Марапат төрінен көрінген кәсіпкер
Еңбекке ынталы жанның екі қолына бір күрек табылары сөзсіз. Мемлекет тарапынан да кәсіпкерлікке қолдау білдіріп, қолдан келер істің көзін табуға баулып жатыр. Несін айта берейік, жыл басынан бері ісін өрге домалатқан кәсіпкерлерді жазып та, айтып та келеміз. Ал Марат Палжанов үзеңгілестерінің қатарынан оза шығып, жылдың «Үздік кәсіпкер – 2019» номинациясын иеленді.
Еңбек жолын 1992-2007 жыл аралығында Қызылорда қаласындағы Ішкі істер басқармасында «Арлан» арнайы жасақталған бөлімшесінен бастаған Марат Палжанов 2008 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ол «Даму» қоры арқылы 9 млн теңге көлемінде субсидия алып, қыш өндіру ісін бастаған. Бүгінгі күнге 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Негізі кірпіш өндірумен айналысып жатқаныма 15 жылдың жүзі болды. Кірпіштің кесек және қыш түрін шығарамын. Алғаш Қызылорда қаласында кішігірім жерді жалға алып, жұмыс істеп жүрдім. Кейін 2012 жылы кәсіпкерлікке қолдау бар дегенді естіп, жан-жақты іздендім. Нәтижесінде Жуантөбе ауылдық округінен 5 га жер алып, өз ісімді бастадым. Барлық кірпіш өндіруге қажетті аппараттарымды көршілес Қытай елінен алдырттым. Тынбай еңбектенудің арқасында тұрақты тұтынушыларым да пайда болды, – дейді кәсіпкер.
Биылғы жылы 1 млн дана қыш өнімін өндіріп, Шиелі ауданы мен Түркістан облысын сапалы қыш өнімдерімен қамтып отыр. Марат Палжановтың ұжым басқаруда, басшылық қызметтерде тәжірибесі мол, ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеті жоғары екенін бірден аңғаруға болады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтуді де мақсат етіп отыр. Біліктілігі мен кәсіби шеберлігін арттыру үшін өзге жақтың кәсібінен де хабардар болуға тырысатынын айтады. Одан бөлек ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарына, қайырымдылық іс-шараларға да белсене араласады. Кәсіпкерлік саласында жұмыс тәжірибесі өте мол, көп жылғы адал еңбегімен өндірістік тапсырмаларды орындауда үлкен жауапкершілік танытып келеді.
Иә, «Еңбек етсең, емерсің» дейді дана халқымыз. Расымен де, қандай бір жасалған жұмыстың өзіндік нәтижесі болады. Адам баласының қолынан келмейтін жұмысы жоқ, тек оған ынта мен жігер болсын деңіз. Алысқа ұмтылғанның арманы асқақ болатыны бесенеден белгілі. Алайда, сол алыста тұрған арманның бастауы сіздің қолыңыз жетіп тұрған қарапайым ғана еңбекте екенін екшей бермейміз.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ