"Сыр сұлуы" күрішін тұтынатын боламыз
– Биыл 183,1 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық. Соңғы алты жылда мал азықтық дақылдар 8 мың гектар, майлы дақылдар 6,9 гектар алқапқа артық егілді. Осы жылы 3 шаруашылықта соя 50 гектар егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы жылы 500 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. Биыл 87,9 гектарға күріштен 530,5 мың тонна өнім алып, орта өнім 60,3 центнерді құрады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков Ақмая ауылында агроөнеркәсіптік кешен саласына инновациялық жобаларды енгізу бағдарламасы аясында өткен жиында.
Өткен жұма күні «Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының» ұйымдастыруымен «Ақмая» пилотты шаруашылық базасына ауыл шаруашылық өндірісіне цифрландыру элементтерін енгізу» тақырыбындағы жобаның қорытынды семинар кеңесі өтті. Онда ауыл шаруашылығындағы оң өзгерістер, заманауи технологиялар мен «Топырақтың құнары қайтсек артады?», «Қалай мол өнім алуға болады?» деген секілді мәселелер талқыланды.
Бүгінге дейін облыстағы 800 гектар егіс алқабына цифрландыру жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек мамандар отандық сапалы күріш тұқымын шығаруға ден қойып отыр. Себебі, әйгілі «Ақмаржан» сортынан кейін бірде-бір қазақстандық күріш жарыққа шықпаған. Ал қазір пайданалып жүрген тұқымның басым бөлігі Ресейден тасымалданады. Оның шығыны да уақыт өткен сайын артып отыр. Осыны айтқан басқарма басшысы биыл 2 жоба күріштің сапалы репродукциялық тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында инновациялық технологияны қолдана отырып енгізілгенін хабарлады. Олар – «Сыр сұлуы» және «Айкерім» сорттарын шығарып, өндіріске пайданалану болатын. Жалпы 2021 жылға дейін отандық сорттар облыстың күріш шаурашылығының 60-65 пайызын құрайды деп күтілуде.
Осылайша өндірістің даму бағытында іске асырылып жатқан жобалардың арқасында соңғы жылдары облыстың серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өскен.
Бүгінде дамыған елдердегі кез келген зауытта роботтар жұмыс істейтінін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласына да қатысты. Заман талабына қарай цифрландырудың пайдасы да шаш етектен болып отыр. Ол суды бей-берекет ысырап етпеуге, егіс даласына себілген өнімнің қажет тұсын анықтап, сол жерге ғана дәрі себуге, топырақтың құнарын анықтауға септігін тигізетін таптырмас құрал.
Су демекші, семинар барысында диқандар соңғы кезде су тапшылығын сезініп жүргені де айтылды.
– Бұл тек біздің өңірде емес, ғаламдық мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты келер жылы күріш көлемі қысқаруы мүмкін. Оның үстіне қазір топырақта тұздану процесі жүріп жатыр. Себебі, көпшілігіміз тек күріш егумен айналысамыз. Бұлай болмайды. Әртараптандыру дақылдары орналасу керек. Оның өзі топырақты қалпына келтіретін, мал азықтық болатын, күріштің үлесін қысқартқанымен пайда таба алатындай болу керек. Осыған байланысты облыстық ауыл шаруашылық басқармасымен бірігіп, бірнеше жобаны іске асырып жатырмыз. Соның алғашқысы Сырдария мен Жалағаш аудандарындағы «Мағжан и К» және «Ерәлі» шаруа қожалықтарының біріншісіне 5, екіншісіне 20 гектар күріштің «Сыр сұлуы» тұқымы егілді. Нәтижесінде «Мағжан и К» 62,3 центнер, «Ерәлі» 56,6 центнер өнім жинады. Тұқымның аздығына байланысты 1 гектарға 170 кг ғана өнім екті. Егер норма бойынша 220-250 кг арасында егіліп, тұқымды сауықтыру жұмыстары жасалса, 90-100 центнерге дейін өнім алуға қауқарлы. Бұл шетелдік сорттардан артық болмаса кем емес. Біз осыны өсіру арқылы пайданы арттырамыз, – дейді Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының директоры Бақытжан Дүйсенбеков.
Отандық сорттың ресейлік сорттан айырмашылығы қандай? Біз бұған дейін «Ақ маржаннан» өзге отандық күрішті білмей келгенімізді жоғарыда айттық. Көбіне түріне, дәміне қарап ресейлік сорттарды таңдап жатамыз. Ол тұқымның өзін 3 жылда бір ауыстырып отырмаса өнім азая береді екен. Сол себепті біздің ғалымдар «Сыр сұлуы» және «Айкерім» атты 2 тұқымды шығарып отыр. Оған жергілікті шаруа қожалықтар тарапынан қызығушылық жоғары.
Әртараптандыру бойынша биыл Қармақшыдағы Тұрмағамбет шаруа қожалығындағы 20 гектар жерге майбұршақ егіліп, әр гектардан25 центнерден өнім алынған.
– Бұл жаңа дақыл, мұнымен жаппай айналысатын шаруашылықтар жоқ. Бұдан қорықпау керек. Себебі, қазір мал басы артқан. Ал оған берілетін азық тапшы. Көбіне тек күріштің қалдықтарын береміз. Ал оның құнарлығы төмен. Майбұршақтың құрамында белок – 50 пайыз, май – 20 пайыз. Одан бөлек бұл өсімдіктен медицина, азық-түлік, жанармай секілді түрлі салада 300 гектарға жуық өнім дайындалады. Ал соя ексе, тым болмағанда топырақ азотқа байиды. Түйежоңышқа одан кейін майбұршақ егілген жерге 3 жылдан соң күріш әкелсеңіз, өнімділігі 2 есе артатыны ғылымда дәлелденген. Ал жоңышқадан соң ол жерді 5 жыл күтуге тура келетінін білесіздер. Біздің топырақта қарашірік те, азот та жоқ, кедей топырақ. Қосымша қорегін бермесек өнім ала алмаймыз. Осыны ескеріңіздер, – деді Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының директоры Б.Дүйсенбеков.
Қазір облыс бойынша мақсары егумен бір ғана шаруашылық айналысып келеді. Оның өзінде өнімділік төмен. Себебі, шаруалар дұрыстап қолға алмай жатқан көрінеді. Егер шындап ексе 15 центнерге дейін өнім алуға болады. Себебі, қазір республика бойынша мақсары майын шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Сұраныс жоғары. Қытайдың өзі біздің экологиялық таза өнімге құмар. Себебі, ол жақтың топырағында микроорганизм жоқ. Сондықтан біздің табиғи өнімге қызығушылықтары артып отыр.
Одан бөлек биыл Бестам ауылында асқабақ пен картоптың жаңа сорттары егілді. Ерекшелігі афродита сортты асқабақтан 25 тонна, ал карина және мовзолевская сорттарынан әдеттегі асқабақтардан 1-1,5 есе артық өнім алынды. Ал ішкі нарықты қамтамасыз ете алмағандықтан картоптың басым бөлігі Пәкістаннан әкелініп жатыр. Көкөністің өнімділігін арттыру мақсатында «супер элита» ыстыққа төзімді тұқым егілген болатын. Мамандар бұдан 22-25 тоннаға дейін өнім алуға кепілдік берді.
Семинар барысында бұдан өзге де көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Байқағанымыз, әлем бойынша агроөнеркәсіп саласы өзге бағыттарға қарағанда цифрландыруға қарқынды бет алып келеді. Сондықтан біздің диқандар да жаңашылдықты жатсынбай, көшке ілессе игі.
Гүлхан ЯХИЯ