Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСІРТКІ ЕГІП ҚОЛҒА ТҮСКЕН КӨП

ЕСІРТКІ ЕГІП ҚОЛҒА ТҮСКЕН КӨП


Өңірде заңсыз есірткі өсіру өршіп тұр. Оның негізгі шоғыры – Қызылорда қаласы мен Шиелі және Сырдария аудандарында орналасқан.Себебі, Сыр өңірінің климаты сора егуге өте қолайлы. Есірткі уақытылы суарылса, ыстықта жақсы өседі екен. Дегенмен, бұл іспен айналысқандар заңмен жазаланатындықтан, арам пиғылдарын жасырын іске асырады.

Оның үстіне бізде өсірілетін марихуана сапасы өте жоғары бағаланады. Мәселен, Еуропаның Нидерланды елінде марихуананы шегу, «пайдалану» мемлекет тарапынан заңдастырылып, халық жиналатын кафе-барлардың ас мәзірінде беріледі екен. Бізге белгілі мәлімет бойынша сол мәзірде «Кызылординка» атауымен белгілі есірткі түрін ұсынады. Аталған есірткі түрі сапасы жоғары болғандықтан Еуропа тұрғындары тарапынан ерекше сұранысқа ие екендігі белгілі болған. Міне, осы себепті де облыста есітркі өсіруге бейімділер қатары азаймай отыр.
Аталған өсімдіктің бір келісі 300 мыңнан 1,5 млн. теңгеге дейін бағаланады. Көлемі 3 млн. га жерден асатын ауданның өзінде жыл сайын қаншама сора өсімдігін өсіретін қылмыскерлер ұсталып жатады. Әдейілеп адам аяғы баспайтын тасада қылмыстық әрекетін іске асыратын тұрғындар егін басына жер астынан 3 бөлмелі кепеге дейін салып қойғаны белгілі болған. Биыл жылдың 3 айы ішінде есірткіге байланысты 5 дерек анықталып отыр. Әрине, қылмыстың алдын алу шаралары мен жою жұмыстарын жүргізуде тиісті органдар кемшін қалып жатқан жоқ. Ол үшін арнайы 2 дрон құрылғысы да алынған. Десе де, қулығы асқан қылмыскерлерді тоқтату оңай болмай тұр.
Ел ішінде есірткіге тәуелді жасөспірімдер саны 5 мыңға жеткен. Ал, ең жас нашақор – 12 жаста. Иә, масқара дерсіз. Біз де бұл ақпаратты бейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен есірткі бизнесіне қарсы күресте мүдделі органдармен атқарылып жатқан шаралар жөніндегі ведомствоаралық көшпелі мәжіліс барысында естіп, жағамызды ұстадық. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ашып, жүргізіп отырған жиынға облыс прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев бастаған бірқатар облыстық уәкілетті орган қызметкерлері, аудан әкімі орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері және полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Мәжіліс барысында бірқатар мамандардың баяндамалары тыңдалып, соған сәйкес тапсырма, ұсыныс білдірген Т.Әлібаев:
– Сора өсімдіктерін өсіру үшін жер учаскелерін дайындаумен айналысатын тұлғаларды анықтау шаралары бастапқы кезеңде қабылдану қажет. Сондықтан, кент, ауылдық округі әкімдері, аудандық жер қатынастары, полиция бөлімдері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткен жөн. Сонымен қатар, ішкі істер органдары есірткі заттарын қолдануға байланысты қылмыстарды ғана емес, оларды әкелу және сату қылмыстарын әшкерелеумен белсенді айналысу қажет. Полиция бөлімі мен өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, есірткі заттарын таратумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтауда пәрменді шаралар қабылдауы тиіс, – деді.
Есірткімен күресті бір ғана тәртіп сақшыларына артып қоюға болмасы белгілі. Оған ел болып қарсы тұрғанда ғана нәтиже болмақ. Сол себепті де, аудан әкімі өңірдегі 295 шаруа қожалығының басшыларына өзіңе тиесілі жерді қатаң қадағалауда ұстап, қандай да бір заңсыз әрекет болдырмау мақсатында келісімшарт жасалатынын хабарлады.

Г.ЯХИЯ.
06 сәуір 2019 ж. 977 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930