Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақтың бағдары айқын, болашағы жарқын

Аймақтың бағдары айқын, болашағы жарқын

– Соңғы 10 жылда Қазақстан әлем­дік тұрақсыз жағдайларға, жағымсыз сыртқы әсерлерге қарамастан дамып келеді. Талай сындарлы сәттерден де сүрінбей өттік. Мұның барлығына Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы мемлекеттік стратегиясы мен дер кезіндегі қабылдаған шешімдерінің арқасында қол жеткізгенімізді сіз бен біз жақсы білеміз, – деп сөзін бастаған аймақ басшысы одан ары қарай өткен жылы елімізде қабылданған бағдарламалар мен заңға енгізілген реформалар жайына тоқталды.
– Былтырғы басты саяси оқиға­ның бірі – Елбасы ұсынған Консти­туциялық реформа болды. Мемлекет басшысының 35 билік өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке беруі, қоғамды одан әрі демократияландыру үдерістерін жүйелі дамыту, оның ішінде саяси, барлық билік тармақтарының жауапкершілік деңгейін жоғарылату жолында келе жатқанымызды дәлелдейді, – деді. Бұдан бөлек, облыс әкімі ТМД елдері арасында алғаш рет Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңыздылығын тілге тиек етті. Ауқымы кең мұндай көрменің елімізде өтуі болашақ Қазақстанда жасыл технологияның дамып, кең өріс алуына, қазақ даласындағы туризмнің ілгерілеуіне орасан зор септігін тигізеді, – деді аймақ басшысы.
Шынтуайтында 160 ел бәсекеге түсіп, әрқайсысы көрмені өз елінде көрсетуге талпынған уақытта, арасынан оқ бойы оза шауып, дүниежүзілік көрмені Астананың жеңіп алуы бірінші кезекте Жаратқанның бұйрығы, одан кейін Елбасының абыройының арқасы десек артық айтқандық болмас. Қырымбек Елеуұлы мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына да тоқтала отырып, бұл тақырыптың дәл уақытында көтеріліп, қолға алынғанын былайша жеткізді.
– Әлемдік экономиканың дамуы мен жаһандық өзгерістердің жаңа кезеңінде Елбасы елде Үшінші жаңғыруды өткізуді жариялады. Саяси, экономикалық және рухани салаларда жаңарудың нақты міндеттерін қойды. Алайда, экономика, саясат, қоғамдағы өзгерістер біздің санамыз жаңғырмайынша жүзеге асырылмайды. Жаңа дәуір жаңғыруының бірінші нәтижесі – қазақстандықтардың ұлттық санасының жаңғыруы – «Рухани жаңғыру», сондықтан, зерделі заманауи қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру ХХІ ғасырда елдің бәсекеге қабілеттілігінде шешуші маңызға ие болады.
Ал, Президенттің жыл басында мұхиттың арғы жағындағы алпауыт ел АҚШ-тың астанасы Вашингтонға жасаған сапары мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі турасында аймақ басшысы көкейіндегі мақтаныш сезімін жасырмады. «Бұл біздің еліміздің және Президентіміздің бейбітсүйгіш конструктивті сыртқы және ішкі саясатының халықаралық қауымдастықта зор құрметке ие екендігін көрсетті. Бұл – шын мәнісінде Тәуелсіздіктің 26 жылында қол жеткен табыстарымыздың көрсеткіші, – деді Қ.Елеуұлы.
Елдегі осындай айтулы шараларды сөз арасында тізіп өткен Қырымбек Көшербаев ендігі кезекте әңгімесін жиынның негізгі бағытына қарай бұрды. Жалпы, облыс бойынша 2017 жылға арналған жұмыс жоспарының негізгі басымдықтары – жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, адами әлеуетті дамыту, алыпсатарлық жолмен бағаның көтерілуіне жол бермеу, экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті және халықаралық қаржы ұйымдарын тарту арқылы инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелерге құралған. Жоспардағы 320 іс-шараның 232-сі орындалып, ал, тұрақты және ұзақ мерзімді сипаттағы қалған шараларды жүзеге асыру биыл да жалғаса береді екен.
Облыс әкімінің сөзінен алдағы уақытта аймақта шағын және орта кәсіптің көзі көптеп ашылып, қарқынды дамыту көзделген. Сонымен қатар, 2018 жыл Қызылорда облысы бойынша кәсіпкерлік жылы болып аталып отыр. Осыған орай биыл кәсіпкерлік саласындағы әртүрлі бағытқа облыстық бюджеттен 32 млрд. теңге қаржы бөлінгенін білдік. Әрбір қиыншылықтың артында, міндетті түрде бір жеңілдік, жақсылық бар деген емес пе бабаларымыз. Бұрнағы жылдары елімізде орын алған мұнай мен уран бағасының күрт төмендеуі билік пен бұқараны бір сәт ойландырып, қолайсыз жағдай туғызғаны жасырын емес. Бір жағынан сол кездегі қиыншылық халықтың да санасын сілкіндіріп, билік басындағыларға ел экономикасындағы тұрақтылықты сақтауда жерден шыққан шикізатқа сеніп қалуға болмайтынын ескерткен секілді. Дейтұрғанмен, білікті басшылардың төтеннен келген сынаққа сынып қалмай, керісінше елдігіміз бен тұтастығымызды сақтап, қоғамдағы жұмыссыздықтың белең алмауын бақылап, қара халықты еңбекке тартып, олардың әрқайсысының жеке кәсіп ашуына қолдау көрсету арқылы түйткілдің түйінін тарқата білді.
Бұл сөзімізге тұздық ретінде облыс әкімінің есепте айтқан мына деректерін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз.
– Соңғы бірнеше жыл бойы біз көмірсутегі мен уран шикізатының бағасы түсіп кеткен күнде де тұрақты дами алатынымызды дәлелдедік. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бес жылда атқарған жұмыстар нәтижесінде мұнай мен уран бағасына тәуелсіз аймақтық экономика құра алдық деп толығымен айта аламыз. Бұл – өте маңызды жетістік. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей! Мүмкін, дағдарыс, көмірсутегі бағаларының құлдырауы сияқты сынақ ретінде бізге сілкініс керек болған да шығар... Бес жылда облысымызда 50-ден астам өнеркәсіп нысан іске қосылса, оның 16-сы ірі және орта кәсіпорын. Нәтижесінде, өңдеуші секторда осы кезең ішінде өндірілген өнім көлемі 65 пайызға артса, шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі тек соңғы жылдың өзінде 60 пайызға артты. Жалпы, өңірлік өнім көлемі бойынша 2017 жылдың қорытындысы шықпағанымен, 2016 жылдың нәтижелері облыста жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) құрылымындағы өңдеуші сектордың үлесі 2012 жылмен салыстырғанда 3 есеге артқанын көрсетті, – деді облыс әкімі.
Бұл ретте өңірімізде осы жылдың аяғында ашылудың алдында тұрған тампонажды цемент өндіретін зауыттың да алар орны ерекше. Жылына бір миллион тонна тампонажды цемент өндіретін зауыт жұмысын бастаған уақытта жергілікті халық арасынан әртүрлі мамандық бойынша 120 адамды жұмыспен қамтитын болады. Осы ретте аталған цемент және шыны зауыттарының жұмысы мен елге әкелер пайдасын халыққа жіті түсіндіріп өткен Қырымбек Елеуұлы жақында ғана Қытай еліне жасаған сапары жайында сөз етті.
– Өздеріңіз білесіздер, осы ай­дың басында Қытай Халық Рес­пуб­­ли­касына жасаған сапар барысын­да біз әлемде шыны өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі, облысымызда шыны зауыты құрылысы бойынша жобаны жүзеге асырып жатқан «ChinaTriumph International Engineering» («Чайна Триумф Интернейшнл Инжиниринг») компа­ниясының басшылығымен және тампонажды цемент шығаратын зауыт құрылысының жобасын жүзеге асырушы «ChinaGezhoubaGroupCement» («Чайнагежуба групп цемент») компа­ниясының басшыларымен кездестік. Екі компания да салып жатқан зауыттарын ағымдағы жылы іске қосатындарын растады. Шыны зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстары маусым айында аяқталатын болады, ал, шілде айының басында пешін іске қосамыз. Зауыттың технологиясы ерекше болғандықтан, сапалы өнім алу үшін пешті 3 ай көлемінде қыздыру қажет. Алғашқы қазақстандық шыныны биыл қыркүйек айының соңында шығаратын боламыз. Бұдан бөлек, «Чайна Триумф» компаниясымен біз шыны зауыты жобасының екінші кезеңі – гаджеттерге арналған ултьражұқа шыны шығару жобасын іске асыру мәселесін де талқыладық. Жақын арада біз әріптестерімізбен аталған жоба бойынша нақты келісімдерге келеміз деп отырмыз.
Біз, сондай-ақ, «ChinaPolyGroup­Corporation» («Чайна поли групп корпорейшен») компаниясының басшылығымен келіссөздер жүргіздік, бұл – құрамына 102 кәсіпорын кіретін, ірі мемлекеттік инженерлік-технологиялық құрылым. Компания жұмысының ауқымдылығы бізге зор әсер қалдырғанын айту керек. Бірлескен жұмыс тобы құрылып, инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу бойынша жұмыстар басталып кетті. Жазға қарай, Түркиялық «YıldızlarSSS Holding» («Юлдызлар ССС холдинг») компаниялар тобымен бірлесіп, жылына 27 млн. шаршы метрге дейін керамикалық плита және керамикалық гранит шығаратын зауыт құрылысын бастайтын боламыз. Бұйырса, биыл жобаның бірінші кезеңінің құрылысы басталады, – деді облыс әкімі.
Ал, аймақтағы агроөндірістік сектордың даму деңгейін қарайтын болсақ, 5 жылда ауылшаруашылығы айналымына 274 мың гектар жер телімі тартылған. Осы жылдарда агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына, тек ресми мәліметтер бойынша, 11 млрд. теңге инвестиция тартылған. Егер 2013 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне бар болғаны 215 млн. теңге бөлінсе, 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 млрд. теңгеден асқан. Бұл біздің ауылшаруашылығы өнімін өндірушілеріміздің қаржы­лық мүмкіндіктерін, олардың дамыған­дығын көрсетеді.
Облыстағы егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы табысты жүзеге асып отыр екен. Соңғы 3 жылда мал азығы және майлы дақылдар егістігі 6 мың гектарға ұлғайып, нәтижесінде, биыл алғаш рет Қытайға 11 тонна мақсары майы экспортталған. Осының қабатында өндірістік негіздегі картоп, көкөніс және бақша өнімдері де дамыған. Алдағы жылы бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таппақ. Ауыл шаруашылық саласындағы сандардың едәуір өскендігі бізді де қуантып отыр. Тек, бізді ғана емес аталған сала мамандарының жұмысы аймақ басшысының да көңілінен шыққандай. Оны есеп барысында арнайы күрішшілерге айтқан алғысынан білдік.
– Бүгін мен күрішшілерге айрықша алғысымды айтқым келеді. Олар 2017 жылы әдеттегі рекордты тағы да жаңартып, бұрын-соңды болма­ған егін – 500 мың тоннадан астам күріш жинады. Мұндай нәтиже негізі­нен сорттардың өнімділігін арттыру есебінен қамтамасыз етілді. Егер, бұрын егістіктердің 40%-на жай тауар­лық күріш егілген болса, қазір біз тек жоғары репродукцияның ғана тұқы­мын қолданамыз. Соңғы 5 жылда күріш өнімділігі гектарына 7,6 цент­­нерге, яғни, 2012 жылғы 47,7ц/га-дан 2017 жылы 55,3 ц/га-ға өсті. Нәтижесінде, жалпы күріш жинау осы жылдар аралығында 2 есеге артты. Бұл – біздің күрішші диқандарымыз бен ғалымдардың ерен еңбегінің жемісі. Бұл жетістікті Елбасымыз да жоғары бағалап, біздің диқандарымызды жоғары нәтижелі жетістігімен арнайы құттықтады, – деді аймақ басшысы.
Иә, мемлекет кәсіп ашып, ісін жүргіземін деген адамға қай жағынан болсын жағдай жасап отыр. Тіпті, қазір егіншілікпен тапқан жемісің мен төрт түліктің берген ет, сүт, майын қайда өткіземін деп бас ауыртудың қажеті жоқ. Өйткені, облыс басшысының бастамасымен алдағы уақытта Қызылорданың күрішін Иран еліне, ал, азық-түлік өнімдері оның ішінде ет өнімін Араб Әмірліктері, Иран және Моңғолия елдеріне экспортқа шығару көзделіп отыр.

P.S. Қырымбек Елеуұлының 2017 жылды қорытындылап жасаған есебінен бұдан да басқа көптеген жаңалықты естіп, Қызылорданың болашағы үшін жасалып жатқан нәтижелі жұмыстардың зор екендігіне көз жеткізіп, шын қуанып қалдық. Жағдайы төмен отбасындағы талантты ұл-қыздарымыз шекара асып, Мәскеудің төрінде білім алып жатыр. Қызылорда қаласында дарияның сол жағалауынан соңғы үлгідегі ақылды қала бой көтеруде. Аймақтағы газ, су, тұрғын үй, қатынас жолдардың жағдайы күн өткен сайын жаңарып, шалғай ауылдардағы кейін қалып тұрған ғаламтор желісі де жөнге келе бастады. Бұл дегеніміз айтқан ауызға жеңіл болғанымен, оның артында алапат күш пен қажырлы еңбектің тұрғанын айқындайды.

Елдос Жүсіп.
17 ақпан 2018 ж. 866 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930