Еңбегі көптің өнбегі көп (Бейнерепортаж)
Газеттің осыған дейінгі сандарынан байқағандарыңыздай, «Өскен өңір» ұжымы ауданға қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігін зерттеп, ауылдардың бүгінгі бет-бейнесімен қатар ондағы шаруа қожалықтары мен түрлі саладағы еңбек адамдарын оқырман назарына айшықтап көрсетуді жалғастырып келеді. Бүгінгі әңгімемізге Төңкеріс ауылдық округіндегі «Төңкеріс и К» шаруа қожалығы арқау болмақ.
«Төңкеріс и К» шаруа қожалығы 2015 жылы тұқым шаруашылығы болып ашылып, жыл сайын 1000 га аумаққа егін егуде. Биыл егін алқабында 400 га жоңышқа, 200 га мақсары, 160 га бидай егілген. Ресейден арнайы алынған «янтарь», «лидер», «фаворит» күріш сорттары тағы бар. 115 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық жаңа заманауи техникалармен жабдықталған.
– Өткен жылы гектарынан 60 центнер өнім алсақ, бұл жылы 70 центнерден жинау жоспарлануда. Өндірілген өнім облыс әкімнің қолдауымен құрылған әлеуметтік корпорация «Байқоңыр» ИПК-ға, яғни инвесторға өткізіледі. Күріш Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді көршілес шет елдерге сатылады. Өнім белгіленген көрсеткіштен көп жиналған жағдайда жұмысшылар жалақыдан бөлек 10 миллион теңгеге дейін сыйақы алады. Алдағы уақытта егістікте цифрландыру қолға алынып жатса, жұмысымыз қазіргіден де өнімді болмақ, – дейді ұжым төрағасы Бауыржан Көпеев.
Ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған өндіріс саласында тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді. Талғат Алдажұманов 40 жылға жуық егістіктегі еңбекке жанын салып келе жатса, Бауыржан Қойшыбаевтың күріш егіп, нәпақасын алқаптан тауып жүргеніне 20 жылдай болыпты. Күрішші Жұмабек Ишанов бейнетін зейнетім деп біледі. Өндіріс бригадирі Жорабек Досовтың да күріш шаруашылығына айтарлық маңдай тері сіңген.
– 2015 жылы осы бригадаға есепші болып жұмысқа тұрдым. 2 жылдан кейін бригадирлік қызметке кірістім. Мінекей 3 жылдан бері бригадирмін. Биылғы өнім жаман емес, күріш шығысы жақсы. Жақын күндері суын байлап, қырманды дәнге толтырамыз, – деген ниетін білдірді тәжірибелі бригадир.
Тұңғыш Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында адамды адам еткен еңбек екендігі айрықша айтылып, бар игіліктің бастамашысына баланады. Расында халыққа нағыз насихатталуы керек тұлғалар елеусіз жүрген қарапайым жұмысшылар емес пе? Қолы кірлесе де, адалдықтың ақ туын кірлетпеген құрметке лайық тұлғаларды тануымыз тиіс. Осы тұста қожалықтың еңбек адамдарына жылы шыраймен дәмді ас ұсынып отырған аспаз Қалдыгүл Сенбекованы айтпай өтпеске болмас. Күрішшілер, механизаторлар, көлік жүргізушілері ауқаттанатын арнайы тамақтануға арналған үйге егін науқаны кезінде күніне 40-тан астам адам тамақ ішіп, бір сәт дем алып, күш жинауға келеді. Жасы 60-тан асқан аспаз апаның №2 өндіріс бригадасында тамақ дайындап, науқан кезеңінде екі мезгіл ыстық тамағы мен қолдан піскен таба нанын, шайын ұсынып жүргеніне 20 жылдан асыпты.
– Жаздың аптап ыстығында егінмен айналысу оңай еместігін білемін. Өнімді жұмыс істеу үшін бойда күш-қуат болу керек. Ол үшін әрине, дұрыс тамақтану маңызды. Күнделікті уақытым асханада өтеді, бар күш-жігерімді салып, дәмді ас ұсыну өзіме ұнайды. Адал еңбек пен тиянақты тірліктің арқасы шығар, бірыңғай ер адамдардан құралған ұжым жұмысшыларынан ешқандай арыз-шағым түскен емес, – дейді тәжірибелі аспаз.
«Тату үйдің тамағы да тәтті» демекші, таңертеңгілік уақыт пен кеш қарайғанға дейін жалғасатын тынымсыз тірлікте қолынан келгенін аямай, ынта-ықыласымен жұмыс істейтін ұйымшыл ұжымның қызметкерлеріне куә болдық.
Мақтауға әбден лайық ұжымның басшысы Бауыржан Көпеев біздің шығармашылық топты егін алқабымен таныстыру барысын өзі бастап жүрген болатын. Қарамағындағы еңбек адамдарымен астарлы әзілі жарасқан адал басшы бізге берген сұхбатында:
– Өңірдегі осындай шаруашылықтың дамуына титтей де болса үлес қоссақ, азаматтық борышымыз сол болмақ. Төккен тер өзін ақтап, өніміміз биыл да өтімді болады деген ойдамыз. Адал шаруалардың арқасы болса керек, басқа шаруа қожалықтарымен бәсекеге қабілеттіміз. Бәсеке бар жерде өсу, даму бар, – деді.
«Еңбек түбі – береке» демекші, жердің бабын тапқан адам игілігін де көреді. Ауылдағы ағайынның еңбегімен ері, өнімімен жері сыйлы екеніне куә болған «Өскен өңірлік» ұжым тіршілік атаулының құтты қонысы табиғат ананың бізге берері таусылмасын деген тілекпен редакцияға аттандық.
Назерке
МҰХАМЕДИЯРОВА