орындарды аралап, ондағы қызмет көрсету сапасына көз жеткізді. Халық қалаулыларының келесі жұмыс сапары теріскейдегі теміржол үстінен өтетін қос жолақты көпір құрылысы басында жалғасты. Жалпы құны 64 млн 484 мың теңге қаржыны құрайтын бұл нысан «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде іске асырылып жатыр. Мердігер «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС бүгінгі таңда 168 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 84 жұмысшы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданған. Аталған көпірдің сапалы һәм сауатты соғылып жатқан құрылысын байқаған мәжілісмендер құрылысшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Көкшоқы мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы абаттандыру жұмыстарын көзбен көріп, бірқатар мәселені аудан басшысының назарына салды.

Елдос ЖҮСІП
03 тамыз 2020 ж. 274 0