Ортақ шешім оң іске бастайды
Кеше Шиеліде аудандық актив отырысы өтіп, оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты. Аймақ басшысы активке ауданның жаңа әкімі Қамбарбек Мүбараковты таныстырды.
Қамбарбек Мүбараков еңбек жолын Қызылорда қаласы бойынша салық комитетінде бастаған. 2001-2009 жылдары Шиелі ауданы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Жаңақорған ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, Қызылорда облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары болған. 2009 жылы Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Одан соң Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындалды. Ал Шиелі ауданына әкім болып тағайындалғанға дейін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған.
Аудан активіне жаңа әкімді таныстырған облыс басшысы Қамбарбек Амангелдіұлы Шиелі аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдіріп, ел игілігі үшін қызмет етуге тілектестігін білдірді.
Аудан жұртшылығының атынан сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әбдірахманов облыс басшылығы аудан халқының талап-тілегін ескеріп, тәжірибелі азаматты елге қызметке тағайындағандарына ризашылық білдірді.
– Біздің де ойымыз ауданды іскер азамат басқарса деп едік. Өте орынды шешім қабылдаған екенсіз, Қуанышбек Досмайылұлы. Сондықтан сіздің шешіміңізді толық қолдай отырып, алдағы уақытта жаңа әкім Қамбарбек Амангелдіұлымен бірлесіп жұмыс істейміз деген ойдамыз. Жаңа басшымыздың қызметіне табыс тілеймін, – деп сөзін қортындылады.
Ал ауданның жаңа әкімі Мемлекет басшысы мен облыс әкімі артқан сенімнің үдесінен шығу мақсатында барлық білім-білігін жұмсап, Шиелі өңірінің дамуына еңбек етуге уәде берді.
«Өскен өңір» ақпарат