Жаңа әліпби. Ғалымдар халықаралық тәжірибелерді талқылады
BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына»" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп "Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе" тақырыбында республикалық конференция өткізді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында көрсетілген мемлекеттік тіл саястын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жаңа әліпбиге тікелей ғалымдардың араласуы құптарлық іс. Біз тарихи кезеңде тұрмыз. Әліпби ауыстыру Елбасымыз бастап, президентіміз өзі назарында ұстап отырған маңызды қадам екені баршамызға белгілі. Істеріңізге сәттілік тілеймін, - деді жиынның ашылуында сөз алған ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев.
Конференция барысында жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатысты ғылыми-теориялық және әдістемелік мәселелер, латын әліпбиін меңгертудің тиімді әдістемесі, жаңа емле ережелеріндегі өзекті мәселелер, әліпби ауыстырған түркі тілдері емлесінің қалыптасу, жетілу жолдарын саралау туралы талқыланды.
Алқалы жиында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының профессоры Нұргелді Уәли "Жаңа орфографиялық ереженің лингводидактикалық негіздері", Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Таңат Аяпова "Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің әдістемелік бағыттары", А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Айнұр Сейітбекова "Кірме сөздердің әзербайжан емлесіндегі жазылымы", Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Жазира Ағабекова "Шет тілінен енген жалқы есімдердің игерілуі (Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан)" және т.б. тақырыптарында баяндама жасады.
Конференцияның секциялық отырысында Е. Тасболат, М. Сапарбаев, А. Мырзаш, Н. Түлтебаевтар ұсынған әліпби жобалары авторлардың тікелей қатысуымен ғалымдар тарапынан талқыланды. Аталған іс-шараға елімізге белгілі ғалымдар, сондай-ақ латын графикалы қазақ тілі әліпбиіне қызығушылық танытушы барлық тіл жанашырлары қатысты.