ЖҰЛДЫЗДАРДЫ ЖАНДЫРҒАН «ЖҰЛДЫЗАЙ»
Жуырда ерекше білім беруде қажеттіліктерге ие балаларға арналған ХIV «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалі өтті. «Арман» мәдениет үйінде аудандағы психологиялық-медициналық-педогогикалық кеңес және психологиялық-педогогикалық түзету кабинеті мамандарының ұйымдастырған мәдени шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов ашып, балаларға ыстық ықылас пен сәттілік тіледі.
«Жұлдызай» фестивалі – 2005 жылдан бастап ҚР білім және ғылым министрлігінің, дүниежүзі қазақтар қауымдастығы және облыстық әкімдіктердің қолдауымен «ВІ – Жұлдызай» коорпоративтік қорының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп келеді. Фестивальдің мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, таланттарын ояту, жүректеріне сенім ұялату.
Биыл фестивальға 26 бала қатысты. Әрқайсысы үлкен дайындықпен әкелген ән, би, қол өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Фестиваль Ақмаржан Ерболатқызының әсем әнімен басталды. Ақсезім Әділхан, Нысанәлі Шайхыслам және Нұрұл Нұриддин өнері көрерменнің ыстық ықыласын оятты. Сондай-ақ, Рахман Асылхан, Назерке Құрманғали сахнаның сәнін келтірсе, Анеля Нәрзілда көркем сөзден көрерменге шашу шашты.
Бұл байқауда әрбір қатысушы жеңімпаз. «Жұлдызайға» қатысушы балаларды аудандағы атымтай жомарт демеушілер қолдап, сый-сияпаттарын жасады. Фестивальды қорытындылау үшін сахна төріне ПМПК мекемесі меңгерушісі Г.Тымбаулиева мен ППТК мекемесінің меңгерушісі С.Зейнабилова және «Үміт» мүгедектер қоғамдық қорының төрағасы А.Смайлов шығып, балаларға жүрек жарды лебіздерін білдіріп, барлық қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар үлестірді.
Балалар тағдырдың жазуымен мүмкіндігі шектеулі болса да, шексіз мүмкіндіктің иесі екенін дәлелдеуге қауқарлы. Олар шетінен талабы биік талантты бүлдіршіндер. Қатысушылар келесі жылға дейін «Жұлдызайды» тағы да тағатсыздана күтеді. Себебі, аталған фестиваль өмірге құштар балалардың өнерін шыңдап, бойындағы талантын ашуға деген үлкен алаңға айналған.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.