Чехия кәсіпкерлері Қарағанды облысымен ынтымақтастық орнатуға ниетті
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыға Чех Республикасының кәсіпкерлері келіп, екі ел арасындағы серіктестікті әрі қарай дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Болашақта Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге өтіп, тауар айналымының көлемі артпақ.
Қарағандыға Чех Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл бастаған чехиялық кәсіпкерлер келді. Чех кәсіпкерлері тау-кен өндірісі мен сауда-экономикалық салаларындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.«Қазақстан - біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз. Екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі жоғары, бұл көрсеткіш өткен жылы 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткен болатын. Оның ішінде 600 млн - мұнай импортына тиесілі. Мұнымен қатар, электртехника желісі, транспорттық жабдықтар жеткізу сияқты басқа да бағыттарда жұмыс істейміз. Осы жолы менімен бірге 10 чех компанияcының өкілдері келді. Олар әртүрлі салада, оның ішінде өнеркәсіп саласында ынтымақтастықты жолға қоюды жоспарлайды. Қарағанды облысына өнеркәсіптік жабдықтар мен мүйізді ірі қараны тасымалдауды қолға алуға мүдделі. Сондай-ақ, кәсіпкерлер азаматтық авиация саласында ынтымақтастық орнату жобасын да ұсынады. Біз Қарағанды облысына «Балапан» әуе мектебіне арналған ультра жеңіл ұшақтарды жеткізу жобасын ұсынып отырмыз», - деді елші Рудольф Гикл.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша қазіргі уақытта аймақта чех серіктестерімен бірлесе жұмыс жасайтын 7 кәсіпорын бар. Шетелдік инвесторлар көтерме және бөлшек сауда, электр желісімен қамтамасыз ету, қаржыландыру, сақтандыру ісі сияқты салаларда жұмыс істейді.
«Кәсіпкерлікті дамыту бағытында аймақта барлық шара атқарылып жатыр. Біздің «Сарыарқа экономикалық аймағындағы» өндіріс түрлерінің 90% чех өндірушілерінің қызығушылығын тудырады деген ойдамыз. Чех бизнесмендерімен жұмыс істеуде қазақстандық тарап іскерлік қарым-қатынас орнатуға ниетті. Жыл сайын Чехиядан Қазақстандағы 450 млн доллар көлеміндегі қаржыға жабдықтар әкелінеді. Біздің ойымызша, чех компанияларына жабдықтарды жасауды осы жерде жүзеге асыру керек. Сондықтан да серіктестерге осындай жоба ұсынбақпыз. Себебі, біздің ірі кәсіпорындарымыздың көпшілі өнеркәсіп жабдықтарды Чех Республикасынан алады. Сондай-ақ, тау-кен, машина жасау, тамақ өндірісі және ауылшаруашылық салаларындағы жобаларды ұсына аламыз. Чех кәсіпкерлерімен серіктестік қарым-қатынасты әрі қарай дамытуға дайынбыз», - деді Алмас Айдаров.
Чех Республикасының кәсіпкерлері мен қазақстандық тараптардың кездесуі барысында шетелдік кәсіпкерлер Қарағанды облысындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өзара жоспарларымен бөлісті.