Жолдау жүктеген міндеттер жүзеге асуда
Сенбі күні ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы іс-сапармен Қызылорда облысында болды. Үкіметтік топ облыстағы бірнеше ұжымның жұмысымен танысып, әлеуметтік салаға арналған жиынға қатысты. Сонымен бірге облыс тұрғындарымен кездесіп, өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Үкіметтік топтың сапары бұдан кейін түс ауа Шиелі ауданында жалғасын тапты. Мұнда денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет пен спорт, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрлері мен аудандағы бірнеше сала басшылары және өңір тұрғындары «Арман» мәдениет үйінде бас қосты. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жүргізген жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру туралы айтты. Сонымен қатар бүгінгі таңда ел аузында «21 мың теңге» аталып кеткен атаулы әлеуметтік көмек пен жаңа жәрдемақы мөлшері жөнінде сөз болды. Бұл тұрғыда алғашқы болып сөз алған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеме жасады.
Жаңа жәрдемақы мөлшері тағайындалды
Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмек 420 000 отбасыға тағайындалған. Яғни ай сайын берілетін жәрдемақыны елімізде 2 млн 200 000 адам алуда. Алайда, жәрдемақыны алу мақсатында заңсыз әрекетке жол беріп жатқандар да жоқ емес. Әсіресе, отбасы мүшелерінің табысын жасыру, заңсыз құжат дайындау сынды олқылықтар арта түскен. Жаз айларының өзінде 74 000 отбасының заңсыз әрекеттері әшкере болған. Ал Қызылорда облысы бойынша 3687 отбасы табысын жасырған. Оның 151-іне төлем тоқтатылып, қазіргі таңда әлі де қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Біржан Нұрымбетов ел арасында кәсібін жасырып, күнкөріс қамы жоқ деп айтатын азаматтардың да бар екенін тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде атаулы әлеуметтік көмекке шын мұқтаж жандарға кесірін тигізеді. Міне, осындай олқылықтарды болдырмау үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға арналған көмектің жаңа әдісін тағайындаған.
– Сараптап қарасақ, АӘК тағайындалған отбасының ішінде 1,5 млн-ға жуығы балалар екен. Оның ішінде 62 пайызы көпбалалы отбасында тәрбиеленуде. Олардың көбі АӘК алмай, табыс табу шегінде жүр. Тіпті 500 теңге асып кетуі де мүмкін. Көптеген кісілер табыстың саналуына байланысты жәрдемақы тағайындалатынына реніш білдірді. Сондықтан біз мынадай шешім қабылдадық. Жалпы көпбалалы отбасыға 4 және одан да көп кәмелет жасқа толмаған отбасылар жатады. Біз оларға жаңа 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бөлек мемлекеттік жәрдемақы енгізсек деген ойдамыз. Бұл баланың санына байланысты, ешқандай табысына қарамастан төленеді, – деді Б.Нұрымбетов.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, көпбалалы отбасыларды қолдау республикалық бюджет қаражатынан мемлекеттік жәрдемақыны енгізу есебінен қамтамасыз етіледі. Демек келер жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына байланысты сараланып, әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден беріледі. Тарқатып айтар болсақ, 4 балаға – 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 62 750 теңге, 7 балаға – 74 375 теңге мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады. Ал АӘК аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға да төленетін болады. Тек оларды қадағалау қатаңдай түседі. Бұл жөнінде Біржан Бидайбекұлы «Мемлекеттің негізгі қағидаты – шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсететін болады. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуге тиіс, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі», – деді. Себебі, 420 000 отбасының 83 пайызында еңбекке жарамды жандар тұрады екен. Оларды жұмысқа орналастыру үшін өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық тетіктері пайдаланылатын болады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі барлық отбасы мүшелері үшін тоқтатылады.
Б.Нұрымбетов жиналған қауымды әлеуметтік пакетпен де таныстырды. Ол аз қамтылған отбасының балаларына көрсетілетін көмек. Яғни көпбалалы отбасындағы әр баланың жасына байланысты 5-12 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады. Алайда, ол ақшалай түрде емес, заттай немесе қызмет көрсету түрінде беріледі. Яғни әлеуметтік пакет арқылы мектеп жасына дейінгі бала гигиеналық заттармен және арнайы тағаммен қамтамасыз етілсе, мектеп жасындағы балаларға оқу құралдары, мектеп формасы және ыстық тағам беріледі.
Мұғалім мәртебесі, дәрігер дәрежесі басты назарда
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жаңа жәрдемақы мөлшерімен таныстырған соң, келесі болып премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз алды. Вице-премьер жастарға рухани-адамгершілік тәрбие мен білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру, МӘМС енгізу, сандық технологияларды дамыту, жұмыспен қамтуды қолға алу және әлеуметтік саланы дамытудың басқа да мәселелерін қозғады. Әсіресе денсаулық сақтау мен білім беру саласына ерекше тоқталды. Бұл орайда ақ халаттылардың білімі мен біліктілігін арттыру бірінші орында тұру керегін тілге тиек етті. Премьер-министрдің орынбасары барлық елді мекендерде емхана болу керектігін және медициналық құралдардың заман талабына сай болу қажеттігін айтты. Одан кейін білім беру саласы туралы сөз қозғады.
– Еліміздегі ең үлкен саланың бірі – білім беру. Біз қазіргі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірледік. Ондағы негізгі мақсат – мұғалімдердің мәртебесін арттыру, құқығын қорғау және жағдайын жақсарту. Естеріңізде болса, тамыз конференциясында мемлекет басшысы ұстаздардың жалақысын 4 жылдың ішінде екі есе арттыруды тапсырған болатын. Осыны орындау мақсатында жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өседі. Бірақ мұғалімдерге артылатын жауапкершіліктің жүгі де ауырлай түседі. Әсіресе, тәлім-тәрбие жағынан, – деп атап өтті Б.Сапарбаев. Содан кейін жастардың тәрбиесі төңірегінде сөз қозғады. Ол: «Кейінгі кезде жастардың тәрбиесі нашарлауда. Оның бірден бір себебі – ата-ананың балаға немқұрайды қарауы. Ата-ана баланың тәрбиесіне ыждағаттылық танытып, кеш қарайғанда қайда жүргенін білуге ұмтылмайды. Өз баласының неге бұзақылыққа жол беріп, төбелесіп жатқанын немесе өз-өзіне қол жұмсауы, қызының ерте жүктілікке душар болуы көптеген ата-ананы қызықтырмайды. Біз жаңа заң бойынша ата-ана жауапкершілігін күшейтеміз», – деді. Сонымен бірге мұғалімдерге де оқу ордасындағы олқылықтардың орнын толтыруда білек сыбана іске кірісу керектігін ескертті. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының топ болып төбелесу оқиғасының алдын-алу керектігін, ата-анамен үздіксіз байланысты қолға алуды тапсырды.
Б.Сапарбаев өз кезегінде әлеуметтік, спорт салаларындағы қызметкерлерге де тоқталды. Осы салада еңбек ететін жандардың жалақысы да келесі жылдан бастап көбейетін болады. Бұл салада мән берілетін маңызды жайт – балалардың бос уақытын тиімді пайдалану. Осы тұста жасөспірімдерді спорт пен өнерге баулуды қамтамасыз етуді атап өтті. Ол үшін кәсіпкерлер мен туған жерден түлеп ұшқан тұлғаларды тартып, әртүрлі мәдени орындарды көбейту қажет екендігін де айтты. Бердібек Сапарбаев өз сөзін әр азаматты ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла жұмыс істеуге шақырумен аяқтады.
Президент Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы басты бағыттар таразыланған соң үкіметтік топ аудандағы жаңа аурухананың жұмысымен танысты. Заманауи құралмен жабдықталған аурухананың іртегасы өткен жылы қаланған болатын. 150 адамды қамтитын нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аурухана биылғы жылдың желтоқсан айында тұрғындар игілігіне беріледі. Қазіргі таңда қарқынды құрылыспен 90-ға жуық жұмысшы айналысуда.
Үкіметтік топ мұнан соң қуаттылығы жылына 1 млн тонна цемент өндіретін «Гежуба Шиелі цемент» зауытына барып, ондағы тынымсыз тіршілікпен танысты. Айта кетейік, кәсіпорын құрылысын 2018 жылы бастап, биыл мамыр айынан бері жүйелі жұмыс істеуде. Орталық Азияның заманауи технологияларымен жабдықталған зауытта 200-ге жуық жұмысшы еңбек етеді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА