Елімізде келесі жылы 5 мың шақырымнан астам жол ақылы болады
BAQ.KZ. Мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасын іске асыру аясында 2020 және 2026 жылдар аралығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 10 мың шақырымы қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылса, оның 1373 шақырымында қозғалыс келесі жылы ашылмақ, деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Осы ретте "Орталық-Оңтүстік" бағыты бойынша жолдың 311 шақырымы, "Петропавл-Қорған" тасжолының 37 шақырымы, "Орталық-Шығыс" жобасы бойынша жолдың 13 шақырымы, "Қостанай-Денисовка" автожолының 65 шақырымы, "Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат" тасжолының 160 шақырымы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, келесі жылы "Атырау-Астрахань" бағыты бойынша жолдың 60 шақырымында, "Осинов асуы" жобасы бойынша жолдың 32 шақырымында, "Талдықорған-Өскемен" автомобиль жолының 384 шақырымында, "Ұзынағаш-Отар" жолының 96 шақырымында көлік қозғалысы ашық болады. Мұнымен қоса, жоспарға сәйкес "Үшарал-Достық" тасжолының 60 шақырымы, "Қалбатау-Майқапшағай" автожолының 155 шақырымы пайдалануға берілмек.
2020 жылы 5917 шақырым жол ақылы болады. 2025 жылға қарай мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 11,7 мың шақырымды құрайды, - делінген хабарламада.