Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңес: түйткілді мәселелер талқыланды

Қоғамдық кеңес: түйткілді мәселелер талқыланды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында бірінші мәселе ретінде білім сапасын көтеру үшін кешенді шараларды қабылдау қажет екенін айтқан болатын. Сондай-ақ «Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланыс­ты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек» деген еді президент Қ.Тоқаев. Осы тұста аудандық қоғамдық кеңес мүшелері мектептердің жаңа оқу жылына даярлығы мен мектеп асханаларының жай-күйін және құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысын бағамдап келеді. Әсіресе, соңғы бір айда аудандағы қоғамдық кеңес мүшелері үш топқа бөлініп, өңірдегі барлық мектепті тексеруден өткізді. Ел арасындағы өзекті мәселені назардан тыс қалдырмайтын кеңес мүшелері білім ошағындағы түйткілді жайттарды анықтап, оны сейсенбі күні аудандық ардагерлер үйінде өткен кеңес отырысында талқылады.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Пердәлі Архабаев жүргізген отырысқа кеңес мүшелері, мектеп директорлары және бөлім басшылары қатысты. Жиында Әбдімомын Алдияров, Тілеубек ­Бабасов, Жібек Баймұратова мәлімдеме жасады. Тексеру нәтижесінде бір емес бірнеше мектептің жағдайы өзара ұқсас болып келген. Мәселен, Тартоғай, 1-Май, Ақмая сынды ауылдық округтердегі мектептер мен кенттегі №48 мектеп-лицейі, №252 мектеп-гимназияның 3-корпусы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Бұдан бөлек өңірдегі мектептің күрмеулі мәселесіне айналған жайт – асхана ахуалы. Қоғамдық кеңес мүшелері мектеп асханаларын тексеру барысында балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етпейтін оқу ордаларының бар екенін анықтаған. Мәселен, кейбір мектептер тамақты ас мәзіріне сай әзірлемесе, ал енді өзге мектептерде асхана пеші істен шыққан. Тіпті мектеп асханаларында мәзірді көрсетпей, басын ала қашатын меңгерушінің де бар екені анықталған.
Кеңес отырысында мектептердің әжетханамен қамтылуы да назардан тыс қалмады. Кеңес мүшелері тексере келе №244, №127, №219, №50, №157, №207, №142, №214, №181, №251 мектептерінің әжетханасы дұрыс жұмыс істемейтіндігіне көз жеткізген. Кейбір мектеп ғимаратының ішінде әжетхана болғанымен, олар судың дұрыс келмеуі салдарынан жөнді жұмыс істемейді екен.
Жиында аудандағы мектептердің қысқы маусымға дайындығы жөнінде де айтылды. Көптеген білім ордалары қылышын сүйретіп келер қыс мезгіліне әзірлікті бастап кеткен. Мысалы, №148, №45 мектептерде 250 тонна көмір түсірілген. Ал Еңбекші ауылдық округіндегі №159 мектепте 9200 литр сұйық отын сақтаулы. Дегенмен кей мектептер қыстың қамын әу бастан ойлап, азды-көпті кемшіліктерін түзеу қажет. Мысалы, №47 мектеп-лицейіне от жағатын жабдықтар жетіспейді. Ал №219 мектеп жылу батареяларын ауыстыру керектігі белгілі болды
Білім ордаларында орын алған осындай олқылықтардың бірнешеуі мектеп басшыларының өз жұмысына немқұрайды қарауынан болса, енді кейбіреулері мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылғанын күту барысында орын алуда. Қоғамдық кеңестің отырысында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінің басшысы Дана Аман кеңес мүшелеріне білім беру жүйесіндегі құрылыс жұмыстарымен өз маманы айналысуы керек деп ұсыныс тастады. Алайда, білім беру бөлімінің басшысы ­Болат Сейілхановтың айтуынша, білім беру саласында педагог мәртебесі бар мамандар ғана жұмыс істей алатынын жеткізді. Бірақ бұл ұсыныс алдағы уақытта зерттеліп, өз шешімін табатын болады. Қоғамдық кеңес отырысында көтерілген мәселелерді шешу барысында мектеп директорларына тапсырма берілді, әсіресе, асхана иесіне қатаң қадағалау жүргізіп, мектеп ауласын көркейту-көгалдандыру жұмысына ерекше назар аудару керектігі айтылды. Ал №219, №50, №157, №207, №142, №214, №181, №251 мектептерінің басшыларына ауыз су мәселесіне байланысты қатаң ескерту жасалды. Сондай-ақ кейбір мектептердегі ұстаздардың киім кию әдебі мен өзін-өзі ұстау мәдениеті де сөз болды.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын ашық алаңда той мәселесі де назардан тыс қалмады. Құдайдың қазынасына баланатын қазақтың тойы бүгінде дүрілдеп өтетіні әмбеге аян. Алайда, дарқандық танытамын деп той жасаған қуаныш иелері түннің бір уағына дейін аяқтан тік тұрып, қонақтарды күтуге мәжбүр болады. Рас, ауданда соңғы кездері тойшыл қауым түнгі сағат 12-1-сіз тарқамайды. Міне, осы мәселені бір жақты етуді мақсат еткен қоғамдық кеңес мүшелері сейсенбі күнгі жиналыста үш жақты келісім жасады. Алдағы уақытта аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратура және қоғамдық кеңестің шешімімен өңірдегі жиын-тойлар түнгі сағат 24:00-ден кейін тоқтатылатын болады.

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
02 қараша 2019 ж. 757 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930