Өндірісі өркендеген өңір
Бейсенбі күні облыс әкімдігінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлының қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында аудан әкімі Шиелі өңірінде биыл атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Өңір басшысы сөз басында аудан дамуының негізгі жұмыстары Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалалары және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған мақсаттар бойынша жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Одан кейін ауданның экономикасы туралы әңгіме өрбітті. Бұл тұрғыда аудан әкімі Ә.Оразбекұлы статистикалық мәліметтерге сүйеніп, аудан халқының санын да тілге тиек етті. Ал өңірдің кірісі мен шығысы туралы:
– Ауданның жылдық бюджеті 19 млрд 456 млн теңгені құрады, игерілуі 1 желтоқсанға дейін 18 млрд немесе 106,6 пайыз құрады. Оның ішінде жергілікті бюджет кірістері 1 млрд 872 млн теңгеге орындалды. Ал өңірдің шығыстар бөлігі 18 млрд 435 млн теңгені құрайды, – деп толығымен тарқатты.
Бұдан соң аудан әкімі Шиелі өңірінде қанатын кеңге жайып, тасын өрге домалатып отырған кәсіпкерлікке тоқталды. Әшім Оразбекұлының айтуынша, бүгінде Шиелі ауданында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы саны 4758 субьектіге жеткен. Сондай-ақ өңірде әртүрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша нәпақасын тауып, білім алып жатқан тұрғындар да аз емес. Солардың көпшілігі қазіргі таңда «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастап отыр. Аталған бағдарлама негізінде ауданда биыл 265 жобаға 109 млн теңге қайтарымсыз қаржы құйылған. Бұдан бөлек 149 жобаны жүзеге асыру үшін 548,2 млн теңге көлемінде несие қарастырылған.
Бүгінде жүйелі жүзеге асып, тұрғындар арасында кең тараған бағдарламалардың бірі – «Сыбаға». Осы бағдарлама бойынша биылғы жылы 4 тұрғын несие алып, оған 795 бас уақ мал алған. Алдағы уақытта бағдарлама аясында 7800 бас қой алу жоспарда бар.
Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы аясында айтылған соң, аудан әкімі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жөнінде мәлімдеме жасады. Өңір басшысының мәлімдеуінше, бүгінде ауданда ірі қара – 59 407, қой мен ешкі – 88 111, түйе – 1504, жылқы – 15 451 басты құрайды. Осы төрт түлік малдан қазіргі таңда өнім өндіріліп, аудан халқы ет және сүт өнімдерін тұрақты пайдалануда. Сонымен қатар өңірде өндірілген жұмыртқа да сұранысқа ие екенін өңір басшысы атап өтті.
Осыдан кейін аудан әкімі егін шаруашылығындағы жетістіктермен бөлісті.
– Аудандағы шаруашылық құрылымдары 29 655 гектар жерге егін салып, былтырғы жылмен салыстырғанда 2400 гектарға өсім алып отыр, – деді өңір басшысы. Содан соң аудандағы бетке ұстар шаруа қожалықтардың жұмысын таныстырды. Әуелі «Ақмая» шаруа қожалығындағы биылғы жылғы өзгерістерге шолу жасады. Биылғы егін науқанында аталған қожалық бидайдың супер элиталық «Стекловидный» сортын егіп, әр гектарынан 30 центнерден өнім алғандығын атап өтті. Келесі кезекте «Төңкеріс-К» шаруашылығындағы жұмыстарды баяндады. Бұл қожалықта да биыл жаңа сортты дақылдар егілген болатын. Баспасөз конференциясында аудан әкімі олардың әрқайсысына тоқталып, егіншілердің еселі еңбегін қатысушыларға жария етті. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыру бағыты туралы хабарлады. Бұл жөнінде аудан әкімі:
– Бүгінде «Ақмая» шаруа қожалығында 800 гектар жерге ақылды ферма жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының экспорты да артып келеді. Тек биылғы жылы ғана 280 тонна көкөніс, 335 тонна бақша өнімдерін Ресей Федерациясына экспортталды, – деді.
Өңірдің шаруашылығы туралы баяндама жасағаннан кейін, аудан әкімі құрылыс пен сәулет тақырыбына ойысты. Бұл орайда өңірде қарқынды дамып жатқан құрылыс жұмысының жетістігін айтып, болашақтағы жоспарымен бөлісті. Яғни аудан әкімі қазіргі таңда Байсын елді мекенінде 250 орындық мектептің, Ақ орда және Береке мөлтек аудандарындағы 3 бөлмелі 1 пәтерлі 59 тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленгенін атап өтті. Сонымен бірге мал қорымы салынбаған 14 елді мекеннің де жоба-сметалық құжаттары әзір екенін мәлімдеді.
Баспасөз брифингінде Шиелі ауданының білім, мәдениет және спорт салаларындағы жұмыстары да тысқары қалмады. Осы орайда өңір басшысы баспасөз конференциясында білім беру саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Баяндамасына биылғы жылы 431 түлек тапсырған ҰБТ-ны арқау етті.
–Биыл барлығы 592 оқушы мектеп бітірді. Оның 75 пайызы тестке қатысып, жалпы мектеп бітірушілердің 99 пайызы оқу орындарына түсті, – деді аудан әкімі.
Өңір басшысы Әшім Оразбекұлы сөз сөйлеп болған соң, баспасөз конференциясына қатысқан БАҚ өкілдері көкейіндегі сауалдарды жолдады. Журналистерді ауданда бой көтерген «Гежуба-Шиелі» цемент зауытының жұмысы қызықтырды. Аудан әкімі журналистерге цемент өндіретін зауыттың жұмысы жөнінде тарқатып айтты. Одан кейін:
– Елімізде істеліп жатқан жұмыстардың барлығы адам үшін, оның игілігі үшін атқарылуда. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың жайлы өмірі мен ауызбірлігін қамтамасыз ете отырып, болашақтың іргесі берік қалануына еңбек етудеміз. «Мәңгілік ел» қуатты экономиканы дамытудың, білім, мәдениетіміздің өркендеуі мен адамдардың денсаулығын жақсартудың, рухани жаңғырудың негізінде жүзеге асады деп ойлаймын, – деді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА