Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жертөле неге жоспарда жоқ?

Жертөле неге жоспарда жоқ?

Шиелі ауданы, Ақмая ауы­лында орналасқан №49 қазақ орта мектебінің негізі 1983 жылы қаланған. Тозығы жетіп, құлауға айналған ескі ғимараттың жай-күйіне алаңдаған ауыл тұрғындары күрделі жөндеу жұмысының көмегі тимейді деп бәйек қағуда. Өйткені, жертөлесіне дізеден ыза су көтерілген мектептің қабырғалары ажырап, дала көрініп тұр. Оқу жылы аяқтала салысымен жөндеу жұмысы басталып кеткен ғимараттың қазіргі ахуалын «Еуразия», «Азаттық радиосы» телеарналарының тілшілері де көріп кеткен еді.
Иә, халық бірауыздан жаңа мектепті соғуды қалап, телеарна тілшілерімен мектеп ғимаратын аралап шыққан болатын. Құрылысшылардың өзі жүрексініп бастаған жөндеу жұмысы барысында жертөленің жоспарға енбей қалғаны айқындалды. Мәселенің түйінін тарқатпаққа бел байлаған әріптестер ауыл әкімі Ж.Арсылановпен тілдескенде «Мектептің күрделі жөндеу жұмысы бекітілген жоба-сметалық құжатты әлі көргенім жоқ. Алайда, мектепті жаңадан қайта соғу үшін миллиардтаған қаржы қажет. Ал мектептің құрылыс жоба сметасын сұрағаныммен, директор ол құжатты маған көрсетпеді» деп жауап қатты. Ауыл әкімінің жауабы бізді де таңқалдырмай қоймады.
Бастысы, балалардың амандығын ойлап алаңдаған ақмаялықтар бұл мәселенің оң шешім табуынан үмітті. Ал жертөледегі ыза судың неліктен еленбей, жоспарға ілінбей қалғанын аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ы.Мадиев «№49 қазақ орта мектебінің директоры М.Ахметов жоба-сметалық құжатын әзірлегенде жертөлені сыздыруды ұмытып кеттім деді ме, әйтеуір толық түсіндіре алмады» деуі бір олқылықтың шетін шығарды. Не керек, бірі құрылыстың жоба сметасына қолы жетпесе, енді бірі ұмытып кеткен ескі мектеп боянып шыққан 80-дегі әжедей қайта пайдалануға берілмек. Бір-біріне сілтеген ұртоқпақтың бағыты мектеп директорына келіп тірелді. Алайда, мектеп басшысы кезекті еңбек демалысында. Болашақтың негізі қаланатын мектеп ғимаратының мәселесіндегі олқылықтың орнын енді қалай толтырмақ? Бар кінә кезекті еңбек демалысында жатқан мектеп директорында ма? Әлде тозығы жеткен ғимараттың қайта соғылуын ертерек сұрамаған тұрғындар ма немесе жұмысына жүрдім-бардым қараған басшылар ма?
1 жұма бұрын ушыққан мектеп мәселесінің анық-қанығын аңдамаққа аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков Ақмая ауылына барды.
Бақылау барысында аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ы.Мәдиев, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ж.Данабеков,  сондай-ақ мердігер мекеме «Сапақ» өндірістік кооперативінің» басшысы С.Садықов  ауыл ақсақалдарымен жүздеседі. Айта кетейік, мектептің күрделі жұмыстарының жобасы бойынша шатыр, есік және терезе ауыстыру, ішінара жылу жүйесін және электр жүйесі мен кәріз жүйесін жаңалау, септик, су құбырларын жүргізу, спорт зал еденін, ленолиум ауыстыру, мектептің сыртқы қоршауын жаңадан салу сияқты құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
– Оқу ғимаратының жөндеу жұмысымен танысқан аудан басшысы мен сала мамандары ауыл ардагерлерімен сұхбаттасып, 2020 жылғы 16 маусым күні «Азаттық» радиосының ресми парақшасында «37 жылдан бері жөндеу көрмеген мектеп» тақырыбында жарияланған бейнематериалда «жаңа мектеп салып беру» туралы ұсыныс  білдірген кей ауыл тұрғындарына дәл қазіргі уақытта жаңа мектеп салудың тиімсіз екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз маманы. 
Кездесу барысында мектеп ғимаратынан 800 метр қашықтықтықта Шиелі ауданының бас магистральды каналы өтетіндіктен және Ақмая ауылының маңайында күріш дақылының мол егілуіне байланысты жер асты суларының жиналу горизонты жоғары деңгейде екені айтылған. Сол себепті мектеп ғимаратының жертөлесіне ыза сулардың жиналатындығы туралы мәселе де талқыланған. Нәтижесінде аудан басшысы жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінетіндігі туралы, елді мекен ішінен, яғни мектеп ғимараты маңайынан дренажды су скважиналарын қазу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына жер су (ыза су) горизонтын төмендету бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін хабарлаған. Мәселенің шешімін осылай тапқан аудан басшылығы күрделі жөндеу жұмыстарын қатаң қадағалап отыруды да назардан тыс қалдырмаса керек. Себебі, әрбір өрілген қабырғада 600-ге жуық оқушының тағдыры жатқанын білетін боларсыздар. Осылайша жаңа оқу жылында ақмаялық оқушылар қайта күрделі жөндеуден өткен оқу ордасында білім алатын болды.

Г.ӘБДІХАНИ
20 маусым 2020 ж. 444 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031