Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери қызметкерлер жаңартылған бағдарламамен баспана ала алады

Әскери қызметкерлер жаңартылған бағдарламамен баспана ала алады


Kyzylorda-news.kz. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлер үшін жаңартылған тұрғын үй бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Енді әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлеріне Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) арқылы баспана сатып алу үшін конкурсқа қатысып, оның қорытындысын күтудің керегі жоқ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Әскери өнімнің" шарттарын жеңілдетті.
Осылайша, 2019 жылдың 2 мамырынан бастап тұрғын үй төлемін алушыларға несие бірыңғай шарттар бойынша беріледі. Яғни, қарыз сомасының 15 пайызын құрайтын ең төменгі бастапқы жарнасы бар салымшылар несиені жылдық 8 пайыздық мөлшерлемемен алатын болады.
Бұған қоса, тұрғын үйді таңдау кезінде ешқандай шектеулер қойылмайды. Несиені жаңа үйден дайын пәтер сатып алуға, үлестік құрылысқа қатысуға немесе қайталама нарықтан баспана сатып алу үшін жұмсауға болады. Тұрғын үйді сатып алу кезінде заем сомасына пәтердің ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын шығындарды қосуға болады.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасына жеке пәтері бар, бірақ өз ведомствосы бойынша тұрғын үйге мұқтаж тұлға ретінде танылған әскери қызметкерлер де қатыса алады.
"Жаңартылған шарттарға сай 16 млн теңгені құрайтын алғашқы несие талдықорғандық әскери қызметкерге берілді. Ата-анасымен тұрған ол енді өз отбасымен бірге жаңа үйдегі 4 бөлмелі кең пәтерге көшетін болады. Біздің болжамға сәйкес, осы жылы қоныс тойын жалпы 4 000 әскери қызметкер атап өтпек. Оларға несие беру мақсатында банк тарапынан 59 миллиард теңге бөлінді", - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

"Әскери өнім" бойынша несие сомасы еліміздің аймақтары мен отбасының құрамына тәуелді тұрғын үй төлемдерінің мөлшері бойынша есептелінеді. Яғни, отбасы құрамы неғұрлым үлкен болса, тұрғын үй де соғұрлым үлкен болады. Сондықтан, әлі де өз отбасын құрмаған әскери қызметкерлер мен балалы болуды жоспарлаған отбасылардың пәтер сатып алуға асықпағандары жөн. Дәл қазіргі кезде олар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта тұрғын үй төлемдерін жинап, алдағы уақытта жылдық 3,5-5 пайыз мөлшерлемемен қарыз алу аса тиімдірек.
Еске салайық, өткен жылы әскери қызметкерлердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану механизмі өзгерген болатын. Яғни, олар енді осы төлемдерді тек жалға алған біреудің пәтеріне төлемей, өзінің жеке баспанасын сатып алуға жұмсай алады. Әскери қызметкерлерге қолдау көрсету мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қаражат бөліп, олар үшін 2025 жылға дейінгі жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп шығарды.
Сондай-ақ, банктегілердің мәліметінше, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап "Әскери өнім" бағдарламасына 2 500 адам қатысты. Тағы 70 мың әскери Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашып, өздерінің тұрғын үй төлемдері есебінен қаражат жинап жатыр.
04 мамыр 2019 ж. 716 0