Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жырдария

Жырдария


Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария, Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария... Екінші дария – жыр дариясы... Жыр дариясы ұшы қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев.

Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ,
ақын, қоғам қайраткері

Ақиық ақын Жұбан Алматыда Әбекеңнің 70 жыл­дығына арналған салтанатты жиында осыдан қырық жыл бұрын 1979 жылы жасаған баяндамасын осылай бастап еді. Осы сөзі сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Жырдария» деген тақырыппен бір бет болып жарияланды да.

Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ірі тұлға, елімізге ғана­ емес, кезінде Кеңес Одағына аты жайылған, шығармалары әлем халық­тары тілдеріне аударылған Сыр бойынан шыққан әйгілі қаламгерлер аз емес. Кеңестік дәуір­дегі әдебиеттің өкілдері – алдыңғы буын­ Қалмақан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Мұхаметжан Қаратаев, олар­дың ізбасар­лары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Шүкіров, келесі лек – Оразбек Сәрсенбай, Дүкенбай Досжан, Тынымбай Нұрмағамбетов, Бекділдә Алдамжаров, Қаржаубай Омаров, Сұлтанәлі Балғабаев, олардан кейін де әдебиетте өз сөздерін айтып келе жатқан жүзден астам ақын-жазушы, әдебиетші ғалым бар. Осынау бірінен бірі өткен жүйріктердің қалың шоғырынан Сыр елінің ХХ ғасыр адамы атану Әбділда Тәжібаевқа бұйырыпты.
бекең көзі тірісінде-ақ үлкен де, кіші де мойындаған классик, қазақша ұғымға салсақ, әдебиетіміздің абызы атанды. Қазақ елінің астанасы 1925 жылдың көктемінде Орынбордан Ақмешітке көшіп келгенде жергілікті қала жастарының атынан құттықтау сөзін тақпақ өлеңмен арнаған бір аяғын сылти ілбитін жұдырықтай талапты бала арада он жыл өткенде талантты ақын болып танылып, қазақ кеңес әдебиетінің марқасқаларымен қатар­ласа аяқ бас­ты. Қазақ әдебиетінің асқар алыбы Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтсақ, «Әбділда Тәжібаевтың өмірбаяны – бір есептен қазақ кеңес әдебиетінің өмірбаяны. Ол алыптар тобы – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтардың ізін басып әдебиетке келген, сол алыптардың тобына өзі де қосылатын еді». Салмақты асыл сөзін оңды-солды шаша бермеген Ғабеңнің аузынан шыққан бұл баға Әбділда кім деген сұрақтың түйінді жауабы. Қазақстан халық жазушысы Әбекеңнің әдебиет тарихында алатын орнын айқын көрсеткен темірқазық.

Көпті көрдім, көп жасадым,
Көрдім Сәкен, Бейімбетті,
Қатар тұрып жыр қашадым,
Мені олар да құрмет етті, – дейді, шайырдың өзін тыңдасақ. Бірақ, бұл құрметке жеткенге дейін Әбділда бала тағдырдың біраз соқтықпалы соқпақты жолынан өтіп еді.

Әбділда Тәжібаев 1909 жылы 4 ақпанда дүниеге келген. Ол алты жасында жетім қалып, анасы Айманкүл екі баласын – ұлы Әбділда мен қызы Зылиханы алып Перовскіден (Қызылорда) батысқа қарай 175 шақырымдағы Қараөзек темір жол стансасында тұратын төркін жұртын паналауға мәжбүр болады. Бірақ, ауыр тұрмыс тауқыметі мұнда да көп аялдатпайды. 1918 жылдың қысына қарай ел ішіне келген сүзек індетінен ауылдың жартысы қырылып кетеді. Бұл дәрігерсіз қазақ халқының қай жерде болсын басына түсіп тұратын жағдай еді. Паналап барған нағашы атасы мен әжесі, қарындасы қайтыс болады, анасымен екеуі өлім аузынан қалады. Жазға ілбіп жетіп, ана ұлын шілдеде күн сайын құм бұлауға салып, қазақы еммен емдейді, бала бойын қармап қалған суықты құмның ыстығымен шығарып, таяққа асылмай жүретіндей халге жеткізеді. Бірақ, ауыр дерт бәрібір белгісін өмір бойы қалдырып кетті. Әбділданың сол аурудан оң аяғы қысқа болып қалды.
Қалада кеңес өкіметі жетім-жесірге қарасады екен деген сөз тарап, Айманкүл ұлын жетектеп 1919 жылдың күзінде Ақмешітке көшіп келеді. – Күн көрдік, өлгеніміз жоқ. Бірақ, тірлігіміздің сәні де болмады. Кейде аштарға беретін бидай ботқасынан кезекке тұрып ыстық ботқа аламыз. Ол әбден тойынатын күндеріміз. Көбінесе әлсіз адамдарға мұндай ботқа да жетпей қалады, – деп жазады Әбекең кейін өзінің естелігінде..
Әбділданың арабша сауатын анасы ашады. 1922 жылы Ақмешіттегі жетім балалар интернатына қабылданар кезде қара танитын сауаты болғандықтан бірден үшінші сыныпқа алынады, 1927 жылы Шымкентте жеті жылдық мектепті бітіріп шығады. Осы мектепте келешек қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлымен, қаламгер Құрманбек Сағындықовпен бірге оқиды.
Қазақ мемлекеттік универ­си­те­тінде оқып жүрген жерінен шақыру­мен 1931 жылдан 1933 жылға дейін Қарсақбайға барып, «Қызыл кенші» газетінің алғашқы редакторы болды. Мұнан кейін жастар газеті «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде редактордың орынбасары, 1934 жылдан 1944 жылға дейін он жыл – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты – қоғам қайраткері болды. Елуінші жылдардың аяғында «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, кейін 1960 жылдан 1984 жылға дейін тағы да Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында Жамбыл бөлімінің меңгерушісі, Әдебиет және өнер институтында театр өнері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Әбекеңнің өмір жолын қысқаша шолып айтсақ, осындай белестерден өтіпті.
Тарихы тұңғиық сыр, сырлы әлемі жауһар жыр Сыр елінде туған Әбділдаға анасы Айманкүлден дарыған ақындық қабілет сол замандағы дәстүрге сай әуелгіде халық ауыз әдебиетінен, халық ақындарынан нәр алды. 1927 жылдан өлеңдері баспасөзде жариялана бастайды. Тұңғыш жинағы «Жаңа ырғақ» деген атпен 1933 жылы шықты. Қалам ұстағаннан замана лебіне желдей ескен жырлар жазған балаң жас шыңдалып қана қоймай, бастарына түскен қилы-қилы заманда азаматтық болмысын сақтай алды. Оқырмандарына 40-тан астам кітабын ұсыныпты. Мөлдір лирикадан бастаған ақын «Күй атасы», «Абыл» сияқты толымды эпикалық дастандарға қалам тартты. Қазақ поэзиясының елеулі туындылары ретінде бағаланған «Гүлден дала», «Аралдар», «Жастық жырлары», «Кешеден бүгінге», «Көне қоңырау», «Жаңа өрімдер», «Құрдастар», «Толағай» және басқа да жыр жинақтарын бірінен кейін бірін шығарып, ақындық қуатын танытып, тәнті етіп жатты.
Әбділда ақын шығармашылығын сөз еткенде оның туған жері – Сыр еліне арнаған жырларына соқпай кетсек, Сыр перзенті туралы әңгімеміз толымды болмас еді. «Неміс ақыны Гейне Рейнді жырласа, Сырдың Гейнесі мен болам» деп1935 жылы тың теңеумен «Сырдария» деген өлеңін жазды. Ақын одан кейін де туған жерге талай шумақтарын арнады. Солардың ішінде «Сыр жырлары» шайырдың жауһар туындылары қатарында аталады. Өлеңнің өн бойынан жылылық, сағыныш лебі еседі. Бұл өлең сыртта жүрген әркімге-ақ елге барғанда талайдан көрмеген бір кездегі балауса қыз – парталасын кездестірген сәтті еске салғандай. Өлеңнің үзіндісінің өзі адамды алысқа жетелеп алып кетеді.

Көп жылдармен өткізген соң арасын,
Туған жерге оралып бір барасың.
Алар күтіп әжелер де алдыңнан,
Арқалаған баласының баласын.

Көрейін деп бала күнгі сырласын,
Келеді әне кемпірден бір құрдасым.
Есіме алдым елестетіп жастағы,
Көк шыбықтай солқылдаған тұлғасын. ...

Бір кездегі балапан қыз – балдырған,
Ынтықтырған, талайды естен тандырған.
Алдымда тұр әже атанып сол Еркеш,
Жастық көркін жырақтарға қалдырған.

Әбекеңнен қалған мұра мол. Шығармашылығы сан қырлы болып келгенімен, ол ең алдымен ақын, ақын болғанда да қазақтың жайқалған қою жыр бағында сыр шерткен, ой толғаған нәзік те өршіл жырлармен толтырған кең тынысты ақын. «Ол өнер бәйгесінің алдын бермеген жыр дүлділі. Мөлдір суды шыңыраудан тартқан құдықшыдай, маржанды мұхит түбінен алатын іздеушідей, асыл жырды тереңнен ғана тартатын жыр құдіретіміздің бірі» дейді көрнекті әдебиет зерттеуші ғалым Мырзатай Жолдасбеков. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын да 1974 жылы «Көне қоңырау» ақындық шығармасы үшін алды.
Әбділда әдебиеттің барлық жанрында – поэзия, проза, драматургия, киносценарий, сын саласында қалам тартты. Әбекең өз естелігінде драматургияға Мұхтар Әуезовтің ықпалымен келгенін жазады. «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Той боларда» және басқа да пьесалары қазақ драматургиясының елеулі табысы ретінде қабылданып, талай жыл театрларда қойылды, Н.Погодинмен бірлесіп жазған сценариі бойынша түсірілген «Жамбыл» көркем фильмі қазақ киносының алтын қорында сақталған. Әдебиет, өнер зерттеумен айналысып, ғылым да қуды. «Өмір және поэзия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен тарихы» туындылары – ғылымда қалдырған ізі. Осы еңбектері үшін филология ғылымдарының докторы, профессор атанды. «Жылдар, ойлар», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» естелік эсселері қазақ әдебиетінің ғана емес, кеңес заманындағы қазақ қоғамының сөйлеп тұрған тарихы, рухани келбеті.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Әбділда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болды. Қызметі үшін емес, бала күннен бір аяғы кеміс болғандықтан әскерге шақырудан бос қалған. Бірақ, отызыншы жылдардың аштығынан, «халық жауларын» іздеген ойрандардан аман қалған ел зиялыларына да соғыс шарпуы тие бастайды. Алды сарбаз киімін киініп, сапқа тұрып қойған, майданға аттанып жатыр. Мұхтар, Сәбит, Ғабиттер әскери даярлыққа шақырылған. Басқалар да осындай елеңдеген күйде. Біразының шаштары сыпырылған. Ұлт әдебиеті күйреуі мүмкін. Ойлаудың өзі сұмдық! Толғана келе Әбекең тәуекелге бел буып, Қазақстанның басшыларымен келісе отырып, ұлт әдебиетінің мәйегі 19 қаламгерге қорғаныш сұрап, шілде айында Сталинге жеделхат жолдайды. Көшірмесін КСРО Жазушылар одағы басқармасының төрағасы А.Фадеевке жібереді. Он күн өтпей рұқсат келіп, бір «уһ» дейді-ау. Күпті көңіл орнына түскендей. Міне, бұл да ұлт үшін жасалған ерлік. Сол 19-дың ішінен бронын қалтасына салып, өз еркімен соғысқа аттанған жалғыз Қалмақан Әбдіқадыров қана екен.
Әбділда жазушылар шоғырын апаттан алып қалумен іс бітті демейді. 1942 жылғы көктемде өршіл ер мінезімен, ақсаңдай басқан аяғымен тура соғысқа өзі тартты. Бұл жанкешті оқиға туралы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында қаһарман Бауыржан Момышұлы Әзілхан Нұршайықовпен әңгімесінде былай деп:
– Қазақстан Жазушылар одағына хат жазғанмын. Қазақстан жазушылары, мынау сұрапыл соғысты өз көздерімен көрмей үйде отырасыңдар ма? Ертең соғыс туралы шығарманы қалай жазасыңдар? Бұл соғыс тарихта да, әдебиетте де атаусыз қалатын соғыс емес дегенмін. Адам қасында жүргеннің қадірін біле бермейді. Әбділда деген ұлы ақын, ұлы азамат қой, шіркін! Өзің ойлашы, сен бір ауыз сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың ішінде жүрген саған қай досың артыңнан іздеп келеді? Шешең келсе келер, әкең келсе келер. Ешкімнің әмір-бұйрығынсыз, соғыс кезінің әр сағат, әр тәулігі өліммен ұштасып жатқан ауыртпалық қиыншылықтарына қарамастан майдандағы солдаттарға сәлем беремін деп келу үшін адамға қаншама қажыр-қайрат, адамгершілік, азаматтық, сүйіспеншілік керек десеңші! Соны мен бірінші рет осы Әбділданың басынан көрдім. Ақпейіл ақынның аңқылдап майданға келіп қалғанын бір-ақ білдім. 1942 жылдың сәуірінде жолда машиналарына бомба түсіп, істен шығып, Калинин облысының қара батпағын жарымжан аяғымен тізеден кешіп, жиырма шақырым жаяу жүріп, қап-қара боп түтігіп Талғар полкына келген Әбділданы көргенде төбе шашым тік тұрды. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай, дыбысым шықпай оны бас салып құшақтай алғаным есімде. Солдаттардың қаһарлы командирінен арсалаңдаған балаға айналып кеткен сияқтандым. Ол қазақтың Қаратауын қасыма әкеп қойғандай болды. Алатауға арқамды тіреп тұрғандай болдым. Әбділдамен бірге бүкіл қазақ даласы көшіп келген сияқтанды.
– Неге келдің? Төбеден бомба жауған майданда өліп қалсаң қайтесің? Неге келдің, Әбділда? – дедім мен бір кезде даусым шығып.
– Өлсем сенен жаным артық па? Мынау тұрған көген көз боздақтардан жаным артық па? – деді ол.
– Біз солдатпыз, сен ақынсың ғой, Әбділда-ау.
– Солдатыма сүйегім сырқырамаса менің нем ақын, нем азамат, Бауыржан?! – деп әбден қажып келген Әбділда сылқ түсіп блиндаждың жиегіне отыра кетті.
Елдің хабарын айтып, жалынды өлеңдер оқып Әбділда менің де, менің полкымның жауынгерлерінің де құлақ құрышын қандырды. Солдаттар Әбділданы әкесіндей көріп кетті. Әбділданың әкедей ақылгөй, шешедей мейірбан, парасатты өлеңдеріне тәнтімін. Мен үшін қазіргі өзге ақындар бір төбе де, Әбділда бір төбе. Соғыстың қақап тұрған қатал жылында қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың асқақ үні кернеді. Ол үн жауынгерлердің жүрегіне қайрат боп тұнып, Калинин орманының ішін кернеп кетті. Соғыстан кейін жігіттердің бірі маған әзілдеп:
– Бауке, жел соқса Калинин облы­сы­ның орманына дейін қазақша ән салады екен, – деді.
– Ән салса оны 8-інші гвардиялық Панфилов дивизиясының жауынгер­лерінен, сол жерге келген қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтан үйренген болар, – дедім мен оған шындап. Романда Бауыржан ақын досының ерлігін осылай еске алыпты.
«Мен кешеден келдім бүгінге» деген 1977 жылы жазған поэмасында осы майдан сапары туралы ақын былай тебіренеді:

Қанша күн өтті,
Неше рет қондым орманда.
Отырдық екен
От жағып қанша тоңғанда.
Қанша рет өлең
Оқыдым екен оларға,
Үзіліп атыс,
Сәл ғана тыныс болғанда.

Тарихқа түгел
Барлығы керек десек те,
Қайтемін бәрін
Олардың түгел есептеп.
Барып ем қыста,
Бұрқырап тұрған боранда,
Қайттым ғой елге
Тұрғанда алма шешектеп.

Осы майдан сапарынан елге оралған Әбділданың «Бауыржанға» деген өлеңі республикалық газеттерге басылады. Оны Самуил Маршак орысшаға аударып, 1942 жылы мамырда одақтық «Известия» газетіне жарияланады. Қаһарман майдангер Бауыржан Момышұлы есімі алғаш осылай әйгілі болыпты. Бауыржаннаманы Әбділда бастайды. Осыдан кейін барып «Правда», «Красная звезда» газеттерінде Бауыржан туралы хабарлар басылыпты. Александр Кривицкийдің очерктері, Александр Бектің атақты «Арпалыс» кітабы дүниеге келеді. Қазақ ақындарының Баукеңе өлең арнамағандары кемде кем шығар-ау. Тарих осылай ақын аузымен сөйлеген, халық өз батырын ақын арқылы таныған. Бұны қалай ақынның халық алдындағы ерлігі демеске.
Замандастары өз естеліктерінде Әбділданы ақын болу міндет емес, азамат болу парызың деген қағиданы ұстанып өткен, қаламгерлік қарымы азаматтығынан қуат алып, тең ұстап жүре алғандығын баса айтады. Ә.Тәжібаев – шын мағынасында азамат ақын. Ол сонау алғаш әдебиетке келген көк шыбық күнінен бастап ... қазақ кеңес поэзиясының қалаулы көшбасшысы болып, құрметті патриарх дәрежесіне көтерілгенге дейінгі елу жылдық шығармашылығында өресіз күйкілікке, өзімшілдік пен мардымсыз күйбең тірлік төңірегіне шырмалмаған. Оның шығармашылығына әрдайым арқау болып еніп отыратын тұрақты тақырыбы – азамат ұлдың адам мен қоғам алдындағы қарызы мен парызы», – деп ой түйеді заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Туған тілім тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.

Тың игеру, өнеркәсіпті шоғыр­лан­дыру салдарынан Қазақстанды барған сайын өзге тілді жұрт басып, қазақ халқының тағдырына, қазақ тіліне төніп келе жатқан қатерді сезініп, Әбекең 1955 жылы осылай күңіренген екен. Сталинизмнің қанды шеңгелі босатпай, келешекте ұлт жойылып, бір ғана тілі қалады дейтін коммунизм елесі қылаң берер заманда ана тілінің күйін күйттеу азамат ақынға ғана тән ерлік. Дағыстан ақыны Р.Ғамзатовтың «Тілім ертең жоғалар болса, мен бүгін өлуге дайынмын» – деп келетін өлеңі бұл кезде оның ойына келді ме екен?
Әбекең болмысының тағы бір қыры – үлкенге інілік ілтипатын, кішіге ағалық қамқорлығын аямаған жан. Халық ақындары Жамбыл, Нартай, Нұрпейіс, Кенен, Шашубай және басқалары Алматыға келе қалса әрдайым алдымен Әбділданы іздеуі олардың ақын інілерінің халық өнерпаздары шығармашылығына қамқорлық қызметі мен кішік азаматтық болмысын бағалағандығы. Нартай дауыл ақынның 1982 жылы шыққан «Өсиет» деген жинағына жазған «Қандай еді ағалар» деген алғы сөз естелігінде олар туралы қимас аяулы сезіммен әңгімелеп. «Түсімде баяғыша сырласып жүреміз» – дейді. Ал, жас ізбасарларына келсек, солардың ірі өкілі – ақын інісі Тұманбай Молдағалиев Абекеңді көбімізге тәрбие берген, кештеу кездессек те кейінімізге жол көрсеткен ақындық мектебіміз» – деп жоғары көтереді. Ал, Мұқағали Мақатаевтың «Әбділдаға» деген өлеңі түсіндіруді керек етпейді.

Сөйлесең,
Бурадайын лықып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып,
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып,

Бой түзеп,
Босқа кетпей сауықпенен,
Боз қырау босағасын тауыпты өлең.
Жаман жыр жазғанымда
Ақ таяғың –
Арқамда ойнай ма деп қауіптенем...

Ақын жандар қашан да жан-жүрегі ашық адамдар. «Өлең шіркін өсекші, сырымды жұртқа жаяр» деп Абай айтқандай, ақынды танығың келсе, өлеңін оқы, ашылып сала береді. Әбекең әдемі қартая білген, қариялығын бұлдамай, ақ тілеу батасынан жаңылмай, кіршіксіз пейілмен өткен жан. Оның кейінгі жылдары жазған жырлары – қарт көңіл сырлары әркімді-ақ ойлантып тастайтыны сөзсіз, өткінші өмірде дүрия дәуреніңді қадірлеуге, барыңды бағалауға үндейді.

Мен бүгін аппақ шашы бар,
Әбділда деген атамын.
Күн сайын саған, Отаным,
Ақ тілеу тілеп жатымын.

Абыз ақынның бата-тілеуі қабыл болғай. Сыр елі Әбділдамен мақтанады. Оның туған жеріндегі ауылға ақын есімі берілген. Облыстық кітапхана абыз ақын атында. Қызылорда қаласында, аудандарда, ауылдарда да ел даңқын асырған айтулы азаматтардың жолдар бойына ілінген үлкен портреттері өлеңдерімен, ұлағатты нақыл сөздерімен қарсы алып, шығарып салып тұр.

«Елім» менен ұйқастырған «жерімді»,
Талай ақын таусылғанша төгілді.
Ұйқас тозды, бірақ жерім тозбады,
Әр ақынның жан-жүрегін қозғады...

Тамған қаны, жауған тері бабамның,
Аққан жасы, төккен сүті анамның.
Шөп боп өссе сан бояулы даламда,
Сүймей оны, айтыңдаршы, қалам ба...

Тек тірілер, жерді сүйе біліңдер,
Былғамаңдар жерді, таза жүріңдер.
Тоздырмаңдар біздер қазған арықты,
Өшірмеңдер біздер жаққан жарықты.

Ақын өсиеті осы. Тәуелсіз еліміздің, жас ұрпақтың рухани демеушісі Әбділдадай алдыңғы толқын – аталар, әжелер, ағалар мен апалар.


Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы».

02 ақпан 2019 ж. 1 522 0