Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұлпар мініп, ту алған

Тұлпар мініп, ту алған

Қазақ халқында қаһармандық жырлар көп. Олар ауыздан ауызға тарап, сан ғасыр өтсе де, шашауы шықпай бүгінгі дәуірге жетіп отыр. Сондай эпостық жырдың бірі – Қобыланды батыр жыры.
Қобыланды батыр жыры – көркемдік қасиеттері жағынан дүние жүзіндегі батырлық эпостардың қатарында тұрған шығарма. Ол ұл баланы ерлік, батырлық, отансүйгіштікке баулыса, қызды ақылды болу мен көрегенділікке үйретеді. Сол себепті кез келген жан эпостық жырға көз тастап, оның ішіндегі сүбелі сөз бен өлеңмен өрнектелген жолға назар салуы керек. Әсіресе, бұғанасы қатпаған жеткіншектер. Иә, тал шыбықтай енді өсіп келе жатқан жас буын кітап парақтап, жыр жаттаса, халықтың амандығын ойлаған батыр, күрескер, өр рухты болатыны жасырын емес.
Қазір ұлтымызда ұрпақ тәрбиесіне зер салып, жас буын үшін жұмыс істеп жүрген жобалар көп. Олардың арасында конференция мен кездесулер де, басқосу мен байқау да кездеседі. Алайда, 17 қыркүйек күні №47 М.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінде өткен бәйгенің болмысы бөлек. Естеріңізде болса, басылымның оныншы қыркүйектегі санында «Qazaq Epos» ұлттық ағарту жобасы ұйымдастырған республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы туралы жазғанбыз. Сол мақалада аталған байқаудың Қызылорда облысы бойынша аудандық кезеңі 16-26 қыркүйек аралығында өтетіндігі де айтылды. Енді міне, арада бір жеті өткен соң шиелілік қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, бақ сынады. Жыр жарысына аудан бойынша 333 оқушы қатысты. Сайыста аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов сөз сөйлеп, шәкірттердің шаршы топқа шығуына сәттілік тіледі. Сонымен қатар «Тұлпар мініп, ту алған» бәйгесінің маңыздылығы жөнінде айтты.
Шиелілік шәкірттерге қолдау білдіруде ата-аналар да қалыс қалмады. Бірі баласының, енді кейбіреулері немересінің тілеуін тілеп, зал ішінде солар үшін тақымын қысып отырды. Сондай жандардың бірі – Дайрабай Нұрманұлы. Ол немересі Фариза Дайрабайдың талабын қолдап, ала жаздай дайындалған еңбегінің нәтижесін бірге көруге Ш.Қодаманов ауылынан келген.
– Ауыз әдебиетінде батырлар жырының орны ерекше. Оны тек жаттап қана қоймай, тәлім-тәрбие алу үшін оқу керек. Әсіресе, «Қобыланды батыр» жырының ұрпаққа үйретері көп. Немерем Фаризаның осы байқауға қатысып жатқанының өзі қуаныш. Өйткені, ол ұлттық тәрбиені, ұлттық құндылықты бойына сіңірді. Өзі ғана емес, үйде дайындық барысында баршамызды соған баулыды. Мектептегі дайындығынан соң, үйге келіп барлығымызға оқып беретін. Сол сәтте жақсы жаттағанын байқадық. Алайда, көпшілік ортада қобалжып, білгенін есінен шығарып алмаса екен. Жарыстың бір пайдасы – осы. Оқушылар көпшіліктің алдына шығып, жаңылмай сөйлеуді үйренеді, – дейді Д.Нұрманұлы.
Жарысқа қатысушыларға аудандық білім және ішкі саясат бөлімінің және жастар ресурстық орталығы мен БАҚ қызметкерлері қазылық етті. Оқушылар әуелі іріктеу кезеңінде жырдан жаттаған жолдарын айтты. Одан кейін екінші кезеңге жырды толығымен жадына тоқығандар жолдама алды. 300-ден асқан шәкірттің ішінде 10 оқушы келесі кезеңге өтті. Оларға «Қобыланды батыр» жырының кез келген жерін айтуды талап етіп, жан-жақты сынады. Осылайша жырды оқуға емес, көңіліне тоқуға тырысқан үш қатысушы үздік саналды. Олар №270 мектептің оқушысы Абылайхан­ Қарынбаев (І орын), жетекшісі Несібелі Омарова,­ №47 мектеп-лицейдің шәкірті Аружан­ Бағдатқызы (ІІ орын), жетекшісі Райхан Қалыбаева және №46 мектеп-лицейдің білім алушысы Бейбіт Әмірбай (ІІІ орын), жетекшісі Айзат Динбаева.­ Бұл жеңімпаздарға арнайы дип­лом мен қаржылай сыйлық облыстық кезеңнің қорытындысында табысталады.
Сайыс өз мәресіне жеткенде ІІ орын иегері Аружан­ Бағдатқызының әжесі Зейнеп­ Алмасбекова­­­­ өз ойын білдіріп, ұйым­дастырушыларға және ұстаздарға алғысын айтты.
– Байқау біздің қазақы қасиетімізден хабар береді. Қазір көбісі ұмыт қалды. Салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар жұрт жадынан жоғалуға таяды. Ал «Қобыланды батыр» жырын жаттатқызатын жарыстар баланың санасын жаңғыртады. Шыққан тегін есіне салады. Сондықтан немерем Аружанның қатысуына қуандым. Ата-анасы, ұстаздарымен бірге дайындалдық. Аружан бала кезінен белсенді әрі жырға жақын. Мүмкін арғы аталарында ақындық өнері болғаннан шығар. Осы талпынысын байқап, әртүрлі шараларда бой көрсетуіне ықпал жасаудамыз. Кей жарыс­тардан жеңбесе де, санасында саңлау қалып, бойына білім дариды. Ең маңыздысы осы, – дейді ақ жаулықты әже ағынан жарылып.
Қызылорда облысы бойынша аудандық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылар енді облыстық кезеңде сайысқа түседі. Ол жерде жырды жаттап қана қоймай, көнерген және тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әзірленген сауалдарға жауап береді. Олай болса, жерлестерімізді жеңісімен құттықтай отырып, үздіктер бас қосқан ақтық сыннан сүрінбей өтуіне тілектеспіз!

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

21 қыркүйек 2019 ж. 1 535 0