Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр елдің салты басқа: Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алады

Әр елдің салты басқа: Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алады


Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі қазақ халқы үшін кезекті жылдың есігін ашып, жұртымыз жаңа жылмен бірге, елдегі соңғы жаңалықтарды ескерсек - жаңа кезеңге аяқ басқалы отыр. Тәуелсіздіктің жаршысы іспеттес қазаққа қайтып келген Наурыз мерекесінің ұлтымыз үшін маңызы ерек. Ал енді әлем елдері жаңа жылды қалай тойлайды? Қ Полицейлер Петропавл тұрғындары үшін наурыз көже мен бауырсақ әзірледі Наурыз мейрамы қазақ ұлтын қайта оятты - Дәулет Әбенов Мажарстанда көктем мерекесі - Наурыз тойланды Ирандағы «Норуз байрамы» Жаңа жылды Иранда мұсылман күнтізбесімен көктемде, яғни 22 наурызда тойлай бастайды. Жаңа жылды Иранда Норуз, ал көктемнің алғашқы айын Фавардин деп атайды. Жаңа жыл келместен бірнеше апта бұрын ирандықтар бидай, арпа немесе жасымық өсіріп, оларды үйін дәстүрлі түрде әрлеу үшін қолданады. Бидай гүлденудің, өркендеудің белгісін білдіреді. Бидай 13 күн үйде сақталады да, жаңа жыл қарсаңында өзенге шашылады.   Өтіп бара жатқан жылдың соңғы сәрсенбісінде Иранда ескі дәстүр бойынша көшеде от жағады. Ирандықтардың сенімі бойынша алау жаңа жылда бақыт әкеледі деп сенеді. Ирандықтардың ескіден қалған нанымына сай, жаңа жыл алдында жер бетіне бабалалардың рухы түседі. Ал түнде барлық тілектердің орындалуы үшін дәстүр бойынша жаңғақ пен жемістен араластыра жасалған ерекше тағам әзірленеді. Жеті саны Иранда қасиетті саналады. Жаңа жыл алдында ирандықтар үйін тап-тұйнақтай жинап, мерекені жаңа киіммен қарсы алады. Жаңа жылда жайылған дастархан - Хавт-син деп аталады. Ежелгі дәстүр бойынша хавт-синда жеті түрлі тағам қойылуы тиіс. Дастарханға міндетті түрде шам қойылады. Бұл - оттың белгісі. Ал әртүрлі түске боялған жұмыртқалар - Жер-ананың символы. Үстелде айнаның болуы әлемнің әртүрлігігін білдіреді. Бұған қоса ирандықтардың жаңа жылдық дастарханында міндетті түрде Құран кітабы қойылуы тиіс. Жапондар жаңа жылда 108 бәлені қуады Жапонияда жаңа жыл - мемлекеттік мереке мәртебесіне ие. Григориан күнтізбесі бойынша жыл сайын 1 қаңтарда тойланады. Айта кетерлігі, күншығыс елінде Григориан күнтізбесі 1873 жылы, яғни Мейдзи рестарациясынан 5 жыл өткеннен кейін қабылданған. Міне, содан бері қаңтардың алғашқы күні - Жапониядағы ресми жаңа жылды тойлау күні. Жаңа жылда жапондар өз үйлерін бамбукпен, өрік және шырша бұтақтарымен әшекелейді. Осы әрлеу арқылы жапондар молшылық, ауқаттылық пен махаббат келеді деп сенеді.   Жаңа жыл алдында жапондар міндетті түрде ғибадат орындарына барып, құдайдан бақыт пен денсаулық сұрайды. Ал жаңа жыл түні бір-біріне гүл сыйлап, бұл құрметтері сәттілік әкеледі деп сенеді. Жаңа жылдың келгені туралы Жапонияда қоңыраудың 108 мәрте соғылуынан білесіз. Буддалық сенім бойынша, адамды 108 зиянды уайым айналсоқтап жүреді. Міне, қоңыраудың 108 мәрте соғылуы - сол 108 бәлені қуудың амалы саналады.   Кубалықтардың басты сыйы - кубалық ром мен сигара Куалықтар жаңа жылда қалай көңіл көтеру керектігін біледі. Кубадағы жаңа жыл - ерекше салты бар, жарқын мереке. Кубада жаңа жылда терезеден су шашу негізгі дәстүрлердің бірі есептеледі. Ол үшін кубалықтар алдын ала үйдегі барлық ыдыс-аяқтарды суға толтырып қояды екен. Ал кеш батқанда судың бәрі сыртқа шашылып, бұл дәстүр жаңа жылда жолдың жарқын болсын деген тілекті білдіреді. Шыршаның орнына пальмаларды, кактустар мен араукарияларды әрлеу, бетпердемен өтетін карнавалдар - кубалықтардың жаңа жылдағы дәстүріне айналып кеткен.   12 сағаттың ішінде 12 жүзім жеу арқылы ондағы халық өткен жылдың әр сәттерін еске алады. Желінген әр жүзім сайын бір тілек тіленеді. Кубалықтар ең соңғы жүзімді - ең тәтті тілекке қалдырады. Жаңа жыл кешінде балалар Аяз аталардан - кубаша Вальтасар мен Гаспардан, Мельхиордан сыйлық алады. Үлкендерге бұл күні дәстүрлі түрде кубалық сигаралар мен әйгілі кубалық ром тарту етіледі. Хувентуд аралының жағажайынан теңіздің қара құмының бір уысына қол жеткізу жаңа жылда балықшылар үшін ерекше ырым. Кубалықтар 1 қаңтарға келетін «Liberation Day in Cuba» (Еркіндік күні) күнінде қыдырыс жасап, міндетті түрде шерулетеді. Рождествоға Кубада жылдар бойы тыйым салынып келген. Тек 1998 жылы Рим Папасының өтінішінен кейін ел билігі бұл мейрамды атап өтуді ашық деп жариялады. 30 жылдық коммунистердің билігі бұл мекеннен христин дәстүрлерін ығыстырып шығарып, оның орнын афро-азиялық салт-дәстүрлер толтырды.   Отшашумен пері қуған қытайлар Қытай елі Жаңа жылды (Қытайша Шун зе) ақпан айында қарсы алады. Жаңа жылды көктемде қарсы алуды Қытай елі 2 мың жылдан бері дәстүр етіп келе жатыр. Көршілес ел үшін жаңа жыл - көктем мерекесі. Қытайда да әрбір жыл 12 жануарға арналған.   Бір қызығы, қытайлар жаңа жылда міндетті түрде қызыл киім киюге тырысып, үйі мен көшелерінің қып-қызыл түске боялғанын қалайды екен. Қытайлардың сенімі бойынша, отшашулар мен шартылдақтар перілерді қуып, сәттілік әкеледі. Көршілеріміз жаңа жылда міндетті түрде үйін тазалап, бақытқа арнайы орын дайындайды. Жаңа жылға дейінгі соңғы түнді қытайлар «айырылысудан кейінгі кездесу түні» деп атайды. Олар үшін дәл осы түн - жылдың ең маңызды сәті. Жаңа жыл алдындағы осы түнде қытайлар мерекелік үстелде бас қосады. Жаңа жыл кешіндегі кешкі аста міндетті түрде тауық еті, балық пен «доуфу» - соя ірімшігі болуы керек.   Грекия: «Әмияныңыз осы тастай үлкен болсын» Гректер жаңа жылды ерекше мереке санатына жатқызып, ежелгі дәстүрлер бойынша барынша атап өтуге тырысады. Грекиялық жаңа жылды атап өтудің басты ерекшелігі - тас сыйлау. Мереке күні туған-туыстары мен достарына қонаққа барған адамдар міндетті түрде өзімен бірге сыйға тарту үшін тас алып (неғұрлым үлкен) жүреді. Қонаққа келетін үйіне келген кезде гректер әлгі тасты үйдің тура табалдырығына тастайды. Мұндағы тілек - үй иесінің әмияны осы тас секілді үлкен болсын дегені.    Жаңа жыл түнінде бүкіл отбасы жарықты сөндіріп, үйдің кіреберісіне шығады да, табалдырыққа анар жемісін ұрып жарады. Анардың дәні бүкіл аулаға шашылып кететіндей табалдырыққа қатты ұру керек. Дән көп шашылған сайын - тиының көп болады. Балалар осы кезде аулаға жүгіріп шығып, анардың үлкен дәндерін жинап алады. Осы дәстүр Грекияда «Έσπασε το ρόδι», яғни «Анарды жарды» деп аталып, кез келген істің сәтті басталғанын білдіреді. Жаңа жыл мерекесі күні гректер үйіне оң аяқпен кіреді. «Анарды жарғаннан» кейін бәрі үйге оң аяғымен кіріп, мерекені жалғастырады. Грекияда балалардың өз Аяз атасы - Св. Василий бар. Гректер міндетті түрде жаңа жылдық дастарханға 9 түрлі тағамды қоюы тиіс.   Гренландия - жаңа жылдық дәстүрлер тоғысы Гренландия - инуиттер (арктикалық халық) мен аздаған еуропалықтар (көбі дат) қоныстанған солтүстіктегі ел. Гренландиядағы дәстүрлер тоғысы - Жаңа жылды қарсы алудың бірегей дәстүрін қалыптастырған. Гренландияда жаңа жылда ерекше сыйлық алуға болады. Мұздан айрықша ойылып алынған аюлар мен морждардың, еліктердің бейнесі ұмытылмас сыйлық болары хақ. Мұндай сыйлықтарды Гренландияда ұзағынан сақтай аласыз. Себебі, ол жақта жылдың басым уақытын кәрін төккен «кәрі құда» қонақтап алған. Мұзды сыйлықтан бөлек, гренландиялықтар бір-біріне морждың азу тісін, итбалықтың терісінен тігілген қолғапты, ұлттық киімдерді, әсіресе жылы киімді сыйлауға тырысады. Балалардың жаңа жылда өз Аяз атасы - Юлетомте атасы құттықтайды.   Гренландиялықтар жаңа жылдық дастарханды бірнеше апта бұрын әзірлей бастайды. Мәселен, кивиак асының дайындалуы ерекше. Ол үшін ауланған итбалықтың басы жеке бөлініп алып, денесіне қауырсын-жүні жұлынған шағалалар толтырылады да, жеті ай бойы мәңгі мұзға тасталады. Осы жеті айдың ішінде шағаланың еті итбалықтың денесін ірітіп, араласып кетеді. Жаңа жылда кивиак қазылып алынып, үстелге қойылады. Дәмі өткір әрі ескі ірімшіктікіндей болады. Гренландиялықтардың жаңа жыл мерекесінде құшырлана жейтін тағы бір асы - іріген акуланың еті. Ол үшін алып гренландиялық акула ауланып алынып, бірнеше ай бойы ол да мұзға тасталады. Шеттен келген кісі үшін әлбетте, үшбұрыштала туралған, иісі ірімшікке ұқсас бұл ас тартымды көрінбеуі әбден мүмкін. Дәстүрлі әрі экзотикалық безендіру: терезеге жапсырылған рождестволық жұлдыздар, шырша, шам мен гирляндтарты дәстүрлі еуропалық сипатпен салыстыруға болады. Ал сабын тастар мен ағаштардан ойылып жасалған морждар мен итбалықтардың мүсінін, инуиттердің құдайының мүсінін әлемнің басқа жерінен кездестіре алмайтыныңыз анық. Бұл сыйлықтардың бәрі де гренланиялықтардың сенімі бойынша сәттілік әкеледі.    Мажарстандағы бәлені ала кетер «Сабан Джек» Мажарстанда алдымен Қарашен (Рождество) тойланады. Осынау салтанатты мерекеден кейін мажарлар Жаңа жылдық кешті де лайықты атап өтуді ұмыт қалдырмайды. Келіп жатқан жаңа жыл сәттілікті көптеп әкелуі үшін мажарлар жылдағы дәстүрді орындап, «Сабан Джек» атты тұлыпты өртеуі керек. Бірақ, өртемес бұрын мажарлар Джекті бүкіл көшелердің бойымен көтеріп алып жүріп, өткен жылдан қалып бара жатқан қаладағы барлық бәле-жаланы жинап алады. Осыдан кейін Джек отқа оранып, өзімен бірге барлық белін алып кетеді-мыс.   Мажарлар жаңа жыл дастарханына тауық етін қоюды жаман ырымға балайды екен. Олардың пайымдауынша, тырнақтары өткір тауық кісі баласынан бақытын тартып алуға қауқарлы. Тауықпен бірге осы мереке кезінде мажарлар күркетауықты да жемейді. Себебі, ол құс та наным бойынша адам баласына қайғы әкелуі мүмкін. Нан - жаңа жыл мерекесінің басты тағамдарының бірі. Нанды мажарлар дастарханға шағын бөлікпен кеседі. Олай етпесе, жаңа жылда бақыт келмейді деген ырым бар.   Бразилиядағы қайық үстіндегі ақжарма тілек Бразилиядағы жаңа жыл - жазғы мереке. Себебі, 31 желтоқсанда Бразилияда күн шыжып, жағажайларда нағыз жаздың жаймашуағын тамашалай аласыз. Мереке басталмай біршама уақыт бұрын Бразилиядағы көшелердің бәрі де шамдармен, гирляндтармен безендіріліп, шыршалар орнатылады. Көптеген елдерде жаңа жыл отбасылық мереке ретінде аталып өтсе, Бразилияда жаңа жылдың тойлау сипаты өзгеше. Мұнда керісінше, дос-жарандардың бәрі шулы топ-топ болып бірігіп, мейрамханаларда, түнгі клубтарда жиналады. Бразилиялықтар жаңа жылды бимен, әнмен қарсы алады. Бразилиялықтардың жаңа жылдық өзіндік дәстүрлері бар. Мысалы, жаңа жыл түнінде оларды қызық бір ритуал бар: бразилиялықтар 12 жүзім жеп, тілек тілеуі керек. Жаңа жылға санаулы сәттер қалғанда бразилиялықтар секундтарды дауыстап санап, соңғы сәтте аспанды отшашулар жауып кетеді.   Бразилиялық жаңа жылдың ерекшелігі - африкалық салттар мен салтанаттарға негізделуінде. Әсіресе, Бразилияның жағажайларында, Рио-де-Жанейрода африкалық мәдениеттің іздерін айқын аңғаруға болады. Жаңа жылда бразилиялықтардың сенімі бойынша аруақтардың қаһарын бәсеңдету дәстүрін орындауы керек. Сол себепті, әр бразилиялық африкалық әйел құдай - Иманжеге құрбан сыйларын беріп, тәу етуі керек. Ағаш қайықтағы жанып тұрған шамдар теңізге жіберіліп, тілек тіленеді. Шам неғұрлым алысқа барып, өшпегенше - тілектің орындалу мүмкіндігі де мол.   Фотосуреттер интернеттен алынды
24 наурыз 2019 ж. 1 541 0