Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті айдың жетістігі айтылды

Жеті айдың жетістігі айтылды

Сейсенбі күні Көкшоқы елді мекеніндегі баспасөз орталығында аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі брифинг ұйымдастырды. Брифингте бөлім бастығы Бағлан Әбдірахман жеті айдың жетістігін айтып, жаңа жоспарлармен бөлісті.
Бағлан Сейдібатталұлының дерегіне сүйенсек, биыл ауданда 6 жоба бойынша су және электрмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген. Олардың ішінде Бидайкөл елді мекені 14, 15, 30 кварталдар, Шұғыла – 2, Шұғыла – 3, Шығыс – 4 мөлтек аудандарындағы су құбыры мен электр желісін жүргізу сәтті аяқталған. Сонымен қатар Бірлестік, Ботабай, 1 май елді мекендерін сумен қамтитын күн алыс емес. Бұл жоба бойынша «Сәт-Сервис» және «РЗА» АҚ бас мердігерлері жұмыс істеуде. Нысанның құрылысы тамыз, қазан айларында аяқталады деп жос­парлануда. Ал Тартоғай мен Сұлутөбе ауылдары келесі жылы ауыз сумен толық қамтылады деп күтілуде. Сондай-ақ Қосүйеңкі, Жуантөбе, Ақтам елді мекендері үшін «Жол картасы – 2023» жобасы әзірленген. Демек шалғайдағы ағайын арада төрт жыл өткен соң су тапшылығын сезбейтін болады.
Тұрғын үй мәселесінің де түйіні тарқатылуға шақ қалды. Бұлай деуімізге сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы айтқан ақпарат себеп. Биыл кентте 18 пәтерлі, 3 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оған облыстық бюджеттен 122 750 теңге бөлінген. Бас мердігер «СМП-Қызылорда» ЖШС жүйелі жұмыс істесе, тұрғындар жыл соңында қоныс тойын тойлауы бек мүмкін. Ал 2020-2025 жылдары Береке шағын ауданында 3 бөлмелі, 1 пәтерлі, 25 тұрғын үй бой көтереді.
Кентте тастақты жол құрылысы да қарқынды. Шиелі кентіндегі Шұғыла-2, Шұғыла-3 және Шығыс-4 мөлтек аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым дамыту және жайластыру жұмысы қолға алынған. Жобаның жоғары деңгейде іске асуы үшін облыстық бюджеттен 291 762 теңге қаржы бөлінген. Енді жақын арада «Дострой» бас мердігері құрылысты бастайды. Құрылысты толық аяқтап, халық игілігіне беру үшін бюджет тағы қаражатпен қамтамасыз ету керек. Егер бұл қаржы игерілсе, келер жылы тұрғындар жол азабына тартпайды деген сенім бар.
Сәулет саласында сүйінші сұрайтын жаңалық аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – аудандық аурухананың салынуы. Желтоқсан айынан бастап басы ауырып, балтыры сыздағандар толық құралмен жабдықталған 150 орындық ауруханадан ем ала алады. Бүгінгі күні «СМП-Қызылорданың» мердігерлік етуімен нысан соғылып жатыр. Мамандардың сөзіне сенсек, оның құрылысы жыл соңында тәмамдалып, аудан халқына есігін ашады.
Бұдан бөлек ветеринария саласы бойынша мал қорымының салынуы биыл Тартоғай мен Ә.Тәжібаев ауылында аяқталды. «АК-ЮГ Құрылыс» ЖШС биотермиялық шұңқырдың құрылысын маусым аяғында тәмамдаған еді. Енді келесі мал қорымын салу жұмысы Жөлек ауылында жалғасын таппақшы. Ол 2020-2022 жылдары аралығында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 13 489 теңге көлеміндегі қаржыға өтініш жіберіп қойған.
Шиелі ауданындағы құрылыс келер жылы өз қарқынын үдете түспек. Себебі, бірнеше нысанның нобайы сызылып, тиісті орынға өтініш айтылып қойған. Мәселен, Жиделіарық ауылында 150 орындық ауылдық клуб құрылысы үшін ұсыныс айтылды. Содан кейін кенттегі тарихи-өлкетану мұражайының ғимаратына қосымша ғимарат салу жоспарда бар.

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

24 тамыз 2019 ж. 746 0