Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕК ЕТІП, ЕЛДІҢ БАТАСЫН АЛУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМ

ЕҢБЕК ЕТІП, ЕЛДІҢ БАТАСЫН АЛУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМ

Халқымызда «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал ала алмайсың» деген тәмсіл бар. Бажайлай қарасақ, бұл сөздің жеңіл айтыла салған тіркес емес екенін, мән-мағынасы, мазмұны терең, салмақты екенін аңғарамыз. Халық арасында жас бола тұрып, жетістікке жетіп, биік белесті бағындырса, «Ол сатып алған», «Жоғарыда көкесі бар» деп айыптаймыз. Дегенмен кейбір жасы үлкен, ес тоқтатқан алдыңғы буын ағаларымыздың істей алмағанын кейде жастар істеп жатқаны қоғамдағы шындық. Тіпті жас министрлердің қызметке тағайындалуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жастарға зор үміт артып отырғанының көрінісі емес пе? Ендеше біз де сайланғанына 1 ай ғана уақыт болған, аудандағы ең жас әкім, яғни Шиелі ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Балдәурен Шәкіртаевпен сұхбаттасқанды жөн санадық.

– Сәлеметсіз бе? Әңгімені әріден бастайық. Халық жас әкімді қалай қабылдады?
– Әкім ретінде таныстырған күннен бастап, кездесулерде тұрғындар жас әкімді күткендіктерін жеткізіп, «Жас келсе, іске» деп сенім білдіріп жатыр. Жалпы туып өскен ауылым жылы шыраймен қабылдады. Ауыл ақсақалдары зор сенім білдіріп, аманаттарын артты. Мен де өз кезегімде елдің аманатын абыройлы ақтау үшін жүйелі, нәтижелі жұмыс жасағым келеді. Отыз екі жас аз жас емес деп ойлаймын. Адам бұл уақыт аралығында көп ізденіп, біраз нәрсені меңгеруіне болады. Өзіндік жұмыс тәжірибем маған кез келген іске кірісуде артқа тартпай, батылдық танытуыма себеп болды. Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман, аудан әкімдігінің аппаратында ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінде бас инспектор қызметтерін атқарып, мемлекеттік қызметте тәжірибе жинадым. Ауыл әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс жасадым. Осылайша әкімдердің жұмыс барысымен таныстым.
– Халық әрқашан әкімдерден жүйелі жұмыс күтеді. Ал сіздің алға қойған қандай мақсаттарыңыз бар? Болашақтағы жұмыс жоспарыңыз қалай?
– Қазіргі таңда ауылдың мәселелерімен танысып, өзімнің жұмыс жоспарымды жасап жатырмын. Барлық салада да алға жылжу керек. Нақты бір саланы айтып, осындай мәселені шешуім керек деп айта алмай отырмын. Себебі нарық заманында бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бірінші кезекте шешімін күткен мәселелерді көп күттірмей, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жоғарыға ұсынуға, дер кезінде шешуге күш саламыз.
Қазіргі таңда ауылға кіре беріс Ережепов көшесін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге елді мекен ішіне «Жаттықтыру алаңы» және «Балалар ойын алаңы» жыл соңына дейін ауыл тұрғындарына пайдалануға берілетін болады.
Сондай-ақ өздеріңізге белгілі, Байсын ауылына газ құбыры және кварталішкілік газ тарату желілерінің құрылысы (көгілдір отын жүйесі) монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін елді мекен толық газдандырылатын болады. Яғни ауыл тұрғындары отын тасып, күл шығарған бейнеттен арылатын болады. Байсын жұрты көгілдір отынды Кеңес заманынан аңсап келді. Енді аудан әкімі Қамбарбек Амангелдіұлының орасан еңбегінің нәтижесінде елді мекен тұрғындары елдің табиғи байлығының игілігін сезінетін сәт туды.
Сонымен бірге көгілдір отынның пайдасы жергілікті шаруашылыққа да тимек. Яғни қыс мезгілінде жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріп, халықты көкөніспен, жеміспен толықтай қамтамасыз ету жоспарланса, осылайша ауылымызды жылыжай шаруашылығын көркейтіп, ауданымызды көкөніс өнімдерімен қамтып отыру жоспарымызда бар.
Жас болған соң елмен етене араласып, халықпен жұмыс жасап, біліктілігімді арттырып, тәжірибемді молайтсам деймін. Ауылдың барлық мәселесін шешуге өзіндік үлес қосуды мақсат еттім. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз», тұрғындардың тұрмыс тіршілігіндегі түйіткілін шешіп, сол арқылы үлкен тәжірибе жинағым келеді. Еңбек етіп, елдің батасын алу – басты мақсатым.
– Төрткүл дүниені теңселтіп, әлемді әлекке салған пандемияға байланысты ауылыңызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтың тапсырмасына сәйкес, елімізде коронавирустың таралуына жол бермеуге бағытталған шектеу шараларын енгізуге байланыс­ты ауылымызда қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және келеңсіз жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп, үнемі бақылауда ұстап келеміз. Елді мекенде арнайы ас беру, келін түсіру, қыз ұзату тағы басқа жиындарға тоқтау салынып, тұрғындарға тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жемісті жұмыстар, толағай табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан
Фариза КЕНЖЕШОВА
25 шілде 2020 ж. 442 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (9265)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031