Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НӨМІРСІЗ ҮЙЛЕРДЕН КӨЗ СҮРІНЕДІ

НӨМІРСІЗ ҮЙЛЕРДЕН КӨЗ СҮРІНЕДІ

Биыл қазан айында елімізде санақ жүргізілетіні баршаға мәлім. Әр он жылда бір рет қана өткізілетін маңызды кезеңге қаншалықты дайынбыз? Миллиардтаған қаржы бөлінетін санақ ойдағыдай өтуі үшін не істеу керек?
Кезекті халық санағына 4 айға жетер-жетпес қана уақыт қалды. Биылғы санақтың ерекшелігі екі кезең бойынша өтетінінде. Оның бірі электронды түрде болса, екіншісі дәстүр бойынша үй-үйді аралап, есепке алады. Санақтың сапалы өтуі үшін көше атаулары мен үйдің нөмірлерінің ретімен дұрыс орналасуы – маңызды дүние. Бірақ шалғайдағы ауылдарды айтпағанда кент ішіндегі нөмірсіз үйлерден көз жығылады. Тіпті бір не екі үйде ғана нөмір бар көшелерді де байқадық. Әсіресе, кенттің шет аудандарында бұл кемшілік анық байқалады. Тіпті орталықтың өзінде ережеге сәйкес бірдейленіп ілінген үй нөмірлері бар көшелер саусақпен санарлық қана. Мәселен, кенттің қақ ортасындағы Абай көшесіндегі бір тұрғын үйде көше атауы орысша жазылған. Үй иесі өзге ұлт деп топшыладық. Сөйттік те әркімге өзінің қалауы бойынша кез келген тілде жазып алуға кім құқық берді екен деген ойға шомдық. «Мемлекеттік тіл туралы заң қайда қалды? Көше атау­­лары мен белгілері бойынша бекітілген арнайы ереже мен үлгіні қайтпекпіз?» деген сан сауал да көкейде сайрап тұр.

Тек бұл ғана емес, үйдің нөмірін сыртқы есікке бояп жазған, қабырғаға ілінген нөмір әбден күнге күйіп көмескіленген, тіптен нөмірсіз қаншама үйді кездестіруге болады. Бұл жағдай ұлттық санаққа айтарлықтай кедергі келтірері сөзсіз. Тек санаққа ғана емес, қаз-қатар тізілген нөмірлі үйлер сырттан қараған көз бен іздеген адамның дөп басып тауып баруына да қолайлы болмас па еді? Бұл істе тұрғындардың жауапкершілігі де маңызды. Мүмкін жауапсыз үй иелеріне ескерту жасалып, қатаң талап қою керек шығар. Ереже бойынша ұзындығы мен ені 120 см х 25 см болатын көк түсті жарық шағылыстыратын тақтайшаға ақ түспен көше атауы мен үйдің нөмірі жазылу керек. Мемлекеттік тілде болуы да міндетті. Тек облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда ғана «көше» деген сөзді үш тілде жазуға болады.
Бұл көше атаулары мен аншлагтарға да қатысты. Бұған дейін кенттегі көше аттарын бірдейлендіру жайлы қанша айтылса да бірде-бір нәтиже байқамадық. Енді үйдің нөмірлері де баяғы жартас күйінде қалмаса екен деген қорқынышымыз басым.
Бірді айтып, екіге кетті демеңіз, мемлекеттік тіл дегенде қоғамдық көліктің де мәселесін айтпай кете алмадық. Егемендігімізді алғанымызға 30 жыл болса да, әлі күнге дейін орыс тілін өз тіліміздей көреміз. Мәселен, күнделікті мініп жүрген қоғамдық көліктердегі «полик­линика» сөзін «емхана» деп қазақша жазсақ болады ғой. Бұл ең бірінші ұлтымызға, тілімізге деген құрмет емес пе?

Г.ЯХИЯ
16 маусым 2020 ж. 709 0