Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл жаңалықтары

Жыл жаңалықтары

Әне-міне дегенше доңыз жылы да соңына таяп, босағадан тышқан жылы сығалап тұр. Бұл жыл шиеліліктер үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Әлеуетін арттырып, өндірісін өркендеткен, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, индустрияға бет алған Шиелі ауданының жыл басынан бергі тыныс-тіршілігін саралап көрелік.

Биылғы жылы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, кезінде Кеңес Одағына аты жайылған, шығармалары әлем халықтарының тіліне аударылған қаламгер Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойы үлкен көлемде аталып өтті. «Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария... Екінші дария жыр дариясы... Жыр дариясы ұшы-қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев» деп лайықты бағасын алған даңқты ұлдарын ұлықтаудан жаңылмаған ел екенімізді аңғартқан едік. Сонымен қатар аудан айнасы саналатын «Өскен өңір» газетінің 80 жылдық мерекесі де ескерусіз қалмады. «Алтын күз – 2019» мерекесінде алысты-жақынды туған жерден түлеп ұшқан азаматтардың басын қосып, дүбірлі той жасаған Шиелінің биыл да қамбасы дәнге толды. Жаңалықтың жаршысына айналған «Өскен өңір 80 жыл» атты кітаптың тұсауы да кесілді. Жағымды жаңалықтардың легін одан ары жалғар болсақ, Гигант ауылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауының ІІ орын иегері атанды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізілген байқауға тіректі елді мекендер мен басқа да ауылдық округтер қатысты. Ауылдық елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған конкурста үзеңгілестерінен оза шауып, жүлделі орынға табан тіреген Гигант ауылына 7,5 млн теңге қаржылай сыйлық табыстаған еді. Аталған ауыл әкімі Айтбай Жандарбеков бұл сыйлықтың 80 пайызын ауылды көркейтіп көгалдандыру жұмысына жұмсайтындығын да айтқан болатын. Ендеше тышқан жылында да жағымды жаңалықтар күтеміз.

Қазіргі таңда ауданда кәсібімен қанатын кеңге жайып, тіршілігінің тасын өрге домалатып отырған азаматтар аз емес. Олар өңір экономикасының артуына ғана емес, әлеуметтің әлеуеті жақсаруына да сеп болуда. Мәселен, «Әбдіманап базары» ЖШС директоры Әбдіғани Шорабаевты айталық. Оның бір игі ісіне Қарғалы жұрты куә болғаны естеріңізде болар? Себебі, аталған елді мекенде кәсіпкердің қолдауымен 165 орындық мешіт бой көтерді. Ауылдағы жамағаттың көңіліне нұр сыйлаған сауапты іске ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы ыстық ықыласын білдіріп, Құраннан дұға бағыштаған еді. Биылғы жылы ел игілігіне ұсынылған жаңа нысандардың бірі – аудандық аурухана. Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Қ.Ысқақов пен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.Әбішевтің қатысуымен 150 орындық аурухананың ашылу салтанатына куә болғанбыз. Аурухана қолданыста бұрын да болған, бірақ қызметі бірнеше есе жетілдірілген лапроскопиялық ота жасайтын видеостойка, жаңа туған нәрестеден бастап ересектерге дейін қолдануға болатын жасанды желдендіру аппараттары, шала туған нәрестелерді бірқалыпты жылуда ұстап тұратын кювездер, ауыр жағдайдағы науқастардың жатуына ыңғайлы автоматты түрде көтеріліп-түсетін функционалды кереуеттерден бөлек, жаңа техникалық жабдықтармен қамтылған. Бүгінгі күні ақ халаттылар жаңа ғимаратқа орнығып үлгерді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

28 желтоқсан 2019 ж. 594 0