Көшпелі семинар Шиеліде
2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңес туралы» заңның аясында республикалық және жергілікті деңгейде, оның ішінде аймақтық қоғамдық кеңес құрамын қалыптастыруға байланысты жұмыс топтары құрылған болатын. Сол сәттен бері Қазақстанның барлық аймағында қоғамдық кеңес жұмыс істеуде. Өңірдегі біршама істердің атқарылуына сеп болып, бұқара арасындағы түйткілді мәселенің түйінін тарқатумен айналысатын қоғамдық кеңестің орны бір төбе. Ауданда Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-шы қадамына сәйкес, 2016 жылы аудандық қоғамдық кеңес өз ісіне кіріскен еді. Қазіргі таңда аудандағы қоғамдық кеңестің құрамында 15 адам бар.
Сенбі күні «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрхожаев көшпелі оқыту семинарын өткізді. Семинарға аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – қоғамдық кеңестегі жұмыстың тиімділігін арттыру. Семинар барысында тренер Болат Жолтайұлы қатысушылардың «Қоғамдық кеңес туралы» Заң жөнінде және өзге де мәселе бойынша қойған сауалдарына жауап берді.
– Қоғамдық кеңесті құрудағы басты мақсат – халықтың ой-пікірімен санасу. Оның үстіне қазір әлеуметтік желі пайда болған соң, әр адам өз пікірін ашық жеткізе алады. Ал қоғамдық кеңес сол пікірлерді қорытып, жоғары билік өкіліне ұсыныс ретінде айтады. Заң бойынша қоғамдық кеңестің ұсыныстары міндетті түрде қаралады. Демек біз көпшілікті алаңдатқан мәселенің шешімін табуға қауқарлымыз, – деді Болат Нұрхожаев.
Маржан БОЛАТ