Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Nur Otan»: тапсырма қадағалаусыз қалмайды

«Nur Otan»: тапсырма қадағалаусыз қалмайды


Сейсенбі күні «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова ауданға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында әлеуметтік және өндірістік нысандармен танысып, өңірдегі бастауыш партия ұйымдарымен кездесті. Сонымен қатар партияның аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады.
Ақмарал Шәріпбайқызы әуелі жаңадан салынып жатқан аудандық аурухананың жұмысымен танысты. Жаңа типтегі, заманауи құралдармен жабдықталатын аурухананың іргетасы өткен жылы қаланған болатын. 150 адамды қамтитын нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Өйткені жауапты мердігер аурухананы 1 желтоқсанда бітіруді жоспарлаған. Қазіргі таңда қарқынды құрылыспен 90-ға жуық жұмысшы айналысуда. Облыс бойынша төрт аудандық аурухана апаттық жағдайда болса, соның бірі Шиелі кентінде еді. Бұдан бұрын республика бюджетінен Арал, Қазалы, Сырдария аудандарында аурухана бой көтерді. Енді міне, Шиелідегі бұл мәселе де шешімін таппақ. Алдағы уақытта жетекші партия арнайы комиссия құрып, нысанның техникамен толық жабдықталуын жіті қадағалайтын болады.
Партияның басты күші – бастауыш партия ұйымдары. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдаулары мен бағдарламаларын жүзеге асыруда БПҰ-ның рөлі ерекше екенін айтып келеді. Осы ретте А.Әлназарова «Аудандық аурухана» бастауыш партия ұйымының жұмысын көрді. Ұйым төрағасы Нұрлан Әмір бертінге дейін жүзеге асқан жобаларды айтып, ұйым мүшелерімен таныстырды. «Аудандық аурухана» БПҰ құрылғаннан бері «Бақытты балалық шақ», «Жемқорлықсыз гүлденген ел», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Айқын тариф» сынды бағдарламар аясында жұмыс істеп келеді. Кездесуде А.Әлназарова медицина қызметкерлеріне тұрғындармен жиі байланыс орнатып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмысымен айналысуды тапсырды.
Жетекші партия мұнан соң қуаттылығы жылына 1 млн тонна цемент өндіретін «Гежуба Шиелі цемент» зауытына барды. Алып зауыттың тынымсыз тіршілігімен танысып қана қоймай, жұмысшылар мен кездесті. Кездесу барысында қызметкерлермен және зауыт директоры Ли Цзинь Цинмен еңбек заңдылығына және әртүрлі тұрмыстық, әлеуметтік сұрақтар аясындағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Жұмысшылар айлық жалақы, ас-ауқат және жуыну орындарына қатысты ұсыныс-пікір айтып, талап-тілектерін жеткізді. Айтылған ұсыныстардың барлығына зауыт басшысы жауап беріп, алғашқы жәрдем көрсететін бөлімшенің бір жетіден соң ашылатынын мәлімдеді. Ал тамақ сапасын облыстық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида Абибуллаева өз бақылауына алды. Сонымен қатар Ақмарал Шәріпбайқызы ұжымға кәсіподақ ұйымын құру керектігін айтып, өз құқықтарын осы ұйым арқылы қорғап, оны заңмен қадағалау жолдарын түсіндірді.
Мұнан соң төраға орынбасары №3 облыстық балалар оңалту орталығына келді. Оңалту орталығы өз жұмысын 2011 жылы бастаған. Мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық және медициналық оңалту қызметін көрсетеді. Орталықта бір мезетте 50 бала ем ала алады. Орталықтың жанында «Мейірім» бастауыш партия ұйымы ашылған. Қазіргі таңда ұйымның 150 мүшесі бар. Оңалту орталығының директоры Гүлмира Бердиеваның айтуынша, БПҰ-ның басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі балалардың келешегіндегі кедергіні жою. Сонымен қатар қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға атсалысу.
– Жылдың аяғына дейін ұйымға мүше ұжымдармен әртүрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлаудамыз. Көбінесе отбасылық, спорттық жарыстарға басымдық беріледі. Осы арқылы балалардың өмірге деген құштарлығын арттырғымыз келеді. Сондай-ақ «Мейірім» бастауыш партия ұйымының есігі әрдайым ашық екенін айтқым келеді. Осы уақытқа дейін бірқатар ата-аналар балалар мәселесі бойынша қоғамдық қабылдауға келген болатын. Бірақ біз халық арасындағы барлық мәселені жетекші партияға жеткізуге тырысамыз, – дейді «Мейірім» БПҰ-ның төрайымы.
Ұйымдардың жұмысымен танысып болған соң Ақмарал Шәріпбайқызы аудандық партия филиалында тұрғындарды қабылдады. Әлеуметті толғандырған мәселені бірқатар сала басшыларымен бірге талқылады. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі жұмыс іздеп келсе, енді бірі тұрғын үй қажеттілігі туралы өтінішін айтты. Ал жауапты мамандар көпбалалы аналар мен ел арасындағы әлеуметтік жағдайлардың назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– БПҰ жергілікті жердегі мәселені шешетін орынға айналуы тиіс. Осы орайда біз бүгін бес азаматты қабылдадық. Әртүрлі мәселе қозғалды. Жауапты мамандарға тапсырма беріп, алдағы уақытта қадағалап отырамыз. Сондай-ақ партиялық бақылау комиссиясы құрылып, баспана жөнінде жағдай айтқан азаматтардың қазіргі тұрғылықты жерін қараймыз. Егер ол кісінің өтініші орынды болса, партия тарапынан ұсыныс тастап үй кезегін алға қарай жылжытуға тырысамыз, – дейді Ақмарал Әлназарова.
Сапар соңында жетекші партия қарттар күніне орай ардагер-ұстаз Серіккүл Ақмолдаеваның шаңырағына барды. Шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстазды 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Ақ жаулықты әже өз кезегінде келген қонақтарға алғыс айтып, батасын берді.

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
05 қазан 2019 ж. 1 554 0