Баспахана ісінің білгірі
Жуырда аудандық Арман мәдениет үйінде Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 80 жылдық мерейтойы аясында Еңбек ардагері, баспахана ісін жетік меңгерген басшы – Нағима Бәйменованың 90 жылдық мерейтойына арналған «Мейірімі шуақты, талабы қуатты – Нағима ана» атты еске алу кеші өтті. Аталған шараның шымылдығы Н.Ілиясқызының өмір жолымен өрілген бейнероликпен түрілді.
Жеті қат жер астынан кен өндіріп, мыңғыртып мал өсіріп, ақ маржанымен Алашқа мақтан болған еңбек майталмандарын шабытқа толы шығармашылығына арқау еткен, даңқты аға ұрпақ дәстүрлерін жалғастырушы, бүгінгі ұрпақтың шыңдалуы мен сомдалуына елеулі үлес қосып келген аудан айнасы «Өскен өңір» газеті 80 жылдық тарихында баспахана ұжымымен «тонның ішкі бауындай» араласып, бірігіп жұмыс жасап, қаншама жан осы басылымның аудан тұрғындарына дер уақытында таралуына күш-қайратын жұмсады. Соның бірі де бірегейі – Нағима апа. Саналы ғұмырын полиграфия саласына сарп еткен еңбекқор жанның ерге бергісіз ерік-жігері әріптестерінің аузында әлі күнге айтылып келеді. Баспахана ісінің белді мүшесін еске алуға арналған кешті ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп арнау өлеңімен ашып берді. Одан әрі аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздықов: «Бүгінде халық жүрегінен орын алған, өзі жоқ болғанымен артында атқарған жақсы жұмыстары, талапшылдығы, өз ісіне деген жауапкершілігі, іскерлігі мен өзі басқарған ұжымдағы әріптестерге деген қамқорлығы «аңыздай» болған, отбасында асыл жар, балаларына аяулы ана, немерелеріне ардақты әже бола білген Н.Бәйменованың еңбегі өлшеусіз. Төл басылымның тарихынан ойып орын алған еңбек адамын халқы ешқашан ұмытпайды» деп, жылы лебізін білдірді. Табиғатынан тазалыққа, тура сөйлеп, әділін айтуға бейімделген еңбекқор әйелдің өз ісіне деген сүйіспеншілігін бірге қызмет істеген әріптестері былай деп тарқатады.
– Өзі барынша таза, жұмыста әділ, сөзі тура Нағима Бәйменованы екі ұжымның мүшелері ғана емес, аудандық партия комитетіндегі басшыларға дейін өте жақсы сыйлайтын. Кезінде өзі де мұндағы жұмысты әріп терушіден бастаған басшы кейін мекеме тізгінін қолға алған кезінде қарауындағыларға қамқор бола білді, әртүрлі жастағы, әртүрлі мінездегі, әртүрлі қабілеті бар баспахана ұжымын өте тату-тәтті шаңыраққа айналдырды. Қызылорда қаласында туып өскен, есейе келе комсомол және партия органдарында қызмет етіп, жұмыста шыңдалған, өмірде көргені мен түйгені мол, екі тілде бірдей жазып, сөйлей алатын апай өзінің қабілеттілігі, еті тірілігі, пысықтығы, зеректігі, бейнеткештігі, кіршіксіз тазалығы, адалдығы, табандылығы арқасында бірнеше жылдан кейін үлкен ұжымның тізгінін ұстауға дейін көтеріліп, оны зейнеткерлікке жеткенінше ұзақ жылдар жемісті басқарып шықты. Бұл кісі өзінің саналы өмірінің 47 жылын осы полиграфия саласына арнаса, соның соңғы 22 жылында Шиелі аудандық баспаханасының директоры болған екен, – деді С.Пірназар. Еске алу кешінде баспахана ісін бес саусақтай білетін Шәркүл Дүйсенбаева мен Малика Пазылова қызмет істеген кездердегі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ полиграфия саласының қос қызғалдағына «Ерен еңбегі үшін ел ардақтысы» медалін тағып, марапат төріне шығарды. Өңірдің қалың елі құрмет тұтқан, туған жердің біртуар перзенттері арнайы осы шара үшін алыстан ат терлетіп келді. Соның бірі Еңбек ардагері Сайлаубай Әбішев пен белгілі жазушы, журналист Серік Байхонов Нағима ананың бөлек болмысы турасында сөз қозғады. Бірге қызметтес болған журналист Мұрат Күлімбет арнау жазып, жүрегінен туған жыр жолдарын Шиелі жұртшылығына жолдаса, шиелілік өнерпаздар әсем әнін арнады. Үй мен түздің жұмысын қатар еңсеріп, ғибратты ғұмыр, тәрбиелі ұрпақ өсірген болмыс иесінің еңбек жолы бейнетпен осылайша өрілген екен. Кеш соңында ұл-қыздары мен немерелері ыстық ықыласын білдіріп, еске алу асына шақырды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ