Өнермен өрілген өнеге
Қазақ даласында қолөнер ешқашан жай ғана кәсіп саналмаған. Ол – ұлттың жанына сіңген мәдениет, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұра, тұрмыс пен талғамның айнасы. Қарапайым жіп пен матадан, киіз бен жүннен ғажайып дүниелер тудыратын шебер жандардың еңбегі – сол рухани байлықтың жалғасы. Осындай ұлттық өнерді жүрегіне жақын ұстап, оны жас ұрпаққа үйретіп жүрген жандардың бірі – Шиелі ауданының оқушылар үйінде қызмет ететін қосымша білім беру педагогы, «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Манат Оспанова.Ол Шиелі ауданына қарасты Алмалы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың табиғатына, үлкендердің еңбекқор тіршілігіне куә болып өтті. Сол кезде үй ішіндегі аналар мен әжелердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар – кілемдер, өрнекті текеметтер, оюлы жастықтар – жас қыздың қиялына ерекше әсер қалдырған еді. Жіп пен матаның үйлесімінен туған сол әсем дүниелер оның жүрегінде қолөнерге деген алғашқы қызығушылықты оятты.
Алмалы ауылындағы №181 орта мектепті тәмамдаған соң, өмірлік бағытын өнермен байланыстыруды жөн көрді. Осы арман оны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне алып келді. Жоғары оқу орнында білім ала жүріп, ол қолөнердің қыр-сырын терең меңгерді. Білім мен тәжірибе ұштасқан сол жылдар болашақ ұстаздың кәсіби қалыптасуына үлкен әсер етті.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын Шиелі ауданының оқушылар үйінен бастады. Содан бері осы мекемеде талмай еңбек етіп келеді. Бүгінде оның педагогикалық еңбек өтілі 26 жылға жеткен. Осы уақыт аралығында талай шәкірттің бойындағы шығармашылық қабілетін оятып, өнерге баулыды.
Оқушылар үйіндегі «Шебер қолдар» үйірмесі – балалардың қиялына қанат бітіретін ерекше орта. Мұнда оқушылар түрлі материалдардан бұйым жасап үйренеді. Киіз басу, кілем тоқу, сәндік бұйымдар жасау – бәрі де балалар үшін қызықты әрі пайдалы іс. Оның қолынан шыққан дүниелердің қатарында киізден жасалған бұйымдар, тоқылған кілемдер, түрлі сәндік заттар бар. Сонымен қатар қазіргі заманға сай жаңа бағыттарды да игеріп келеді. Соның бірі – сабыннан жасалатын сәндік гүлдер. Нәзік пішінді, әсем түстермен безендірілген бұл гүлдер бүгінде ерекше сұранысқа ие.
Тағы бір қызығушылығы – «түкті сым» деп аталатын материалдан гүлдер жасау. Түрлі түсті жұмсақ сымнан жасалған гүлдер көз тартарлық сәндік бұйымға айналады. Бұл өнер түрін де ол оқушыларға үйретіп, олардың қызығушылығын арттырып жүр.
Көрмелерге қойылған кезде оның жасаған бұйымдары келушілердің назарын бірден аударады. Әсіресе қолдан жасалған гүлдер мен ұлттық нақыштағы бұйымдар көпшілікке ерекше әсер қалдырады. Жасаған дүниелеріне сұраныс та бар. Осылайша қолөнер оның өмірінде шығармашылықпен қатар табыс көзіне де айналған.
Кейіпкеріміздің еңбегі елеусіз қалып отырған жоқ. Ол білім мен мәдениет саласындағы белсенді қызметі үшін бірқатар марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, Шиелі ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесі үшін құрметке ие болды. Сондай-ақ Шиелі аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Сонымен қатар «Қазақстан – татулық пен достықтың отаны» атты форум аясында жастардың қоғамдық бастамаларына қолдау көрсеткені үшін Қызылорда облысының жастар ұйымдары тарапынан алғыс хат алған. Қосымша білім беру ұйымдарындағы талантты балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға қосқан үлесі үшін республикалық «Алтын Глобус» білім және ғылым академиясының алғыс хатына да ие болды.
Одан бөлек, Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылған мәдени шараларға белсенді қатысқаны үшін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғыс хаты табысталған. Міне, аталған марапаттардың барлығы ұстаз еңбегінің ел алдында бағаланғанының айқын дәлелі.
Манат Мұханбетжанқызы – тек шебер ұстаз ғана емес, үш баланың ардақты анасы. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ана балаларына ең алдымен еңбекқорлық пен өнерге құрметті үйретіп келеді.
Әсіресе қызы анасының жанында жүріп, қолөнерге қызығушылық таныта бастаған. Басында жай ғана қызығушылық болған іс уақыт өте келе оның да сүйікті ісіне айналды. Қызы да түрлі бұйымдар жасап, көрмелерге қатысып жүр. Кейде көрмелерде қыздың жасаған бұйымдарына келген адамдар ерекше қызығып, сатып алуға ұсыныс білдіріп жатады.
– Көрмеде тұрған кезде адамдар қызымның жасаған дүниелерін көріп: «Мынаны сатасыз ба? Өте әдемі екен» деп сұрайды. Сондай кезде қатты қуанып қаламын. Бұл – баланың еңбегінің бағаланғаны, – дейді ол.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







