Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеңесте көтерілген келелі мәселе

Кеңесте көтерілген келелі мәселе

Бейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімдігі жанындағы жас­тар істері жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңеске ауданның барлық ауылдық округтеріндегі жастар өкілі, сондай-ақ ауыл әкімдері, жастармен жұмыс істейтін мамандар мен еріктілер қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров жүргізді. Келелі кеңесте бір емес, бірнеше мәселе қаралып, жан-жақты талқыланды.

Жастар қылмыс жасауға неге үйір?
Жиын барысында алғашқы болып аудандық ювеналды полиция тобының аға инспекторы Абай ­Мадиев баяндама жасады. Ол жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмыстың деңгейін төмендету үшін атқарылған жұмыс жайын хабарлады. Аға инспектордың айтуынша, 2019 жылы жасөспірімдер арасында 3 қылмыс тіркелген. Оның бірі – бұзақылық болса, екіншісі – мүлік ұрлау, ал үшіншісі – кәмелет жасқа толмаған жеткіншектің жыныстық қатынасқа түсуі. Биыл да бұл көрсеткіш қайталанып отыр. Жас жеткіншектер жаңа жылдың басында-ақ ұрлық жасап үлгерген. Алайда, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбі екі жақтың татуласуымен аяқталыпты.
Иә, қазіргі таңда өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналды. Теледидарды немесе әлеуметтік желіні ашсаңыз, бір-біріне әлімжеттік көрсеткендерді, қалтаға қол салып, ұрлық қылғандарды яки бұзақылыққа барғанды көреміз. Мәселен, 2018 жылы 13 қылмыс орын алса, оның 12-і бұзақылық екен. Яғни бұғанасы бекімеген жігіттер жұдырық ала жүгіруге асығады. Бұл жөнінде Абай Мадиев:
– Қазіргі таңда жастар төбелеске құмар. Мейрамханада отырып, араққа сылқия тойып, қасына келген кісіге қол көтереді. Шыны керек, қазіргі жігіттер бір-бірінің сөзін көтере алмайды. «Маған боқауыз сөз айтты» деп таяқтың астына алады. Кейін арыз жазғанда, айыппұл төлесе кешіремін дейді. Оның бар ойы ақша өндіру екені көрініп қалады. Сол себептен жастар арасында бұзақылық көп кездеседі, – дейді.
Демек жастар қауымы қызба мінезін басқара алмай, бір-біріне жұдырық жұмсайды. Сонда өн бойына дарытқан сабырлылық пен жігітке тән байсалдылық қайда? Осыдан байқағанымыз жасөспірімдердің қылмысқа бой ұру мәселесіне құқық қорғау органдары ғана емес, ата-ана, мектеп, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар бей-жай қарамауы керек. Себебі, жас баланың азамат болып қалыптасуына жанұясы да, мектеп те, көше мен қоғамдық орындар да сеп болады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, егер ата-ана жастайынан баланың санасына сабырлылық пен арлылылықтың дәнін сепсе, ол есейе келе қылмыстылардың қатарына қосылмас па еді?
Ерте жүктіліктің ертеңі күмәнді
Ауру жас талғамайды. Ол еңбектеген баланы да, еңкейген кәріні де жан қиналысына түсіреді. Біреуде бас ауырса, енді бірінде балтыр сыздайды. Сырқат жас талғамайтын болғанымен, оның сан алуан түрлері жас ерекшеліктеріне байланысты өзгеруі мүмкін. Соның ішінде жастар арасында қандай ауру белең алған? Сондай-ақ жастардың денсаулығын нығайту үшін қандай шаралар жүріп жатыр? Бұл сауалдарға аудандық аурухананың міндетті медициналық сақтандыру бойынша қызмет атқарушы Лаура Аширова жауап берді.
Ақ халатты абзал жанның айтуынша 2019-2020 жылдары ауруханаға 11-14 жас шамасында 22 процент, 15-18 жас шамасында 39,9 процент, 19-22 жас аралығында 22,65 процент, 25-29 жас аралығында 15,5 процент емделуші дәрігерлерге жүгінген. Оның ішінде психологқа барған жастардың қарасы қалың. Сондай-ақ бұрымдылыр арасында ерте жүкті болғандары да жоқ емес. Мәселен, 2019 жылдың өзінде 15 қыз кәмелет жасқа толмай-ақ ана атану мүмкіндігіне ие болған. Соның ішінде екеуі қоныс аударса, қалғаны тұрмыс құрған. Мұның өзі дәтке қуат. Егер тұрмыс құрмай, ерте жастан жалғызбасты ана атанса қалай болмақ? Әрине, ерте жүктіліктің ертеңі күмәнді. Ең біріншіден ол болашақ ананың денсаулығы мен психикасына кері әсерін беруі мүмкін. Себебі, әлемде 15-19 жас аралығындағы қыздардың өліміне себепші фактордың бірі – ерте жүктілік. Деректерге сүйенсек, дүние жүзі бойынша жасөспірім жастағы үш милиион қыз жасанды түсікке жүгінеді екен. Сонымен қатар жасөспірім-аналардың сәбилері жиі шетінеп кететін көрінеді. Яғни ерте жүктілік бізді ғана емес, жер жүзін алаңдатып отыр. Сондықтан ауданда ерте жүктіліктің көрсеткішін төмендету жұмыстарын алғашқы орынға қою керек сыңайлы. Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров Л.Ашироваға «Жастар арасында ерте жүктілікті азайту мақсатында қандай шаралар қабылданады?» деп сауал жолдаған еді, дәрігер-маман қыздарға түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізіп жатқанын айтты. Бұл құптарлық іс. Бірақ осы орайда ата-анаға да зор жауапкершілік артылып отыр. Екі жақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істесе, қандай іс болсын оң шешімін табатыны анық.
Жастар арасында қауіпті саналатын келесі ауру – мерез. Жыныстық жолмен жұғатын бұл ауруды ауданда өткен жылы 5 жас жұқтырған. Ал биыл мерез бір жас жеткіншекті мезі еткен. Бірақ ел ішінде тиісті тексеруден өтпей, өз диагнозын жасырған жеткіншектер де бар. Бұл әсіресе, әскерге барар алдындағы медициналық тексеруде байқалады екен. Жиында әңгіменің ауаны әскерге ауғаннан кейін Т.Жағыпбаров бұл тақырыптан аттап өте алмады. Ол қазіргі жігіттердің жігері құм болмау керектігін айтты. Әр жас денсаулығын жіті бақылап, Отан алдындағы борышын өтеуге асығу қажет екенін тілге тиек етті.
– Қазір ауданда 1683 жас әскерге шақырылған. Оның 318-і ғана әскерге жарайды. Қалғаны денсаулығымда дерт бар деп шағымданады. Бұл жастар арасында толғандыратын мәселе. Комиссия мүшесі болған кезімде жігіттердің ауруы жайлы жиі шағымданатынына куә болғанмын, – деді Т.Жағыпбаров өз кезегінде.
Тазалық баршаға ортақ
Мағжанша айтсақ жастар «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты». Олар қай істі болмасын тез игеріп кетуге әрі одан нәтиже шығаруға қабілетті. Сондықтан ел болашағын ойлаған әр адам жастарға жағдай жасау керек. Жас шақта талантын байқап, қанатын қомдау қажет. Ал біздің ауданда жастар саясаты қалай жүзеге асып жатыр? Бұл мәселе жиын барысында тыс қалмады. Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы жөнінде кент әкімінің орынбасары Болат Баймағанбетов баяндама жасады.
Қазіргі таңда ауданда 14 пен 29 жас аралығын қамтитын 20 129 жас бар. Бұл аудан халқының 25 пайызын құрайды. Бүгінде жастардың кәсібін қолдау кең өріс алған. Мәселен, биыл кәсіпкерлікті дамыту бағытында 80 жасты оқыту жоспарда бар. Сондай-ақ жыл басында 18 жасқа кәсіп ашып, бизнесін дамыту үшін қайтарымсыз грант берілген. Бұдан бөлек, 50 жасты да шағын несиемен қамтамасыз ету күн тәртібінде.
Биыл жастардың назары еріктілікке ауып отыр. Б.Баймағанбетовтің мәліметіне сүйенсек, кент әкімдігі аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, ауданды көркейту-көгалдандыру жұмыстарымен айналысып келеді. Сонымен қатар тағдырдың теперішін тартып, мүмкіндігі шектелген жандарға жәрдем беру немесе жалғызбасты қамкөңіл қарияларға қолғабыс болу да биылғы жылдың еншісінде екен. Әсіресе, кент әкімдігі тазалыққа ерекше мән беруде. Еріктілер жылының қарсаңында тазалық жұмыстарына жастар қауымын да атсалыстырғысы келеді. Бұл тұрғыда Т.Жағыпбаров «Қанша іс-шара ұйымдастырылғанымен, кенттің тазалығы сын көтермейді. Оны өзіміз де байқап жүрміз. Сол себепті тұрғындардың жүрегіне жетіп, жанын қаритын мазмұнды сөздермен немесе басқа да жолдармен тазалықты насихаттау керек. Бұл жауапты мамандарға емес, әр адамға қатысты. Себебі, тазалық баршаға ортақ» деп өз ойын білдірді.
30 мың теңге сыйақы беріледі
Жиында келесі болып сөз сөйлеген аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Шахмардан Нығметов. Әдеттегідей Ш.Нығметов та жастар жұмысын жүзеге асыру үшін қанша қаржы қаралғанын және игерілгені жөнінде мәлімет берді. Одан кейін бертінге дейін ұйымдастырылған шараларға тоқталды. Жастар ресурстық орталығы жыл басынан бері 30 шара ұйымдастырған. Оған 1560 жас қатысыпты. Бұдан бөлек қазірге дейін орталыққа 108 жас құқықтық, әлеуметтік, психологиялық кеңеске жүгінген.
Жастар ресурстық орталығы да еріктілер жылына аса мән беруде. Мемлекет басшысы жарлыққа қол қойған бойда іске кіріскен олар, осы уақытқа дейін кент және ауылдық округтерде, мектептерде 10 кездесу, 10 тазалық акциялары мен 5 қайырымдылық шарасын және 5 жалғызбасты қарияларға көмектесу жұмыстарын жүргізген. Ш.Нығметовтің айтуынша, қазіргі таңда ауданда 130-ға тарта ерікті бар, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 300-ге жеткізу жоспарда. Ал волонтерлық жылға арналған шараларды 100-ден асыру ойда бар. Тағы бір айта кететін жайт, жыл соңында ең үздік ерікті 30 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталуы бек мүмкін. Осы орайда Ш.Нығметов:
– Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғырту мақсатында ауданда волонтерлер жасағын құруға және аудандағы әлеуметтік санатына жататын қарттарға, қамқорсыз қалған балаларға қайырылымдылық көрсетуге, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуге, қол ұшын созуға бірлесе ат салысуға шақырамын, – деп өз сөзін қорытындылады.

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА



14 наурыз 2020 ж. 382 0