Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19-дың статистикалық мәліметтер есебін таратуда жаңа әдістер белгіленді

COVID-19-дың статистикалық мәліметтер есебін таратуда жаңа әдістер белгіленді

BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "ҚР КВИ бойынша статистикалық деректер және есепке алудың жаңа тәсілдері" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде айтты.

Бүгінде COVID-19 инфекциясымен сырқаттану бойынша тәулігіне 1700-1800 адамнан вирус анықталып отыр. Бұл тұрақты жағдай. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы коронавирус инфекциясының статистикасын ретке келтіруге қатысты тапсырма берді. Коронавирус жағдайларының жалпы алынған статистикалық есебінен бөлек, пневмонияға да назар аудару керек. Осыған байланысты, COVID-19 бен пневмонияға қатысты мәліметтердің барынша ашық болуы үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық мәліметтер есебін таратуда жаңа әдістерді белгіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық өңірлік бюросымен жүргізілген техникалық консультацияларды ескере отырып, біз аурулардың халықаралық классификациясының жаңа кодтары бойынша COVID-19 жағдайларын кодтауға және есепке алуға көшу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, COVID-19-дың зертханалық расталған жағдайлары ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ COVID-19-дың клиникалық және эпидемиологиялық белгілері бар пневмония жағдайларымен біріктіріледі. Жинақталған клиникалық тәжірибелерден біз осы аурулар ағымының ұқсастығын және оларды емдеу тактикасына бірыңғай тәсілдерді қолдану қажеттігін атап өткіміз келеді, - деді ол.

Министр ДДСҰ COVID-19 жағдайларын жаңа форматта жіктеу және есепке алу жөнінде ресми хабарлама жібергенін айтты.

Ағымдағы жылдың 11 шілдесінде Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-нан COVID-19 жағдайларын жаңа форматта жіктеу және есепке алу жөніндегі ресми хабарлама алған болатын. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда басқа да елдердегідей, COVID-19 зертханалық расталған жағдайларды ғана есепке алу жүзеге асырылды. Сонымен қатар, маусым айының үшінші онкүндігінде қоздырғышы нақтыланбаған, яғни зертханалық расталмаған вирустық пневмонияның өсуі байқалды. COVID-19 инфекциясының сырқаттанушылық пен өлім-жітім статистикасы екі дерек көзінен құралатын болады: зертханалық расталған COVID-19 жағдайлары және анықталмаған вирустық пневмониялар, - деді Цой.
Алексей Цой аурулардың халықаралық жіктемесінің жаңа кодтарын пайдалана отырып, COVID-19 инфекциясын кодтауға толық көшу 2020 жылдың 1 тамызынан бастап жүзеге асырылатынын жеткізді.

Ол үшін COVID-19 кодтау бағытында медицина қызметкерлерінің құзыретін арттыру, ақпараттық жүйелерді ретке келтіру және басқа да техникалық мәселелерді шешу жөнінде шаралар қабылдау қажет. Осы орайда, Денсаулық сақтау министрлігі есепке алу тәсілдерінің өзгеруі коронавирустық инфекциядан болған сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі тіркелетін халықаралық рейтингте Қазақстанның ұстанымы нашарлайтынын толық түсінеді. Сонымен қатар, бұл тәсіл аурудың дұрыс болжамын жасауға, қажетті ресурстарды, яғни, медициналық кадрларды, төсек-орындарды, медициналық жабдықтарды, дәрілік заттарды тиімді жоспарлауға, сондай-ақ, статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді министр.

16 шілде 2020 ж. 443 0