БІЗ ҚАНДАЙМЫЗ ӨЗІ?!
Еліміз өз тәуелсіздігінің үшінші онжылдығын да орталап келеді Бұрын жер шарында Қазақстан деген ел, қазақ деген халық бар екендігінен бейхабар шетелдіктер ұлан-ғайыр жерімізге табан тигізіп, тұз-дәмімізді татып, етене араласа бастады. Өзіндік өзгешілігі, дәстүр ерекшелігі бар бізге олардың сыни көзқараспен қарайтындығы қалыпты жағдай. Шындығында біз қандаймыз өзі?!Жаңа заманға қалай бейімделіп келеміз. Бейімделді дегенде базарды, сауда-саттықты айтқымыз жоқ. «Тауықтың түсіне тары кіреді» демекші көз алдымызға көк қағаздар көлбеңдеп пайда табу жолында айла табудің тәсілдерін бір мезет тізбелемей-ақ, қояйықшы. «Жыртыл, қазағым, жыртыл» деп әския айтатын ала тақиялы көршілерге бір тиынды екі тиын етуден есеміз кете қояр кезеңнен өткен секілдіміз. Бұл үшін есебімізге бір ұпай қосып қоюымызға әбден болады. Ендеше, әңгіме өзегіне – адамгершілік тақырыбын, мінез-құлық мәдениетін, бәрін былай қойғанда күнделікті аралас-құраластығымыздың қалыпты жағдайын неге сөз етпейміз? Бұл тұрғыда расында да әлсін-әлсін қайта оралып отыратын мәселелер толып жатқан жоқ па?
Бір ағын суға екі мәрте шомыла алмайсың, сол секілді уақыт бір орнында тұрмайды. Қоғамдағы өзгерістердің біздің мінез-құлқымызға, тұрмыс-тіршілігімізге, жалпы адами қарым-қатынасқа да кәдуелгідей әсері тигендігін аңғаруға болады. Бірақ қандай жағдай да адамның адамдық қалпы, шынайылығы таза сақталуы тиіс екендігі екі бастан түсінікті. Өйткені, адам қашанда Адам болып қалуы керек. Жасының үлкен-кішілігіне, қызметіне сондай-ақ, байлық-барлығына қарамай әдептілік сезімі жоғары қалыпта сақталуы тиіс. Адамның өзге тіршілік иелерінен артықшылығы да осы болар. Әр пенде жаратылыстың туындысы. Алайда, өмірде кей кісілер кереғар әдеттерімен де көзге түседі. Тағы бір таңқаларлығы – бұл қылығын олардың ерсі көрмей, қалыпты санайтындығы. Иә, онысының әбестік екендігін білсе, ондайды жасамас та еді ғой. Өкінішті-ақ!
Жақында жұмыс бабымен бір шағын мекемеге бардық. Бар-жоғы жиырма шақты ғана адам істейтін, сервистік қызмет көрсететін орын. Бастығына жолықпақшы едім, алды толған кезек. Бастығының бұйрығы солай ма, хатшы қыз кісілерді ішке қарай бір-бірлеп әрең жіберіп отыр. Іштен дүңк-дүңк еткен дауыс еміс-еміс естіледі. Әйтеуір шай қайнатым уақытта сыртқа қарай аттаған қызметкердің көзі жасаурап шығады. Не бүлдіріп қойғанын кім білсін? Реті келгенде бізде ендік, әлгі дәуді жақын жерден көрдік, қарасұр жігіттің қабағынан қар жауып, сырттағы ұлыған дауылдың бір ызғары осында жүрген секілді. Сәлемдесуімізге ернін жыбырлатты да қойды. Өзімізді таныстырып, қайдан, не мәселемен келгенімізден хабардар еткеннен кейін ғана жүзіне қан жүгіріп, орындық ұсынудың ишарасын жасады. Онысы жасымның үлкендігін сыйлағаннан гөрі «жорналшы екен, бірдеңені жазып кетіп, бәлеге қаламын ба?» деген қауіпке келіңкіреген секілді.
Тағы бір мысал. Пойызда бір нәрсеге келіспей қалып, жап-жас қыз бір егделеу кісіні әбден сөкті. Дене кемтарлығын қайта-қайта бетіне баса берді. Ашуға берілгендігі сонша басқа жолаушылардың бар-жоғын елейтін емес. Онысы тіпті айналадағыларға да қолайсыздық туғызды. Отбасында, өз ортасында алған тәлім-тәрбиесі қандай болғаны сонда. Ал көшенің ортасында көлігінен түсе қалып, аузынан былапыт сөзді боратып, бір-бірімен сабаласып жатқан жүргізушілерге айтарға сөз жоқ. Автобустардағы жаға жыртыс болса да көз алдарыңызда. Кеңселердің есігін теуіп, әдепсіздік танытатын, қолындағы байланыс құралын қару секілді кезенетін жас келіндердің жөнсіздігіне не дейміз?! Жасына сай емес – ерсі, ашық-шашық киінетін әйелдер ше.., «тоқал ешкі лақпын деп жарға секірер», демекші осыған ұқсас өрескелдіктер отанның бір діңгегі – әйел тарапынан орын алып жатса, ұят емес пе?! Осындайдан келіп, әдептілік жөнінде жиі әңгімелеп жастар арасында тәрбие сағаттарын тартымды өткізіп отырған жөн-ау дейміз.
Дөрекілік пен менмендік әдепсіздіктің ұшқары көріністері. Айналадағы адамдармен қарым-қатынастағы әдепсіздік, белгілі бір жөн-жобаның бұзылуының нақты көрінісі. Ата дәстүрінің үрдісінде әдепті адам ыңғайсыздық туғызатын жағдайлардан алшақ жүруі, ондай ерсілікті болдырмауы керек. Сезім мен парасат биігіндегі әдептілік – адамдардың іс әрекетінен де, бір-бірімен тілдесуінен де көрінуі тиіс. Мұны биязылық, зиялылық десе де болады. Әдепті адам ешкімнің мазасын алмай, кім-кімді де ренжітпей өзіндік қарапайым қалпынан айнымайды. Ол өзінің артықшылығын немесе қоғамдық жағдайын баса көрсетпейді. Кемелділікті ұстанған адам өзінше кісімсіп шікіреймейді және айналадағы жағдайларға түсіністікпен қарап, ортаға тез бейімделеді. Адамдармен санасып отыру әдепті жанға тән нәрсе. Осындайда еске түседі, көз тартар көрікті көлігі бар кейбір замандастарымыз жаяу жалпы жүретін аралас-құраластарына мүсіркей қарап, мазақ етуден де тартына қоймайтын арсыз әрекеттерін де аңғарып қаламыз.
Әдептілік – қарапайымдылықпен байланысты. Сыпайы болу – өзіне, өзінің қабілеті мен мінез-құлқына талапшылдықпен қарау деген сөз. Қарапайымдылық табиғилықпен тығыз байланысты. Мұның бір ұшы шыншылдықта жатыр. Екіжүзділіктен, қылымсудан және жағымпаздықпен қулық жасаудан асқан жексұрын әдет жоқ. Өз қалпында көріну, мінез-құлықтың табиғи болуы, шама-шарқыңды сезіне білу-нағыз әдемілік, міне, осында!
Жуырда «Жұлдыз» журналынан Мұқағалидың мына өлеңін көзім шалып қалды: «Адамшылықты алтынмен, өлшейтіндерге ашынам. Мансапқорлардың жанынан шықпайтындардан ашынам. Жалданып өскен жасынан, жағымпазларға ашынам. Өзіңе ғана бас ұрам, Сенесің бе Отан осыған. Несіне мұны жасырам!»
Сөз түйінінде еске саларымыз – Адамның мәдениеті неғұрлым жоғары болса, оның өзі де, мінезі де, төңірегіндегілерге көзқарасы да табиғи, сыпайы болады. Өзіңді бір мезет ойша өзге адамның орнына қою әдептілік сезімді жетілдіре түседі. Бастысы, адам өз бойына сын көзбен қарағаны жөн.
Тағы да Мұқағали ақыннан: «Санап көр қанша уақыт текке кетті, Қанша жанды санап көр өкпелетті. Адамдықтан ауысып қаншама рет, Қаншама рет ауысып, шетке кетті?! Қанша жүрек түбінде тұрақ тептің, Қанша жанның жүзіне шуақ септің? Қаншама рет қуанып бардың-дағы, Қанша адамның алдынан жылап кеттің?..»
Ойлаңызшы, сіз өзіңіз қандайсыз?
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі







