Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Махаббат ешқашан құлыпталмайды

Махаббат ешқашан құлыпталмайды

Теміржол вокзалындағы көпірден өткен сәтте ілініп тұрған құлыптарды көзім шалды. Екі қапталында екі-екіден ілінген құлыптар әлдеқашан тат басып үлгерген. Ілінгеніне біраз болған-ау шамасы. Осыны көрген сәтте санама "Неліктен және кім ілді екен?" деген сұрақ оралды. Сүйтсем бұл құлыптардың да өзіне тән тарихы мен атауы бар болып шықты. Сонымен сіз бен біз көріп жүрген дүние "Махаббат құлпы" деп аталады.
Негізі бұл дәстүрдің отаны Флоренция екен. Флоренциялық жастар Понте Веккьо көпіріндегі Бенвенуто Чеплин ескерткішіне құлып тағып, кілтін Арно өзеніне тастап жіберетін болған. Кейіннен бұл дәстүр көптеген елдерде қолданылып, жастар арасында танымалдық иеленді. Ал оған Федерико Моччианың 1992 жылы "Аспаннан үш метр жоғары" деп аталатын романы одан соң роман желісімен түсірілген фильм тікелей себепкер. Аталған роман мен кинодан кейін "махаббат көпірін" іздеушілер саны артқан. Деректерге сүйенсек, шетелдегі махаббат көпірінен жылына 400 келіден аса темірді алып тастауға мәжбүр. Тіпті Флоренцияда қала мэрі Леонарда Доменичи құлып таққандарға 50 евро көлемінде айыппұл салған. Алайда ғашықтарға бұл да кедергі келтірмеген.
Махаббат құлпы қазір Алматы қаласында кең таралған. Әсіресе Есентай жағалауында құлыптардың көптігінен көз сүрінеді. Бұл жаққа сүйген жандар арнайы келіп, көпірдің темір тұтқаларына өздерінің есімдері қашап жазылған құлып тағып кетеді. Құлыпты көпір тұтқаларына бекіткен соң, екі ғашық өз сезімдерінің куәгері болып тұрған суға кілтті лақтырып жібереді.
Қазір қит етсе жаһандану заманы немесе ХХІ ғасыр деген сөзді алға тартып, өзіміздің ұстынымызға сай келмейтін жоралғыларды жаттап аламыз. Әсіресе жас буын кез келген жаңалықты қабылдай береді. Осы орайда біз махаббаттың ешқашан құлыпталмайтынын айтқымыз келеді. Ойланайық... Әзірге ауданда құлыпты ілгендер саны аз, қатар саны көбеймеу үшін осы ақпаратты құлаққағыс ретінде жазудамыз. Отау құрмаққа ниеттенген жастар болса, өз сүйіспеншіліктеріңізді құлып көмегімен емес, өз сезімдеріңізбен білдірсеңіздер игі болар еді.

Маржан Болатқызы




26 қыркүйек 2019 ж. 764 0