Мамин атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін осы айдың соңына дейін жетілдіруді тапсырды
BAQ.KZ. Бүгін Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмек көрсету механизмдерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов заңға бірқатар өзгеріс енгізу керектігін айтты. Ал ҚР премьер-министрі Асқар Мамин тиісті тапсырмалар берді.
«Бүгін қаралып отырған мәселенің маңызы өте жоғары. Біз халықты әлеуметтік қолдау тәсілдерін жетілдірудеміз. Осы бағытта үлкен жұмыс атқарылған және бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігі ашық әрі әділетті болуы, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Бүкіл әлемде азаматтарды әлеуметтік қолдаудың кез келген жүйесі ең мұқтаж адамдарға ғана бағытталады әрі ашықтық қағидаттарына сәйкес болады, және еңбек етуге жарамды жастағы адамдар жұмыспен қамту шараларының картасына енгізіледі. Бүгін министр ұсынып отырған тәсілдер жалпы қабылданған стандарттарға сәйкес келеді. Ұсынылған жаңа шаралардың мағынасын халыққа дұрыс жеткізудің маңызы өте зор», - деді Асқар Мамин.
Осыған орай, премьер-министр бірнеше тапсырма берді. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде ауқымды және сапалы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
«Көмекке мұқтаж адамдардың барлығы мемлекет қамқорлығында болып келді және солай болатынын азаматтар білуі тиіс. Ал жұмыс істей алатын адамдар үшін оқу, мамандықтарды игеру, өз бизнесін ашу, жұмысқа орналасу үшін барлық жағдай жасалады. Қазан айының соңына дейін заңдарға енгізілетін барлық өзгерістер топтамасын дайындап, парламентке енгізуді тапсырамын. Сонымен қатар, тиісті заңға тәуелді нормативтік актілерді дайындап, пысықтау керек. Бердібек Мәшбекұлы (вице-премьер Сапарбаев-автор ескертпесі) осы мәселені бақылауға алыңыз», - деді Асқар Мамин.