Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркін сұхбат ел болашағы үшін маңызды

Еркін сұхбат ел болашағы үшін маңызды

«Құтты қонақ келсе, қорадағы қойың егіз табады» деген қазақтың баласы емеспіз бе?! Жексенбі күні Шиелі топырағына бас қала Нұр-Сұлтаннан арнайы ат басын бұрып, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Г.Шиповских пен Б.Смағұл жұмыс сапарымен келді. Тышқан жылының алғашқы жұмыс күнін біздің өңірден бастаған мәжілісмендердің бұл сапарын өзімізше жақсылыққа жорып, енді ғана парағы ашылған екі мың жиырмасыншы жыл шежірелі мекен үшін қайырлы һәм берекелі болсын дедік.

Қос депутатты аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов пен «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет күтіп алды. Халық қалаулыларының таңғы сапары ауданның теріскейінде орналасқан Ә.Тәжібаев ауылынан басталды. Мәжілісмендер Телікөл ауылдық мәдениет үйінде халықпен кездесіп, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ мұндағы жұртқа елімізде мал ұрлығы, зорлық-зомбылық, ішімдік ішіп көлік жүргізуге қатысты заңның күшейтілгенін ескертіп, заңды қаталдату арқылы жалындай жалмап бара жатқан ұры-қарының ауызын тыйып, қылмыстың алдын алатындарын айтты. Бұдан бөлек елді мекеннің алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жос­парына көз жеткізді. Сондай-ақ депутаттар дүйім елдің өтініш-тілектерін тыңдап, жиналған жұртпен емен-жарқын әңгіме айтып, еркін сұхбат құрды. Осыдан кейін өңірдің бас өндірісі «Гежуба Шиелі» цемент зауытына ат басын бұрып, зауыттың қазіргі жұмысын көзбен көріп шықты.
Келесі кезекте «Semizbai-U» ЖШС «Иіркөл» филиалы мекемесіне табан тіреген меймандарды зауыт басшысы Мұқанбетжан Салқынбаев күтіп алып, өндіріс мекемесінің жұмысы жайлы толық мәлімет берді. Жалпы «Semizbai-U» ЖШС «Иіркөл» филиалы бір мүшелден аса уақыт аудан халқына тоқтаусыз қызмет көрсетіп келе жатыр. Мекеменің бүгінге дейін жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, мұнда экологиялық тазалыққа ерекше көңіл бөлініп, күн сәулесі арқылы электр энергиясын пайдалану да бір жүйеге келтірілген.
Айта кетейік, аталған мекеменің қағазбастылықтан толық арылғанын көзіміз көрді. Олай дейтініміз, мұнда жұмысшылар арнайы электронды құрылғы арқылы өздеріне қажетті барлық мәселені шеше алады. Күнделікті тамаққа тапсырыс беруден бастап, еңбек демалысына шығуға өтініш жазу да осы құрылғы арқылы шешімін тауып жатыр.
Өндіріс орнын аралап, жұмыс барысымен танысқан депутаттар жұмысшылармен дөңгелек үстел басында бас қосты. Жұмысшыларға жыл басынан бері қабылданып жатқан жаңа заң жобасын таныстырды. Сонымен қатар еркін диалог жасап, жұмысшылардың ой-пікірін білді.
Бас энергетик Болат Медетбековтің зейнет жасын қысқарту жайлы сұрағына Мәжіліс депутаты Г.Шиповских: «Бұл мәселе ел арасында жиі көтеріліп, қоғамдық талқылауға түсіп жүр. Жеке өзім темір жол саласында қызмет еттім. Ол жерде мемлекет пен мекеме арасында келісім шарт бар. Шартқа сәйкес, жұмысшы 57 жасында зейнетке шығады. Ал оның зейнет ақысын мемлекет пен мекеме өзара келісіп, екі жақтан төлейді. Сол тәжірибені сіздерге де жүзеге асыруды Парламентте ұсыныс етіп көтеретін боламыз», – деді.
Күн бесіннен ауғанда халық қалаулылары аудан іргесіндегі Иіркөл ауылдық округіне табан тіреді. Меймандарды ауылдың батагөй ақсақалдары күтіп алып, диқан бабаның басына барып, Құраннан дұға бағыштады. Дәстүрді дәріптеп, ата жолынан жаңылмаған ел ағалары Ы.Жақаев ауылының тұрғындарымен ауылдық мәдениет үйінде жиын өткізді. Сонымен қатар даңқты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев музейіне бас сұғып, көне жәдігерлердің куәсі болды.
Депутаттар Сыр еліне жасаған сапарының соңғы нүктесін сексен жылдық тарихы бар, ауданның айнасына айналған қара шаңырақ «Өскен өңір» редакциясында қойды. Тумысынан қазақы ауыз әдебиет пен жыр-дастандарды жаттап өскен Бақытбек Смағұл ағамыз редакцияның шығармашылық тобымен кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты. Өз кезегінде газет ұжымы да келген қонақтарға түйіткілді сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптарына қанық болды.

Елдос Жүсіп

06 қаңтар 2020 ж. 790 0