Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біткен іс бір төбе, атқарылар іс аз емес

Біткен іс бір төбе, атқарылар іс аз емес


Күн ұясынан енді көтерілген сәтте Еңбекшіден екі құрдас жолға шықтық. Алған бағытымыз ауданның батыс аймағындағы Бәйгеқұм, Тартоғай, Қоғалы елді мекендері. Мақсат – аталған ауылдарда өтетін аудан және ауыл әкімдерінің есебіне қатысу. «Батыс еуропа – Батыс қытай» трассасымен жүйіткіп келеміз. Рөлде аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Бағлан Сейдубатталұлы. Бас сәулетші Бәйгеқұмдағы жағар-жанармай бекетіне аялдап, көлігіне жанармай құюға кетіп еді, сәлден соң «бензин бағасы қымбаттапты» деп келді. Қымбатшылыққа да бойымыз үйренейін деген ау, әйтеуір, екеуміздің түрімізден ешқандай эмоцияның нышаны байқалмады. Әдеттегі үйреншікті жағдай секілді қабылдап, құрдастар арасындағы қағытпа қалжыңымызды әрмен қарай жалғастырып кете бердік.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Бәйгеқұм елді мекені қазіргі таңда ауданда туризмі дамып, кәсіпкерлік саласы орныққан ауылдардың көшін бас­тап тұр. Жыл өткен сайын ауылдағы Хан қожа көліне келіп демалушылар қатары да артқан. Соған сәйкес, демалушыларға көрсетілетін қызмет түрлері де заман талабына сай. Жағалаудағы сапалы қызмет пен сервистік орталықтың қай деңгейге көтерілгенін Бәйгеқұмның суына түсіп, жазғы демалысын осында өткізген әрбір мейман жақсы білетін болар. Осы ретте сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетейік, өткен жылдың өзінде көл жағалауынан тағы 5 үй соғылып, демалушыларға жалға беріле бастаған. Бұл дегеніңіз туризм саласында едәуір алға жылжу бар екенін байқатпай ма?! Жә, Хан қожаға жасаған жарнамамызды осы жерден доғарып, негізгі жұмысымызға көшейік.
Бәйгеқұм ауылдық мәдениет үйіндегі аудан және ауыл әкімінің есеп беру жиынына аудан әкімінің аппаратынан бөлек, ауыл тұрғындары да тайлы-тұяғымен жиналыпты. Өткен жылы атқарған жұмыстарының нәтижесі мен осы жылғы жоспарларымен бөлісу мақсатында мінбеге ауыл әкімі М.Жүсіп көтерілді. Ауыл әкімінің баяндамасынан байқағанымыздай, доңыз жылында ауылдық округте біршама ауқымды іс атқарылған. Мәселен, ауылға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 460 млн теңге бөлініп, аталған қаржыға түнгі жарық бағаналары қойылып, 2 аялдама орнатылған. Демеушілердің есебінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойына маусымдық көкөніс орны ашылған. Сондай-ақ тұрмысы төмен тыл ардагерінің үйі құлап қалуына байланысты ауыл азаматтары асарлатып, 2 бөлмелі жаңадан үй соғып бергенін де білдік. Осы күнге дейін талай ауылды аралап, талай әкімнің есебін тыңдап жүрміз ғой, бірақ Мұхамедәлі мырзаның баяндамасы басқа әкімдермен салыстырғанда бөлекше һәм ерекше көрінді. Ерекше дейтініміз, ауыл әкімі қолындағы қағазына шұқшимай, ойын еркін жеткізіп, атқарған жұмысын жіті түсіндіріп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып отырды. Бірақ баяндаманы беске оқу ауылда барлық мәселе шешімін тапқан деген бағаны білдірмейді. Жиын барысында тұрғындар тарапынан аудан әкімінің назарына бірнеше сұрақтар төпелеп түсті. Соның бірі өткен жылғы есеп беру жиналысында берілген уәде ауылға ауылнай соғу мәселесі қайта сөз болды. Бұл сауалға қатысты Ә.Оразбекұлы: «Қазіргі таңда мемлекет бірінші кезекте мектеп, балабақша, амбулатория сияқты әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне көңіл бөліп отыр. Ал әкімдік ғимараттарын жаңарту мәселесі екінші-үшінші жоспарда тұр» деп жауап берді. Кездесуде көтерілген тағы бір өзекті сауалдың бірі Хан қожа көліне құтқарушылар құрамын ұйымдастыру еді. Оған байланысты аудан әкімі алдағы уақытта облыстық төтенше жағдай басқармасына хат жолдап, шешімін табуға талпынатынын айтты. Ал ауыл тұрғыны Н.Төлепберген Абай мен Бала би көшелерінің жағдайы тым нашар, жауын жауған күндері батпақтан жүру мүмкін емес екендігін жеткізді. Тым құрығанда аталған екі көшеге қиыршық тас төсеп берсеңіздер деген өтінішін де жасырып қалмады. Абай көшесі тұрғынының жанайқайына жауап берген аудан әкімі тышқан жылы қос көшеге тас төсеп, асфальт жаюға уәде берді. Сонымен қатар елді мекенде пошта меңгерушісі мен электрик маман жоқ екен. Электриктің шаруасы әзір шешілмесе де, пошташы жуық арада жұмысына кірісетін болды. Бұдан бөлек ауылдан дәріхана ашу, жол бойындағы сау­­да орындарын ыңғайлы жерге орналастыру, ауылдық мәдениет үйіне ақиық ақын М.Тұрсанов есімін беру туралы да ұсыныстар айтылды.
Келесі халықпен кездесу Тартоғай елді мекеніндегі су жаңа мәдениет үйінде жалғасты. Әдеттегідей алдымен ауыл әкімі Досмат Исақайұлының есебі тыңдалып, одан кейін аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға есеп берді. Сосын халықтың өтініші мен ұсынысын, көкейде жүрген сұрақтарын тыңдауға уақыт бөлді.
Өткен жыл тартоғайлықтар үшін табыс­ты, жетістігі мол жыл болды. Бұл елді мекенге толықтай ауыз су құбыры тартылып, осы жылы ауыл халқына ауыз су берілетін болады, ал жыл соңында заманауи мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген. Оған кәсіпкерлік бағытта ашылған сыйымдылығы 70 орындық асхананы қосыңыз. Ал елді имандылыққа шақырып, жамағаттың бес уақыт намаз оқуына ыңғайластырып салынған мұнаралы мешіттің орталықтан бой көтеруі ауыл келбетін айшықтап, елді мекеннің ажарын айқындай түскендей. Тағы бір жағымды жаңалық – Тартоғай мен Қоғалы ауылдық округіне барар жолдың дарияға дейінгі арасы осы жылдың ортасына таман толық қайта жөндеуден өтеді екен.
Тартоғайдағы түйіні тарқатылмай тұрған ендігі мәселе ауыл сыртына орналасқан балабақшаға бала таситын көліктің қажеттігі мен аудандық емхана қызметкерлерінің тартоғайлықтардың шалғай ауылдан келетінін ескерсе екен деген өтініштері болды.
Түс ауа есеп беру тобы дарияның арғы бетіндегі Қоғалы елді мекеніне барды. Арғы беттегі ағайын аудан орталығынан келген меймандарды ерекше ықыласпен күтіп алды. Іскер басшы Әзиз ­Сейтов ауданнан келген топты алдымен ауыл мектебінің фойесіне ұйымдастырылған жәрмеңкеге алып келді. Мұнда мемлекеттік грантты әртүрлі сала бойынша жеңіп алған 12 кәсіпкер өз қолдарымен дайындаған өнімдерімен таныстырды. Шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрған ауыл халқы әкімдеріне ерекше алғысын білдірді. Расында, Тұрсынбай датқа ауылында кәсіпкерлік бағытта атқарылған шаруалардан бұған дейін аудандық кәсіпкерлік бөлімін басқарған Әзиз Мұхамедиарұлының еңбегі көрініп-ақ тұр. Бір ғана мысал айтайық, мәселен, былтыр ауыл көлемінде 20 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, шағын және орта кәсіппен айналысуға бет бұрған. Бұл бағытта бұрын елді мекенде небәрі төрт кәсіпкер болса, бүгінгі таңда ол көрсеткіш жиырма төртке көбейген.
Мақаламыздың басында талай ауылға барып жүрміз, бірақ Бәйгеқұм ауылының әкіміндей баяндамасын беске оқитын әкім байқамадық дедік қой. Әлгі сөзімізді осы тұста тағы қайталағымыз келіп отыр. Иә, журналистік сапармен ауданға тиесілі барлық ауылдың босағасынан аттап, халқымен кездесу жиындарға қатысып жүрміз, бірақ қоғалылықтар секілді аудан әкіміне «біздің әкімімізді ешқайда алып кетпеңіз» деп өтініш айтып, әкімдеріне шын пейілімен алғыс айтқан жұртты алғаш көрдім. Лайым басқа ауылдардан да Тұрсынбай датқаның әкімі мен халқының арасындағы жылыулық, түсіністік, ынтымақ-бірліктің лебі есіп тұрса дейміз.

Елдос Жүсіп

25 қаңтар 2020 ж. 465 0