Экономиканың цифрлық дәуірі
Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәсіпкерлікті дамытуға байланысты ашық цифрлық жүйе платформасын енгізу бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның атқарушы директоры Б.Құрманғалиева, коммерциялық директоры Л.Ганими, «КТСLoudlab» ЖШС-нің бас маманы Г.Шурина, «Специальные назначения» ЖШС-нің бизнес-тренері М.Аматов арнайы жұмыс сапарымен келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлының төрағалығымен өткен жиынға ауыл әкімдері мен бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек» – деген болатын. Расында, ел алдына қойған жаңа мақсаттар замана көшінен тыс қалмай, әлемдік аренадағы айбынды дамуымызды жылдамдату болып отыр. Ол үшін әлеуметтік сала, өндіріс, ТШК, агроөндіріс барлығы бірдей цифрландыру жүйесіне енуі қажет. Нақтылап айтқанда, ақпарат және цифрлық технологияны жаңа дәуірдің өзегіне айналдыруға тиіспіз. Себебі, Қазақстан енді жаһандық технологиялық инновацияны жәй ғана сырттан бақылаушы емес, нақты қатысушысына айналмақ. Жиын барысында қозғалған тақырыпты тарқата айтар болсақ, цифрландыру жүйесі алдымен ауылшаруашылығына тірелмек.
Шиелі ауданы ақ күріші «Ақмаржанмен» және дәмі тіл үйірер қауын-қарбызымен танымал. Бұл дегеніміз ауылшаруашылығы кең өріс жайып, еккен егіні мен өнімі мұқым елдің таңдап жүріп тұтынатын азығына айналғанын білдіреді. Мысалы, 2017 жылы 29 мың 663 гектар жерге егін егілсе, оның ішінде күріш алқабы 13380 гектарды құрайды. Осы брендке айналған өнімдерді өз дәрежесінде сатылымға шығара алып жатырмыз ба? Ала жаздай еткен еңбек, төккен тердің жемісін құрт-құмырсқаға жегізбей, ірітіп-шірітпей уақытылы нарыққа шығара алсақ құба-құп. Алайда, ауыл-ауылды жағалап, көшелерді аралап қауын-қарбыздың бәрін жарамды түрде сату мүмкін емес. Сондықтан, Елбасы айтқан цифрландыру мәселесі алдымен осы ауылшаруашылығына қажет екенін аудан әкімі Ә.Оразбекұлы жиын барысында айтып өтті. «Қазақтелеком» АҚ-ның атқарушы директоры Б.Құрманғалиева бұл мәселенің шешімін ғаламтордан табуға болатынын жеткізді. Яғни, төрткүл дүниеге танымал болған «Алибаба» интернет дүкенін мысалға алайық. Ғаламтор-алпауытының саудасына әлемнің 240 елінің сатып алушылары қатысатын көрінеді. Ешқандай дүкені жоқ қарапайым ғана Қытай елінің Ханчжоу қаласынан бастау алған Alibaba.com интернет-сайтына тіркелген адамдардың санында шек жоқ екенін және бізге де цифрлы жүйенің сиқырын меңгеру қажеттігін тілге тиек етті.
Иә, егінмен күнелткен Шиелінің ертеңі заманауи технологиямен ұштасатын болса, әлемдік аренадан алар орнымыз орасан зор болмақ. Бұл тақырыпты «Өскен өңір» газетінің 2017 жылғы 1 сәуір, №25 нөмірінде тілшіміз Г.Яхияева «Қауыннан қадір кетті ме?» атты мақаласында да көтерген болатын. Күріштен кейінгі брендке айналған «Шиелі қауынына» менмұндалап тұратын белгі керектігін және оны өткізетін жер таппай әуре-сарсаңға түсетін диқандар жайын да назардан тыс қалдырмайды. Ал, облыс әкімі Қ.Көшербаев 2020 жылға қарай ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,4 есе, оның экспорт көлемі 5 есе артады деп алға жоспар қойып отырғаны мәлім. Сондықтан, өнімді сапалы әрі тиімді бағада экспортқа шығару үшін «Шиелі өнімдері» сынды не басқа атаумен интернет сайытына тіркеліп, өзге елдермен сауда қарым-қатынасын орнатуды ұсынғалы отырмыз. Ол үшін арнайы ІТ-мамандар да даярланып жатқандығы белгілі. Бұл экспорт көлемін арттыру үшін таптырмас мүмкіндік. Оны дамыған елдер тәжірибесінен де аңғаруға болады. Жиын соңында ел экономикасын арттырып, әлеуетін жақсартатын цифрландыру жүйесі тек ауылшаруашылығымен шектелмейді. Ол барлық саланы қамтиды. Сонымен қатар, 2018 жыл кәсіпкерлік жылы болғандықтан, шағын және орта кәсіпкерлікті де дамыту алдағы айқын мақсаттардың бірі деді аудан басшысы.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.