Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік саясат әлеуетті көтереді

Әлеуметтік саясат әлеуетті көтереді


– Елбасы тапсырмасына сәйкес, биыл шілдеден бастап бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін, оның ішінде ең төменгі жалақы алатындардың еңбекақысы орта есеппен 15-тен 30 процентке өседі. Осылайша, кем дегенде 1 млн-нан астам адамның жалақысы көбейеді. Слесарь, сантехник, электрмонтер секілді жұмысшылардың табысы орта есеппен 25 процентке өседі. Оған қоса, ауылдық, қалалық әкімдіктерде халықпен тікелей байланыста еңбек ететін қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі. Болжам бойынша олардың саны 75 мыңнан жоғары, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысшы топтың Сыр еліне сапары барысында. Жиынға көпбалалы аналар, әйелдер кеңестері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен әртүрлі сала өкілдері қатысты. Сондай-ақ, министр «Әлеуметтік қамқорлық» шараларының орындалу барысына кеңінен тоқталды.

Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға көмек – бүгінгі күні басты назарға қойылған. Осы жылдың сәуіріне дейін атаулы әлеуметтік көмек көлемі 50 процент шамасында болса, енді ол 70 процентке артып отыр. Яғни, бұған дейін 14849 теңге алып келген отбасылар үшін аталған сома 20789 теңгеге көбейді. Айта кетейік, бүгінде елімізде 830 мыңнан астам адам әлеуметтік көмек алады. Оның 60 мыңнан астамы – қызылордалықтар.
Кездесуде Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов салаларда атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді. Үкімет мүшелері жиын соңында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, мәселелері бойынша жергілікті жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді.
Сыр бойына арнайы сапармен келген делегация алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз тобына арнап үйлер салынып жатқан «Бәйтерек» шағын ауданына барды. Көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешу үшін облыс әкімдігі «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорымен бірге игі істі қолға алған еді. Жұмыс комиссиясы анықтаған өте қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатқан 150 отбасы көп ұзамай жаңа шағын ауданда қоныс тойын тойлайды. Оның 50-і жергілікті бюджет, 100-і аталған қор қаражаты есебінен бой көтермек.
– Баспананың 1 шаршы метрі – 70 мың теңгеден. Сонда 65 шаршы метрлік бір пәтердің құны 4,5 млн теңге болады. Әрқайсысында асхана, жатын, қонақ бөлмелері бар. Белгіленген мерзімге қарай инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмысы аяқталады. Сондай-ақ, әрбір отбасыға бау-бақша егу үшін 6 сотық жер телімі бөлінеді, – деді Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қосымша 3,6 млрд. теңге бөлінген. Бұл 470 пәтерлік 10 үй салуға мүмкіндік береді. Жалпы, биыл облыста 1966 пәтерді құрайтын 45 көпқабатты баспана салынбақ. Олардың басым бөлігі мұқтаж азаматтарға бөлінеді.
Аймаққа сапар барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүл­шара Әб­ді­қалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Жан-Арай Жем» серіктестігінің жұмысымен танысты. Әрі қарай меймандар серіктестіктің мәжіліс залында өткен басқосуға қатысты. Қала, аудан әкімдері, өндіріс орындары, бизнес құрылымдары, кәсіподақ ұйымдарының басшылары жиналған шарада әлеуметтік және кәсіпкерлік салаға маңыз берілді.
Облыстағы жұмыс сапарының соңында Гүлшара Әбдіхалықова мен Бердібек Сапарбаев «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында азаматтарды жеке қабылдады. Түрлі мәселесін шешіп, көмек береді деп үмітпен келген әр тұрғынды мұқият тыңдап, соған сәйкес жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

«Өскен өңір» ақпарат.
13 сәуір 2019 ж. 825 0