Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Емле ережесін үйрететін сынып ашылды

Емле ережесін үйрететін сынып ашылды

Кеше «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жаңа әліпбидің емле ережелерін үйретуге арналған оқыту сыныптары ашылды. 
Мақсаты – латыннегізді жаңа қазақ жазуының әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, жаңалықтарын, емле нормаларының ғылыми негіздерін меңгерген, ересек аудиторияға оқытып, түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындауға мүмкіндік жасау.
Оқыту сыныптары курс өткізуге қажетті құралдармен, техникалармен жабдықталған. Дәрісханаларда республика бойынша сонымен қатар шетелдегі ғалымдар, әдіскерлермен байланыс орнатуға, онлайн семинар өткізуге мүмкіндік бар. Семинар, курстарды жаңа қазақ әліпбиінің емле ережесін әзірлеген ғалымдар өткізеді.
Шарада «Тіл-Қазына» орталығының бас директоры Әлібек Асқар кіріспе сөз алып, қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, жылы лебізін айтты.
Сонымен қатар жазушы, Мемлекет сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Мұратұлы оқыту сыныптарының сапалы, нәтижелі жұмыс жасауына сенім білдірді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Айнұр Мырзабекова оқыту сыныптарын ашудың маңыздылығына тоқталды: «Елбасының қазақ тілін жаңа әліпбиге көшіруге байланысты Жарлығынан кейін ҚР Премьер-министрінің өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі ісшаралар жоспары» бекітілді. Үкімет қаулысымен «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» құрылды. Еліміздегі латын әліпбиін енгізуге байланысты жұмыстар осы мекеме арқылы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ұлттық комиссия жанынан құрылған жұмыс топтарының жұмысын үйлестіру, латын әліпбиін енгізуге бағытталған мемлекеттік тапсырмаларды іске асыру.
2019 жыл – «Әдістеме жылы». Жаңа емле ережелерін оқыту бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 72 сағаттық біліктілік арттыру курстары, өңірлерде дәрістер мен 12 сағаттық семинарлар ұйымдастырылуда. «Тіл-Қазына» орталығынан білім жетілдірген филолог мамандар өз өңірінде тіл үйрету курстарын жалғастырады. Аталған курс 2025 жылға дейін жүргізілетін болады. Жаңа әліпбиге көшу барысында біз оқыту сапасына ерекше мән беруіміз қажет. Қазіргі кезеңде оқытудың қай түрі болсын жаңа инновациялық технологияларға құрылғаны жөн. Осы реттен келгенде, бүгін ашылатын оқу ғимараты осындай жаңа талаптармен жабдықталған.
Сонымен бірге оқу ғимаратындағы техникалық құрылғылар онлайн семинар өткізуге де мол мүмкіндік береді».
Шараға зиялы қауым өкілдерінен академик, Мемлекет сыйлығының лауреаты Сейіт Қасқабасов, ақын, Мемлекет сыйлығының лауреаты Айт Несіпбек, жазушы, Мемлекет сыйлығының лауреаты Алдан Смайыл, профессор Марат Әбсәметов, тіл жанашырлары Ахметов Мұхамбедия, Әлпейісова Камал, қоғам қайраткері Батыршаұлы Сайлау қатысты. 

02 қазан 2019 ж. 747 0