ЖАҢА ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИГЕ КӨШІРУГЕ ҚАТЫСТЫ ТҰСАУКЕСЕР-КӨРМЕ
2017 жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындақазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығына тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Бұл тарихи шешім жалпыұлттық сипат алып, қоғамға тың серпіліс әкелді.
Қазақстанның он төрт облысы, Алматы мен Астана қалаларында және латын әліпбиі бойынша тәжірибе алмасу бағытында Әзербайжан, Франция, Қырғызстан, Түркия елдерінде ғылыми-теориялық конференция, дөңгелек үстел, семинар, вебинарлар ұйымдастырылып, 2017 жылдың сәуірі мен 2018 жылдың сәуірі аралығында Институт мамандары БАҚ құралдарында (газет-журнал, телеарна, интернет порталдарда) 1000-нан астам сұхбат беріп, мерзімді баспасөз беттерінде ақпараттық, ғылыми-танымдық, шолу мақалалар жарияланды. Әлеуметтік желілерде 3000 –нан астам мазмұнды жазба жарық көрді. 2018 жылы 20 ақпанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына өзгеріс енгізілгені белгілі. Қазіргі уақытта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары қазақ жазуын латынграфикалық әліпбидің бірыңғай ұлттық стандарты негізінде жаңғыртудың ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық лингвистикалық мәселелеріне байланысты іргелі зерттеулер жүргізіп жатыр.
Астана қаласындағы Ұлттық музейде өтетін тұсаукесер-көрмеде мемлекеттік тілді латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша 2017 жылдың сәуірінен 2018 жылдың сәуіріне дейін атқарылған жұмыстардың есебі мен 2018-2020 жылдар аралығындағы жұмыстардың жоспары баяндалады.
Тұсаукесер-көрмеге елімізге танымал тілші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, жас ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысады.
Еркін ҚАЛДАН