Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер кезегі қалай жылжып келеді?

Жер кезегі қалай жылжып келеді?

Елбасы халыққа кезекті жолдауында жер қатынастары мәселесі бойынша қиындықтар барын атап, билікпен тұрғындар арасында барынша ашықтықтың болуын қатаң тапсырған еді.
Өткен жылдың соңындағы мәлімет бойынша республикада 1 млн. 200 мың адам жер кезегінде тұр. Жалпы, баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй салуға берілетін жер телімдері төңірегіндегі барлық шаралар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылады. Ал, бұл бағдарлама біздің ауданда қалай жүзеге асуда?
Аудандық жер бөлімі қызметкерлерінің берген мәліметі бойынша кент ішінде 7152 тұрғын жер кезегін күтіп отыр. Олардың алды тұрғын үй салуға жер телімін алу үшін осыдан он екі жыл бұрын тіркеліп қойғандар. Дегенмен, бұл көрсеткіш ауданда мүлде жер телімі беріліп жатқан жоқ деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымыздай, өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында бірқатар шаруалар да атқарылуда. Мәселен, кенттегі «Шұғыла-2», «Шұғыла-3», «Шығыс-4» мөлтек аудандарында инженерлік инфрақұрылым құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Яғни, электрмен жабдықтау, су жүргізу, тас жолдарын салу шаруалары бас мердігерлер «Электромонтаж» АҚ мен «Ақмешіт-Мелиоротар» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Инфроқұрылым келер жылы толықтай аяқталып, жер телімдері тұрғындардың игілігіне тапсырылмақ.
Одан бөлек кентте үш қабатты,18 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмысына облыстық бюджеттен 122 млн 750 мың теңге қаралып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
– Алдағы уақытта бас мердігері анықталған соң, үнемделген қаржылар бюджетке кері қайтарылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілетін болады. Нысан 2020 жылы беріледі деп жоспарланып отыр – дейді, қала құрылысы және сәулет бөлімінің маманы.
Сондай-ақ, өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша Тартоғай елді мекенін сумен қамту жүйелерінің және бас су қоймасының құрылысымен қатар Сұлутөбе, Бірлестік, Ботабай, 1 Май ауылдарына су жүргізу үшін алғашқы қадамдар жасалып та кеткен.
Жалпы, тұрғын үй мен жер мәселесі бойынша кенттегі атқарылып жатқан шаруа осылай. Ал, ауылдық жерлерде жер телімін алу аса қиындық тудыра қоймайды. Айта кету керек, кентке жақын ауылдардан инфроқұрылым жұмыстары жүргізіліп, жер телімдері ауыл тұрғындарынан бөлек қажеттілігіне қарай кент ішінде кезекте тұрған азаматтарға да үлестірілуде. Атап айтсақ, жыл басынан бері Ы.Жақаевтан – 50, Гигант ауылдық округінен – 113, Жуантөбеден – 60 азаматқа тұрғын үй салу мақсатында жер телімі берілген.

Гүлхан ЯХИЯ.
20 сәуір 2019 ж. 2 679 0