Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аң-құс аулаудың тәртібі күшейді

Аң-құс аулаудың тәртібі күшейді

Атадан балаға мұра болып келе жатқан аңыздарға зер салсақ, ер жігіттің жеті қазынасы болған. Олар – ақылды жары, жүйрік сәйгүлігі, аңшы бүркіті, адал иті, мылтығы, қақпаны мен қазаны. Ол замандағы күн көрістің негізгі көзі аңшылық болғандықтан, сәйгүлік, бүркіт, ит, қақпан мен қазан қазына болып бағаланған. Сондай-ақ табиғаттың тепе-теңдігін сақтау үшін аңшылар «Дала заңы» деген қағиданы ұсынған.

Газеттің өткен сандарында аңшылық өнер, дала заңы туралы әңгіме өрбіткен едік. Дала заңы деген астамшылдық жасамау. Яғни аңшы ақылы мен айласының арқасында аңды аулаған. Саятшы кездестірген олжасына ескертусіз оғын бағыттамаған. Яғни ысқырып болмаса басқалай белгі береді. Қашқан жануарды құрықтай алса, мықтылығы, оғын жеткізе алмаса, аңның әлі көрер жарығы болғандығы. Осы заңның арқасында кең байтақ қазақ даласында «Қызыл кітап» деген болмаған. Үлкен кісілердің сөзіне сенсек, қыстың қақаған аязында қарақұйрық пен еліктер ауыл кезген.
Ал бүгін ше? Қарақұйрық пен елікті көк жәшіктен көретін болдық. Жүйрік жануардың орнын жол таңдамайтын көлік, садақ пен найзаны, неше түрлі қарулар алмастырды . Қырғауылды ұшқан, ақбөкенді шапқан жерінде қалдыратын қарулардың көмегімен аңшылар да айласын асырып жатыр. Соңында жабайы аңдардың саны азайып, қызыл кітап пен тыйым салынған заңдар пайда болды. Бүгінгі күні аң аулау үшін аңшы куәлігі, салық заңнамасында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына берген Ішкi iстер органдарының рұқсаты, жыртқыш құстарды белгiленген тәртiппен берiлген тіркеу туралы құжат болуы тиіс.
Сонымен қатар заңсыз аң аулаушылар үшін 2020 жылдан бастап заң күшейтілді. Яғни 2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылатын болды. Ендігі жерде қылмыскерлер 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға, ал қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жылға дейін, қызыл кітапқа енген киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін темір торға тоғытылады. Браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралдары, қару-жарақтары, көлігі мен мүлкі тәркіленеді. Заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру құқық қорғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болады.
Қазақстан аумағында аңшылық нысандарына құстардың 59 және сүтқоректілердің 34 түрі жатқызылады. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, аңшылық жүргізу тек аңшылық шаруашылықтар аумақтарында ғана рұқсат етіледі. Шиелі ауданында 12 аңшылық алқап орналасқан, олардың жалпы көлемі 4,1 млн га-ны құрайды.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға» деп Абай Құнанбайұлының өлең шумақтарында айтылғандай, аңшылар қансонарды күтеді. Қар ­жауып, жер ақ қармен көмкерілгенде қыбырлаған аңды ­алыстан байқауға болады. Бірақ аң аулауға рұқсат алу үшін 120 шақырым қашықтықта орналасқан облыс орталығына жол жүру керек. Бұл әрине, ауылда тұрған аңшыға оңай түспейтіні анық. Сол себепті осы құжатты алу жолын жеңілдетсе, яғни ұзаққа жол жүрмей, ауданнан алуға мүмкіншілік болса, орын алып жатқан қылмыс саны да азаяр еді. Айта кетейік, «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарымен бірлескен рейд жүргізілу барысында 2 балық аулау, 2 аң аулау бойынша хаттама толтырып, айыппұл салынған.
Табиғат – бізді қоршаған орта. Оны сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету – әрбіріміздің борышымыз. Сол себепті заңды аттамай, қоршаған ортаны қорғауға барлығымыз атсалысуымыз қажет.

Ерұлан ДАТКЕНОВ


21 қаңтар 2020 ж. 563 0