Аудан бюджеті – сан саланың күре тамыры
Аудан бюджетінің кіріс-шығыс қаржыларының орындалу деңгейі, мүлікті жалға беру және жекешелендіру, бюджеттік жоспарлау бойынша 8 айда жасалған жұмыстың қорытындысына арналған брифинг өтті. Онда аудандық қаржы бөлімінің басшысы Маратжан Жұмаділ мен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәуренбек Жәкеев баяндама жасап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Негізінен аудан бюджетіне түсетін қаржының негізгі көзі – салық болып табылады. Содан соң негізгі капиталды сату, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітілген мүлікті сатудан түскен түсімдер, жер учаскесін сату, жалға беру секілді бірнеше бағыт бойынша қаржы көздері жинақталады.
Жалпы биылғы жылға кіріс 20 млрд 76 млн 424 мың 500 теңге болады деп жоспарланған. Бүгінде оның 13 млрд 88 мың 577 теңгесі орындалғанын айтқан бөлім басшысы М.Асқарбекұлы кредиторлық берешектер, әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру, мемлекеттік мекемеге қарасты бос алаңдарды жалға беру бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Дәл қазір аудан бюджет шығысының 99,5 % игерілген. Брифинг барысында Д.Жакеев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жайлы баяндады. Өңірде кәсіпкерліктің 4501 субъектісі тіркеліп, 7836 адам жұмыспен қамтылған.
– Биылғы жылы 900 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, бүгінде 784 аудан тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді. Межені жыл соңына дейін толық орындайтын боламыз, – деді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Жакеев.
Г.ЯХИЯ