Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарын қадірлеген ел азбайды

Қарттарын қадірлеген ел азбайды

Қазан айының алғашқы күні «Қарттар күні» болып белгіленіп, республика көлемінде кеңінен тойланып келеді. Үлкенін ұлықтап, бейнеттің зейнетін татып отырған егде кісілерді ескерусіз қалдырмау мақсатында «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шамшат Оразымбет пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова аудандағы қарттардың үйін аралады.
Ыстық ықылас пен жылы лебіздің өзі көңілдеріне демеу болатын қазыналы қарттар мереке қарсаңында сый-құрметке бөленді. Бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне жұмсаған ардагер ұстаздар Төлтай Кәрімбаева, Күлжан Жәукебаева, Серіккүл Ақмолдаева апаларымыздың үйіне енген сәтте көңілдері көтеріліп, балаша жадырап сала берді. Одан әрі Ұлман Мәміреева, Қадиша Маханшаева апаларымыздың хал-жайын біліп, мереке қарсаңында ақ жаулық тағып, қазақы ою-өрнекпен сәнделген камзол кигізген қыздарына ауданның бибіпатымасы Ұ.Мәміреева «Жолдарың ақ, талаптарың оң болсын. Еңбектерің жемісті, әрбір істерің келісті болсын» – деп ақ батасын берді. Осындайда көпті көрген даналар, көп баланы дүниеге әкелген абыз аналар да ескерусіз қалмаса екен деген ойға қалдық. Шиелі ауданында әр салада абыройлы қызмет атқарған қаншама ардагерлеріміз бар. Қара жұмыспен қартайғанша нан тапқан қариялар да бейнетке жеткенде іздеп келіп, ізет көрсетсе қуанышқа бір бөленіп қалмай ма?

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

05 қазан 2019 ж. 1 613 0