Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасампаз елдің қадамы нық: Сенім мен Тұрақтылық

Жасампаз елдің қадамы нық: Сенім мен Тұрақтылық

Аптаның сәрсенбісінде «Психологиялық-медициналық-педогогикалық консультация» бас­тауыш партия ұйымында аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Ербол Жеңсікбаев пен аудандық партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі, БПҰ төрайымы Гүлнар Тымбаулиева БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев партияның 2016 жылы өткен XVІІ съезінде қабылданған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты бағдарламасын, сонымен қатар «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп аталатын алдағы сайлаулардың алдында партияның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырған аудандық мәслихат депутаты Е.Жеңсікбаев:
– Қазір ауыл жастарымен жұмыс істеу – маңызды міндеттердің бірі. Президент Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жандандыруды тапсырды. Бұл жобаның бас­ты мақсаты – ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу, оларды ауылда тұрақтандыру. Ауылда ертең кім жұмыс істейді? Қазір урбанизация жүріп жатыр. Қалаға көшті тоқтату мүмкін емес. Егер де ауылдарда нақты жұмыс орындары ашылатын болса, жағдай жасалса, халық ауылға қайта көшер еді, – деді.
Сонымен қатар табиғат құндылықтарына жасалып жатқан қастандықтар төңірегінде де сөз қозғады. Балық аулаудағы электр тоғымен ұру немесе газ жіберу секілді құйтырқы әрекеттердің балық атаулыны жойып жіберу қаупін төндіріп отырғандығын жеткізді. Осы орайда тиісті шаралар қаралып, заңды күшейту жұмыстарына күш салатындығын баяндады. Сондай-ақ ел аузында халқына етене жақын, қамқор депутат атанып кеткен Е.Жеңсікбаевтан кенттегі қазақтың батыр қызы Ә.Молдағұлова көшесіне жол салып, лайықты құрмет көрсетілуін сұрады. Шара барысындағы көше тұрғынының бұл ұсынысы ескерусіз қалмайтындығын айтты.
Одан әрі «ПМПК» бастауыш партия ұйымында аудандық мәслихаттағы фракция мүшесі Е.Якуллаұлы мен БПҰ төрайымы Г.Ибрашқызы кент және ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Жастар жылына орай ұйымдастырылған кездесу барысында ауылдағы электр желілері мен ауылішілік жолдар мәселесі көтерілді. Оған қоса, жастардың тұрғын үймен қамтылу мәселесін қаузады. Аудандық мәслихат депутаты Е.Жеңсікбаев тұрғындардың ұсыныс-тілегін құзырлы органдарға жеткізетін болды.


Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

21 қыркүйек 2019 ж. 676 0